Қазақстанда дарынды балаларды қолдауға арналған жаңа жобалар жүзеге асырылуда

Қазақстанда дарынды балаларды қолдауға арналған жаңа жобалар жүзеге асырылуда

2025 жылы Қазақстанда дарынды балаларды қолдауға арналған бірнеше бастама көтеріліп, жүзеге асып жатыр. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар алаңындағы брифингте Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Алматыда дарынды балалар мен талантты жастарды қолдауға арналған «Үркер» білім беру орталығы салынады. Орталықтың негізгі мақсаты – еліміздің дарынды оқушылары мен жастарға тең мүмкіндік беріп, олардың ғылым, өнер, спорт, технология және кәсіпкерлік салаларындағы әлеуетін дамыту арқылы Қазақстанның интеллектуалдық, мәдени және инновациялық өркендеуіне үлес қосатын жаңа көшбасшылар буынын қалыптастыру.

Оған қоса, Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы дарынды оқушылар мен педагогтерді қолдауға бағытталған SMART Daryn ұлттық цифрлық платформасын іске қосты. Жаңа жоба – оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға, сондай-ақ білім беру процесіне заманауи цифрлық технологияларды енгізуге арналған маңызды қадам. Енді аталған платорма арқылы оқушылар интеллектуалды сайыстарға тіркеліп, оның іріктеу кезеңінен өте алады.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің 2025-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жолдауын іске асыру аясында жаңа бастама – AEROO Space AI Competition инженерлік жарысы бастау алады. Бұл жарыс инженерлік және бағдарламалық шешімдерді жасанды интеллект технологияларымен біріктіруге бағытталған. Қатысушылар заманауи инженерлік тәсілдер мен цифрлық технологияларды қолдана отырып, өздерінің наноспутниктерін әзірлеп, ұшыру мүмкіндігіне ие болады.

Еске сала кетейік, 2022 жылдан бері халықаралық интеллектуалдық сайыстардың жеңімпаздары мен олардың жетекшілері бір реттік ақшалай сыйақы алады. Әрі білім додаларында көк туымызды желбіретіп жүрген жеткіншектерге «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдік үздік ЖОО-ларда білім алу мүмкіндігі берілді. Дарынды балаларды қолдап, олардың қабілеттерін дамыту үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай қадамдар интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеп, балалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасайды.