
Ақтөбе облысының білім саласында жаңа ауқымды бастама «5Б» облыстық жобасы өз жұмысын бастады.
2025-2028 оқу жылдарын қамтитын бұл жоба білім мен тәрбие сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби дамуын қолдауға және оқушылардың жетістігін көтеруге бағытталған.
«5Б» жобасы бес негізгі бағыттан тұрады:
1Б – Бақылау,
2Б - Бағалау,
ЗБ – Болжау,
4Б – Біліктілікті көтеру,
5Б – Білім сапасын арттыру.
Жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезең 2025-2026 оқу жылында Алға, Ырғыз, Әйтеке би аудандарын және Ақтөбе қаласының 10 мектебін қамтиды. Келесі жылдары өзге аудандар да кезең-кезеңімен қатыстырылмақ.
Басты мақсат – білім беру ұйымдарының даму стратегияларын жетілдіру, педагогтерге әдістемелік сүйемелдеу көрсету және оқушылардың оқу жетістіктерін арттыру. Сонымен қатар, жоба аясында мектептердің нақты ахуалына талдау жүргізіліп, әр білім ордасы үшін жеке іс-қимыл жоспарлары әзірленеді.
«5Б» жобасын Ақтөбе облыстық білім басқармасы ұйымдастырып, оған педагогикалық шеберлік орталығы, Назарбаев зияткерлік мектебі, «Білім-инновация» лицейі және бірқатар серіктес ұйымдар қатысуда.
Күтілетін нәтижелердің бірі – мұғалімдердің кәсіби деңгейінің өсуі, оқушылардың білім сапасының жақсаруы, заманауи әдістемелер мен цифрлық технологиялардың оқу процесіне енгізілуі.
«5Б» жобасы – өңірдегі білім сапасын жаңа деңгейге көтеріп, заманауи, нәтижеге бағытталған мектеп моделін қалыптастыруға арналған кешенді бастама.