Кәсіподақтар педагог мәртебесі мен құқықтарының қорғалуына қоғамдық бақылауды күшейтуі тиіс - Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова

Кәсіподақтар педагог мәртебесі мен құқықтарының қорғалуына қоғамдық бақылауды күшейтуі тиіс - Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова

Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашеваны қабылдады.

Кәсіподақ төрағасы сала қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау бағытында жүзеге асырылған жұмыстар туралы баяндады.
Министр бұған дейінгі еліміздің белсенді педагогтерімен кездесуінде, олардың тарапынан көтерілген кәсіподақ базасында педагогтер үшін байланыс орталығын құру, педагог-омбудсмен штат бірлігін енгізу, білім беру ұйымдарындағы техникалық қызметкерлер үшін 30 күн еңбек демалысын енгізу және сауықтыру төлемақысын төлеу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді және бұл мәселелерді бірлесіп талқылауға әзір екенін білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев педагогтердің қоғамдағы рөлін нығайту, мәртебесін арттыру, құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөнінде бізге нақты міндеттер жүктеді. Бүгінгі таңда «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізілуде. Кәсіподақтар педагог мәртебесі мен құқықтарының қорғалуына басымдық беруі және бұл бағытта қоғамдық бақылауды күшейтуі тиіс», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сондай-ақ министр педагог мәртебесіне нұқсан келтірілген және құқықтары жиі бұзылған өңірлер бойынша сараптамалық ақпарат әзірлеуді тапсырды.

Айгүл Мұқашеваның айтуынша, кәсіподақтар 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасының орындалуына 1889 қоғамдық бақылау жүргізіп, еңбек заңнамасы бойынша 3222 құқықбұзушылық дерегін анықтаған. Оның ішінде 632 бұзушылық еңбекақының дұрыс төленбеуіне, 404 - жұмыс және демалыс режимінің сақталмауына қатысты.