Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданының Ақжар ауылына барды.
Құрамына үш елді мекен кіретін Ақжар ауылы аудан орталығынан 4 шақырым жерде орналасқан. Екі мыңнан астам халық тұрады.
Ауылда жалпы ұзындығы 10 шақырымнан асатын 11 көше бар. Соның ішінде 6 көшеге асфальт төселген. Биыл 3,9 шақырым болатын 5 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Қазіргі уақытта асфальт төселген көшелердің жол жиектерін бекіту жұмыстары жасалуда. Сонымен қатар жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау үшін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынымен келісімшарт жасалып, тиісті тексеру жүргізілуде. Аяқталу мерзімі қыркүйектің соңы деп жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы ауылда жүргізілген жолдың сапасын бақылап, елді мекен тұрғындарымен кездесті. Ауыл тұрғындары атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алғыстарын білдірді.
«Көп рахмет. Бұл – біз үшін үлкен жаңалық. Жолдың сапасы жақсы, жөндеу жұмыстары ойдағыдай жүргізілді», – деді ауыл ақсақалы Жұман Жыңғылбаев.
Аймақ басшысы биыл облыста 358 шақырым жол жөнделіп жатқанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын айтты.
«Биыл Үржар ауданында Жоғарғы Егінсу, Жанай, Ақжар, Жаңа Тілек, Қарақол ауылдарының көшелеріне орташа жөндеу жасалды. Ақжар – Үржар ауданындағы үлкен елді мекендердің бірі. Бұл елді мекендегі негізгі көшелерге асфальт төселді. Келесі жылы ауылға сапалы интернет орнатылады. Аудандағы елді мекендердің инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғыртамыз», – деді облыс әкімі.