2025 жылғы 8–12 тамыз аралығында Қытайдың Бейжің қаласында Дүниежүзілік робот конференциясы (World Robot Conference 2025) және World Robot Contest жарысы өтті.
Аталған іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен 10 мыңнан астам қатысушы жиналып, робототехника, жасанды интеллект және интеллектуалды өндіріс саласындағы жетекші халықаралық аландардың біріне айналды.
DOBOT Intelligent Manufacturing Challenge байқауы аясында оқушылар DOBOT платформасында инновациялық ойларын ұсынып, өндірістік тапсырмаларды шебер орындап, командалық жұмыстағы үйлесімділігімен ерекше көзге түсті.
Қола жүлдені Шымкент қаласындағы ұлттық жоба «Келешек мектептері» аясында салынған №149 мектептің YASSI тобы жеңіп алды. Құрамы: Талас Нұрғаным, Есенгелді Талғат. Сондай-ақ, Түркістан облысындағы ұлттық жоба «Келешек мектептері» аясында салынған №33 мектептің AquaBots тобы да марапатқа ие болды. Құрамы: Боханов Сүйінбай, Ишанхан Маруан.
Командалардың жетекшілері – менторлар Әбдікаримов Ердоc пен Әлімжан Алуа.
Екі қазақстандық команда жоғары дайындық деңгейін, креативті ойлауын және тамаша командалық жұмысын көрсетті. Олардың жетістігі – елдегі техникалық білімді дамытуға жасалған маңызды қадам және жас қазақстандық инженерлер мен жаңашылдардың әлеуетінің артып келе жатқанын дәлелдейді.
Жүлдегерлерімізді лайықты марапаттарымен құттықтаймыз!