Облыс әкімі «Юбилейный» шаруашылығының жұмысымен танысты

Облыс әкімі «Юбилейный» шаруашылығының жұмысымен танысты

Облыс әкімі Берік Уәли Көлденең ауылындағы «Юбилейный» шаруа қожалығында болды.

1996 жылы құрылған шаруашылықта бүгінде 100-ге жуық адам еңбек етеді. Шаруашылықтың жер көлемі 17387 гектарды құрайды. Оның ішінде 5 мың гектары егістік, 602 гектары шабындық, 11785 гектары жайылымдық жер. Шаруашылықтың егістік алқаптарында бидай, арпа, сұлы, күнбағыс өсіріледі. Бұдан бөлек көпжылдық шөптер де егілген.

Қожалықта мал шаруашылығы да қатар дамып келеді. Серіктестікке тиесілі мал саны 752 бас. Оның ішінде 40 ірі қара, 500 жылқы, 200 қой-ешкі, 12 бас түйе бар.

Кәсіпорынның қарамағында 60 техника қолданыста. Оның ішінде 30 трактор, 6 комбайн, «Джуля» себу кешені, тұман бүріккіші, «АГС» маркалы топырақ тегістегіштер, «Макино» сығымдағыштары және басқа да ауыл шаруашылығы техникалары бар.

Қожалық басшысы Мамырбек Қарашев Көлденең ауылының дамуына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Жеке қаражатына ауылдық клуб, мешіт және қатымхана салып, халықтың игілігіне берді. Серіктестік жұмысшыларының әлеуметтік жағдайына айрықша назар аударып, олардың әл-ауқатын жақсартуға күш салады.

«Өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуда ірі қожалықтардың үлесі зор. «Юбилейный» серіктестігі егін және мал шаруашылығын қатар дамытып қана қоймай, ауылын дамытуға көмектесіп, әлеуметтік жауапкершілік танытып отырғаны қуантады. Бұл қожалықты жақсы білеміз. Әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетеміз. Өйткені, мұндай үлгілі қожалықтар ауыл-аймақтың өркендеуіне тікелей ықпал етеді», – деді облыс әкімі.