Технологиялық прогреске қадам басқан кезеңде оқушылар әрбір пәнді базалық деңгейде меңгеруі тиіс – Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова

Технологиялық прогреске қадам басқан кезеңде оқушылар әрбір пәнді базалық деңгейде меңгеруі тиіс – Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова

Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ауыл әкімдерінің диалог-платформасының «Әлеуметтік саясат: азаматтардың әл-ауқаты және адами капиталды дамыту» панельдік сессиясында мектептерде пәндерді біріктіріп оқыту жөніндегі ұсынысқа қатысты өз пікірін білдірді.

Кездесуде мектептердің инфрақұрылымы, балалардың қауіпсіздігі, мұғалім кадрлардың біліктілігін арттыру, білім мен тәрбие сапасы, материалдық-техникалық жарақтандыру жөніндегі білім беру жүйесіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды, оның ішінде қазіргі уақытта апробациядан өтіп жатқан мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартындағы пәндерді біріктіріп оқыту жөніндегі мәселе де көтерілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен білім саласының дамуына серпін берген ауқымды реформалардың жүзеге асырылып жатқанын, оның ішінде білім беру жүйесі технологиялық прогреске қадам басқанын атап өткен Жұлдыз Сүлейменова, пәндерді біріктіріп оқыту жөніндегі ұсынысты қайта қарауға әзір екенін айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес білім саласындағы ең өзекті және басты міндет – балалардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ету. Пәндерді біріктіріп оқыту жөніндегі ұсыныс жан-жақты зерделеуді қажет етеді деп есептеймін. Білім жүйесі технологиялық прогреске қадам басқан кезеңде оқушылар әрбір пәнді мектепте базалық деңгейде меңгеруі тиіс, сондықтан министр ретінде мақсаттары мен тақырыптары бөлек бұл пәндердің әрқайсысын жеке пән ретінде дербес оқытуды қолдаймын», - деді оқу-ағарту министрі.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген жаңа оқу стандарты пилоттық жоба ретінде сынақтан өтуде. Оған сәйкес алгебра мен геометрияны «Математика», химия, физика, биология пәндерін «Жаратылыстану ғылымдары», ал дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін «Әлеуметтік ғылымдар» пәндеріне біріктіру көзделген болатын.

Министрлік өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілетті болып өсуі үшін білім беру бағдарламаларының еңбек нарығының талаптарына сәйкес әзірлеу, балалардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында бұл мәселеде педагогикалық қауымдастықпен және білім саласының сарапшыларымен егжей-тегжейлі зерделеу жүргізуге мүдделі.