Техникалық және кәсіптік білім беру

Техникалық және кәсіптік білім беру

2025–2026 оқу жылында 189 мың талапкер қабылданды, оның ішінде 145 мыңы — мемлекеттік тапсырыс бойынша. 9-сынып түлектерінің барлығы машина жасау, IT, энергетика және құрылыс сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқумен қамтылған.

Дуальді білім беру жүйесі бойынша 108 мың студент оқиды, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 135 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Қытай, Германия, Франция, Түркия, Оңтүстік Корея, Финляндия, Канада, Сингапур, Италия, Ұлыбритания және Швейцария колледждерімен академиялық мобильділік, халықаралық салалық аккредитация және стратегиялық әріптестіктің өзге де түрлері бойынша жасалған 50-ден астам халықаралық келісім білім сапасын арттыруға және түлектердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Бұл жұмыстардың барлығы айтарлықтай нәтижелер беруде. Қазақстанның ұлттық құрамасы Данияда өткен Euroskills Herning 2025 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатында жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Команда веб-технология, мехатроника, графикалық дизайн, желілік және жүйелік әкімшілендіру, инженерлік CAD дизайн сияқты 5 бағыт бойынша 7 үздік шеберлік медальонын жеңіп алып, «Ұлт үздігі» аталымында марапатталды.

Жұмысшы мамандарды қолдау мақсатында жеңілдетілген шарттарымен «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. 22 қыркүйектегі жағдай бойынша бағдарлама аясында жалпы сомасы 46,5 млрд теңге болатын 1,9 мыңнан астам несие берілді.