
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Министр өңірдің бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, педагогикалық ұжымдармен кездесулер өткізді.
Әсіресе, білім сапасын арттыру, шағын жинақты мектептерде оқу процесін ұйымдастыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқықтық тәрбие беру, ата-аналардың мектеппен ынтымақтастығы, білім беру жүйесінің қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Министр өз жұмысын Жамбыл, Байзақ аудандарындағы Тоғызтарау, Шоқай, Сарыкемер ауылдарында орналасқан білім беру ұйымдарынан бастады. Білім беру жүйесін жетілдіру, білім сапасын арттыру, оқу процесін тиімді ұйымдастыруға басымдық берген Жұлдыз Сүлейменова әр мектепте педагогикалық ұжымдармен кездесіп, сабақтарға қатысты, оқушылармен сабақ үлгерімдері, білім мен ғылымға қызығушылықтары туралы сұқбаттасты.
«Елімізде Мемлекет басшысының қолдауымен педагогтер мен білім алушылар үшін жайлы әрі сапалы білім беру ортасын құру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жастардың білім мен ғылымға құштар, еңбекқор және ұлттың рухани мұрасын сақтайтын, әлемдік білім бәсекесіне қабілетті Адал азамат болып қалыптасуына білім беру жүйесінің әрбір қызметкері жауапты. Біздің міндет – ауылда да, қалада да бірдей мектеп инфрақұрылымын құра отырып, балалар үшін білімнің жоғары сапасы мен озық білім технологияларын қолжетімді ету», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сапар аясында министр ең алдымен Тоғызтарау ауылындағы Т.Тоқтаров атындағы орта мектепке барды. Мұнда 100-ге жуық оқушы білім алады, көрші ауылдардан қатынап оқитын балалар да бар. Бұл осы аймақтағы шағын жинақты мектептердің бірі. Жамбыл облысында 149 шағын жинақты мектеп бар.
Келесі білім беру нысаны - Шоқай ауылындағы екі жыл бұрын қолданысқа берілген заманауи №3 мектепте 187 бала оқиды. Мектеп заманауи лингафондық, робототехника, еңбекке баулу сыныптарымен жабдықталған. Ал аудандық Өнер мектебінде балалар шығармашылық, техникалық және ғылыми бағытта түрлі робототехника, биотехнология, 3D модельдеу, бейнелеу өнері және музыка үйірмелерінде қосымша білім алуда.
Министр Сарыкемер ауылында өткен жылы қолданысқа берілген 600 орындық «Келешек мектебінде» болды. Шағын ауылдағы заманауи мектепте балалар үшін нақты ғылым саласындағы 3 зертхана, ерте жастан еңбекке бейімдейтін 2 шеберхана, сондай-ақ, компьютерлік кабинет пен коворкинг аймақтары, оқу залдары қолжетімді.
Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменова Тараз қаласындағы Оқушылар сарайын аралады. Мұнда балаларға қосымша білім беру бағытында 85 шығармашылық, зияткерлік, ғылыми-техникалық, спорттық үйірмелер жұмыс жасайды. Бір күнде 2500 балаға дейін орталықта дәрістермен, жаттығулармен қамтылады.
Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында министр балалардың құқықтарын қорғау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған үйлестіру кеңесінің отырысына қатысты.