Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту – Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік реформалардың маңызды бағыты

Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту – Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік реформалардың маңызды бағыты

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен балаларға тең әрі қолжетімді, қауіпсіз орта қалыптастыруға және сапалы білім беруге бағытталған ауқымды әлеуметтік реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

2025 жылдың қаңтарында Лондонда өткен Bett Show халықаралық көрмесінде Қазақстанның инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы жетістіктері жоғары бағаланып, Бүкіләлемдік инклюзивті білім жөніндегі алғашқы Конгресті Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылданды. Бүгін Алматы қаласында өтіп жатқан бұл ауқымды шараға әлемнің 40 елінен 1200-ден астам сарапшы қатысуда.

2021 жылы алғаш рет Президенттің бастамасымен барлық баланың ерекше білім беру қажеттіліктерін ескеретін «Инклюзивті білім беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Бұл заң ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына, олардың құқықтарын қорғауға және мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған заңнамалық базаны айтарлықтай күшейтті. Мемлекет тарапынан инклюзивті білім беру жүйесінде барлық деңгейде оқытуға жағдай жасау кепілдіктері бекітіліп, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мен білім беру қажеттіліктерін бағалау тетіктері енгізілді.

Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің үш деңгейлі моделі, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы стандарт әзірленді. Балаларды білім беру ұйымдарында сүйемелдеу және қолдау мақсатында білім беру ұйымдарының типтік штаттарына жаңа лауазымдар енгізілді. Нәтижесінде, бүгінде мектептерде 10 мыңға жуық арнайы педагог психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетеді, 1000-ға жуық бала жеке көмекшімен қамтылды, балабақшалар мен колледждерде педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған білім беру ұйымдарының үлесі 91%-ға, арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту 85% жетті.

Елімізде ерекше балаларды қолдау инфрақұрылымы қарқынды дамуда. Қазіргі таңда 509 арнайы ұйым, соның ішінде 46 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп, 110 ПМПК, 230 түзету кабинеті, 11 аутизм орталығы және 13 оңалту орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, өңірлерде 1000-нан астам қолдау кабинеті ашылған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен аутизм орталықтарының желісі кеңейтіліп, балаларды туғаннан бастап мамандық алғанға дейін сүйемелдеу тұжырымдамасы бекітілді. Соңғы екі жылда оқу-әдістемелік базаны жетілдіру мақсатында 97 оқулық, 88 типтік бағдарлама және 50 әдістемелік ұсыным әзірленді.

Инклюзивті білім берудің тиімділігін арттыруда цифрландыру маңызды рөл атқаруда. Ұлттық білім беру деректер қорында арнайы модульдер іске қосылып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау жөніндегі мемлекеттік қызметтер толық автоматтандырылды. Бұл жүйе мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланып, процестерді айтарлықтай жеңілдетті. Нәтижесінде, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардағы кезектілік 50 пайызға дейін қысқарды.

Бүгінде Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы әзірленді. Бұл құжат алғаш рет білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының өзара іс-қимылын біріктіретін кешенді тәсілге негізделмек. Мақсат – ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алу, медициналық және әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуін ведомствоаралық үйлестіру қағидасымен қамтамасыз ету.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, адами капиталды дамытуға бағытталған инновациялық тәсілдер әрбір баланың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беріп, қоғамның тең және әділ дамуына жол ашады. Инклюзивті білім беру – Қазақстанның әлеуметтік саясатының жаңа сапалық деңгейін айқындайтын маңызды бағыттардың біріне айналды.