Ақтөбеде алғаш рет климатқа бейім әрі сирек кездесетін тораңғы ағашы отырғызылды

Ақтөбеде алғаш рет климатқа бейім әрі сирек кездесетін тораңғы ағашы отырғызылды

 

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Ақтөбе облысында кең ауқымды тазалау, көркейту және көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл өңірдің  климаттық жағдайына бейім  ағаш түрлерін отырғызуға ерекше назар аударылып отыр.

Осындай ағаштардың бірі – тораңғы. Бұл – шөлейт аймақтарда тамыр жайып, сирек кездесетін әрі төзімді терек түрі. Ақтөбеде тораңғының алғашқы көшеттері облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен әуежай маңында отырғызылды.

«Тораңғы отырғызу – өңірімізді көгалдандыру мен шөлейттенуге қарсы күрестегі маңызды қадам. Табиғатты сақтау мен экологияны жақсартуға бағытталған бастамаларды әрі қарай қолдай береміз. Ақтөбе облысы өмір сүруге қолайлы, жасыл өңірге айналуы үшін бар күшімізді саламыз», – деді облыс әкімі.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтың айтуынша, тораңғы құнарсыз, құмды топырақта да жақсы бейімделеді. Бұл ағаш экожүйеде маңызды рөл атқарады: топырақты нығайтып, эрозияға ұшыраудан қорғайды және жердің шөлге айналу қаупін азайтады.

«Бұл – ерекше өсімдік. Ол суды 15 метр тереңдіктен тартып ала алады және ең қатал климат жағдайы – құрғақшылықта, қатты жел мен температура күрт өзгергенде де өмір сүре береді. Алматы ғалымдарымен бірлесіп, оның жақсы өсіп-өнуі үшін оңтайлы жағдайларды зерттедік. Биыл облыс бойынша 500 тораңғы көшетін отырғызу жоспарлануда. Жалпы күзгі көгалдандыру науқаны аясында сегіз мың түрлі көшет егіледі», – деді Исатай Еспағанбетов.

Айта кету керек, тораңғы Қазақстанның Қызыл кітабына енген.

Өңір үшін сирек кездесетін бұл ағаштың көшеттерін «ҚазақОйлАқтөбе» ЖШС сатып алып, олардың жақсы өсіп кетуі үшін барлық қажетті жағдайды жасапты. Суару жүйесін орнатты, су қоймасын жасақтады, қоршаулар қойды.

«ҚазақОйлАқтөбе» өндіріс жөніндегі бас директордың орынбасары Абдуахит Әбішевтің айтуынша, 500 тораңғы көшетінің 50-і - Байғанин ауданында, тағы 50-і - «Әлібекмола» кен орны маңында, 100-і - Қандыағашта, ал 300-і Ақтөбе қаласында отырғызылады, соның ішінде 100 ағаш әуежай ауданында.

Бүгін ағаш отырғызу шарасына мұнай компаниясының қызметкерлері мен «Жасыл ел» еңбек жасағы қатысты.

«Мұнай саласының өкілі ретінде мен өңір кәсіпкерлері мен әріптестерімді осы маңызды экологиялық акцияны қолдауға шақырамын. Тек біріге әрекет еткенде ғана қаламызды жасыл, таза әрі жайлы ете аламыз. Ақтөбеліктер осы игі дәстүрді жалғастырып, туған жердің табиғатын сақтауға үлес қосса екен деймін», – деді Абдуахит Әбішев.

«Таза Қазақстан» акциясы өңірде жалғасуда және әрбір адамның өз үлесін қосып, өңірімізді жасыл, таза және гүлденген мекенге айналдыруға мүмкіндігі бар.