Шымкент қаласында «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында қалалық тамыз конференциясы өтті. Іс-шараға 2 мыңнан астам педагог, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Пленарлық отырысқа ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Министр мемлекет білім беру жүйесін дамыту бойынша ауқымды шаралар жүргізіп жатқанын атап өтті. Ол республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы мұғалімдердің құқықтарын қорғауға және оларды қызметіне жатпайтын міндеттерден босатуға ерекше назар аударғанын еске салды.
«Педагог өз құзыретіне кірмейтін оқыс оқиғаларға байланысты негізсіз айыптаулардан қорғалуы керек. Бұл – мемлекеттің негізгі ұстанымы. Мұғалімді қорғау арқылы біз балаларды және олардың сапалы білім алуға деген құқығын қорғаймыз», – деді министр.
Ғани Бейсембаев өз сөзінде 2025–2026 оқу жылында енгізілетін бірқатар жаңалықтарға жеке тоқталды. Атап айтқанда, «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізіле бастайды. Орта білім беру жүйесінде AI-ды қолданудың этикалық стандарттары бекітілді. Оқушыларға арналған Day of AI онлайн-курстары, педагогтерге арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары әзірленді.
Сонымен қатар, AI-Kitap білім беру платформасын кезең-кезеңмен енгізу жоспарда бар.
Маңызды бағыттардың бірі – ата-аналар комитеттерінің жұмысын қайта қарау. Қараша айында Ата-аналар комитеттерінің алғашқы республикалық форумы өтеді. Бұл жаңа алаң «мектеп – ата-ана – қоғам» үштағаны аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталады.
Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде ішкі безендіруді біріздендіру бойынша бірыңғай дизайн-код кезең-кезеңмен енгізіледі. Бүгінде 100-ден астам жаңа «Келешек мектептері» бекітілген брендбук негізінде салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл стиль 1300 мектептің жөндеу жұмыстары барысында да қолданылады. Келешекте дизайн-код елдегі барлық білім беру ұйымдарын қамтитын болады.
Конференция соңында министр 25 педагогке ведомстволық марапаттар табыстады. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында білім беру ұйымдарының техникалық қызметкерлеріне ерекше назар аударылып, олар алғаш рет адал еңбегі мен Шымкенттегі білім беру саласының дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды.