
Бүгін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова орта білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға атсалысып жүрген Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Басқосуда министрлік жанындағы Оқу-ағарту және балалардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің 2023-2025 жылдар аралығындағы жұмысы қорытындыланды.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан Оқу-ағарту және балалардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес саладағы азаматтық белсенділікті жандандыру мақсатында құрылған болатын. ҚР Президенті Қажым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында: «Кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуеті бар. Соны толығымен жүзеге асыру керек» деген тапсырма берген еді. 2023 жылдан бері орта білім саласындағы қоғам белсенділері ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттырудан бастап, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз етуге дейінгі мәселелерді қамтыған 26 отырыс өткізді.
Сала белсенділерімен кездесу кезінде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еліміздегі қоғамдық бақылау институтының мемлекет үшін маңыздылығына тоқталды. «Қоғамдық бақылау туралы заң бүгінде мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ашық диалог алаңын қалыптастыруға ықпал етіп отыр. Қоғамдық кеңес қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға септігін тигізді. Барлығыңызды бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыруға шақырамын», – деді Оқу- ағарту министрі. Сонымен қатар, сала министрі қоғам белсенділеріне алғыс хаттар табыс етті.