Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев азаматтарды қабылдау орталығында жеке қабылдау өткізді.
Қабылдау барысында азаматтар мектепке дейінгі және орта білім беру мәселелері бойынша сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Оның ішінде білім беру сапасы мен мазмұны, тәрбие жұмыстары және балалар үшін тең білім беру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру мәселелері қамтылды.
Министр азаматтардың өтініштерін тыңдап, әр саладағы өзекті мәселелер бойынша нақты жауап берді. Өтініштер негізінде аталған мәселелерді шешу бойынша тиісті құрылымдық бөлімшелер мен өңірлік басқармаларға тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, азаматтарды қабылдау Мәңгілік Ел даңғылы 8, Министрліктер үйі, 16-кіреберіс мекенжайында орналасқан Азаматтарды қабылдау орталығында өткізіледі. Қабылдау кестесі министрліктің ресми сайтында жарияланған.
Сондай-ақ, азаматтар өңірлік деңгейде білім беру саласына қатысты сұрақтар бойынша тиісті білім басқармалары мен Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттеріне хабарласа алады.