Қазақстан мектептерінде ата-аналар комитеттерінің алғашқы отырысы өтеді

Қазақстан мектептерінде ата-аналар комитеттерінің алғашқы отырысы өтеді

2025 жылғы 15–20 қыркүйек аралығында еліміздің барлық мектептерінде «Мектеп пен отбасы: тәрбиелі әрі жауапты тұлғаны қалыптастырудағы ынтымақтастық» тақырыбында жалпы ата-аналар жиналыстары ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында жүзеге асырылады.

Негізгі мақсат – мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты нығайту, жайдарлы қарым-қатынасқа негізделген ата-ана мәдениетін дамыту, сондай-ақ әділетті, еңбекқор және жауапкершілігі жоғары ұрпақты тәрбиелеуге бірыңғай көзқарас қалыптастыру.

«Біз адал азаматты тәрбиелеу мектеп пен отбасының тығыз ынтымақтастығынсыз мүмкін емес деп санаймыз. Ата-аналардың оқу-тәрбие үдерісіне белсенді қатысып, мектеппен бірге балаларға ортақ құндылықтарды сіңіруі аса маңызды», – деп атап өтті Тәрбие және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов.

Жиналыстар еліміз бойынша 8 мыңнан астам мектепте 40 мыңнан аса ата-ананың қатысуымен өтеді деп жоспарлануда. Қыркүйек айының соңында және қазан айында аудандық, қалалық және өңірлік деңгейлерде ата-аналар комитеттерінің кеңейтілген отырыстары өтеді. Ал қараша айында «мектеп – ата-ана – қоғам» ынтымақтастығын нығайтудың жаңа алаңына айналатын алғашқы Республикалық форум ұйымдастырылады.

Айта кетейік, бұл жұмыс Қазақстандағы ата-аналар комитеттерінің қызметін жаңғыртуға және тиімділігін арттыруға бағытталған.