Айтылды – орындалды: Жетісуда халықпен кездесулерде көтерілген мәселелер қалай шешіліп жатыр

Айтылды – орындалды: Жетісуда халықпен кездесулерде көтерілген мәселелер қалай шешіліп жатыр

Жетісуда облыс әкімімен жыл сайынғы кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілетін мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Мәселен, Кербұлақ ауданында өткен жылғы кездесудің қорытындысы бойынша ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету, су тасқынының алдын алу, көше жарығын орнату, жол жөндеу шаралары қабылданды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, биылғы жылдың шілде айында Малайсары ауылында көше жарығын орнату жұмыстары аяқталды. Бұл мәселені ауыл тұрғыны өткен жылы болған облыс әкімімен кездесу кезінде көтерген болатын. Сондай-ақ халықты орталық ауыз сумен қамту мәселесі де шешімін тапты.

– Өткен жылы облыс әкімінің аудан халқымен өткен кездесуіне қатыстым. Сол кезде ауыл тұрғындарының атынан Малайсары ауылындағы түйткілді мәселелерді көтердім. Ең алдымен көше жарығының жоқтығы, екіншіден, су құбыры желілерін жөндеу жайын айттым. Биыл ауылға су келді, жөндеу жүргізілді, көшелер толықтай жарықтандырылды. Осындай өзекті мәселелердің қысқа мерзімде шешілгеніне қуаныштымыз, - дейді пікір білдірген ауыл тұрғыны Дархан Әбішев.

Аталған ауылдың тағы бір тұрғыны осындай пікірде.

– Мен Малайсары ауылында 40 жылдан астам уақыттан бері тұрамын, осы жерде туып-өстім. Жолдасым екеуміз зейнетке шықтық, қазір немере тәрбиелеп отырмыз. Бұрын құдықтан су алатынбыз, кейін құдықты өз ауламыздан шығарып алдық. Өткен жылы ауылға орталық су құбыры тартылды. Енді үйімізге су кіргіздік. Кейде су беруде үзілістер болып тұрады, әзірге жөнге келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Суымыз таза, дәмді, оған қоса құдықтағы суды да пайдаланып жүрміз, – деді ауыл тұрғыны Раушан Сураншинова.

Сондай-ақ су тасқынының алдын алу мақсатында ауылдың кіреберісінде ұзындығы 1 км 330 метр, биіктігі 3 метр болатын бөгет орнатылып, жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек екі көпір салынып жатыр. Онда шамамен 30 адам, 15 техника жұмылдырылған. Жұмыстар мамыр айында басталып, бүгінде 80%-ға орындалды. Аяқталуы қазан айына жоспарланған.

Жақын күндерде Малайсары ауылына газ жеткізіледі. Тұрғындардың өтініші бойынша Малайсарыны қоса алғанда өңірлік газдандыру схемасына кірмеген 6 ауылды газдандыруға құжаттама әзірленіп жатыр. Газ құбырын тарту жұмыстары келесі жылы басталады. Ал биылғы қыркүйек айының соңында ауылда заманауи блокты-модульді дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілмек.

Бұдан бөлек аудан тұрғындарының өтініштерін ескере отырып, Жаналық ауылында Шоқан және Натаров көшелерін жалғайтын көпірге күрделі жөндеу жүргізілуде. Сондай-ақ Қарашоқы ауылында спорт кешенін салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жеңіс Ысқабай