Қазақстандық оқушылар биология пәні бойынша әлемдегі ең беделді олимпиададан төрт қола медаль жеңіп алды

Қазақстандық оқушылар биология пәні бойынша әлемдегі ең беделді олимпиададан төрт қола медаль жеңіп алды

Филиппинде мектеп оқушыларына арналған әлемдегі басты зияткерлік сайыстардың бірі – Халықаралық биология олимпиадасы (International Biology Olympiad, IBO-2025) өз мәресіне жетті. Биыл бұл додаға 80 елден 320-дан астам дарынды жас қатысты.

Қазақстан құрамасының барлық төрт мүшесі қола медаль иеленіп, 100 пайыздық командалық нәтиже көрсетті:

Ерсултан Қайыркен – Павлодар облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;

Батыр Ержанұлы – Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;

Айғаным Балташева – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

Алихан Ашырханов – Алматы қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы.

Команданың ғылыми жетекшілері – отандық ғылымды белсенді дамытып жүрген жас биолог-ғалымдар Ләйлә Асқарова мен Ильяс Сакимов.

IBO-2025 олимпиадасы екі кезеңнен тұрды:

Теориялық тур – молекулалық және жасушалық биология, генетика, экология, эволюция және биожүйелеу бойынша күрделі есептерді шешу.

Практикалық тур – зертханалық жұмыстар, микроскопия, үлгілермен жұмыс істеу және биологиялық процестерді талдау.

Қазақстан 1994 жылдан бері IBO олимпиадасына қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 2 алтын, 18 күміс, 56 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ 12 құрмет грамотасына ие болды. Еске сала кетейік, 2024 жылы Қазақстан бұл олимпиаданы өзі қабылдап, тағы да 100% нәтижеге қол жеткізген болатын.

Дарынды оқушыларды, олардың ұстаздары мен ата-аналарын осы жарқын жеңіспен құттықтаймыз!