
Бүгін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдау Министрліктер үйінде орналасқан Азаматтарды қабылдау орталығында өтті. Өңірлердегі азаматтар үшін ZOOM-платформасында онлайн қосылу ұсынылды. Қабылдауға Батыс Қазақстан, Жетісу, Атырау, Алматы, Қостанай облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан шамамен 10-ға жуық қазақстандық қатысты.
Кездесу барысында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша, арнайы және инклюзивті білім беру салаларын қамтитын түрлі мәселелер көтерілді.
Азаматтар білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмысына, педагогтердің сағаттық жүктемесіне, біліктілік санаттары мен мұғалімдерді әлеуметтік қолдау шараларына қатысты сұрақтарын қойды. Сонымен қатар педагогикалық әдеп кеңестерінің қызметі, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жағдай жасау, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқулықтардың сапасы және білім мазмұнын жаңарту тақырыптары да қамтылды.
Министр әрбір азаматтың өтінішін тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша тиісті құрылымдық бөлімшелер мен өңірлік білім басқармаларының, аумақтық сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге берілген тапсырмалардың орындалуын жеке бақылауға алатынын атап өтті.