Үржар ауданының 5 ауылына ауыз су тартылуда

Үржар ауданының 5 ауылына ауыз су тартылуда

Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданының Қызылту ауылында болды.

Бес жүзден астам тұрғыны бар елді мекенге былтыр 6,5 шақырым су желісі тартылған. Биыл 7,3 шақырым желі, екі су көтеру ғимараты, су резервуарлары мен мұнарасы салынды. Бүгінде жұмыстың 90 пайызы орындалған. Нысан толық аяқталған соң ауылдың 160 абоненті, яғни 582 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Жалпы, Үржар ауданындағы 30 ауылда тұрғындар орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда Қызылтудан бөлек Барқытбел, Егінсу, Қазымбет, Ер Қабанбай ауылдарында су құбыры тартылып жатыр. Аталған ауылдарда жұмыстар аяқталған соң аудан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылады.

Аймақ басшысы Қызылту ауылындағы су жинау станциясын көрді. Аудан әкіміне қалған ауылдардағы су тарту жұмыстарын мерзімінде аяқтауды тапсырды.

«Мемлекет басшысының халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы бар. Облыс бойынша биыл 33 жоба іске асырылып жатыр. Үржар ауданындағы 2700 тұрғыны бар 5 елді-мекен тұрғындарын ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуы жеке бақылауымда болады», – деді облыс әкімі.