
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжінің «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының 27 студенті Түркия Республикасының Анталия қаласында өндірістік тәжірибеден өтті - деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Өндірістік тәжірибе барысында студенттер теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, халықаралық деңгейдегі қонақүй және мейрамхана бизнесінің жұмыс жүйесімен танысты. Анталия қаласында өткен тәжірибе кезінде олар әйгілі қонақүйлер мен мейрамханаларда тағам дайындау, ас мәзірін жоспарлау, қызмет көрсету бағыттары бойынша тәжірибе алмасты.
«Бұл тәжірибе студенттерге кәсіби шеберліктерін арттыруға, шетелдік жұмыс ортасында тәжірибе жинақтауға және болашақ маман ретінде өз қабілеттерін шыңдауға үлкен мүмкіндік берді Қазіргі уақытта студенттердің құрылыс бағытында өндірістік тәжірибеден өтуі үшін Өзбекстанмен келіссөздер жүргізілуде», - дейді Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін интернационалдандыру стратегиясы аясында кадрларды даярлау сапасын арттыру, және отандық колледждерді жаһандық білім беру кеңестігіне енгізуге бағытталған халықаралық бастама жүзеге асырылуда. Оның аясында қазақстандық студенттер мен педагогтердің шетелдерде тағылымдама мен тәжірибеден өтуін қамтамасыз ету қарастырылған.