Францияда өткен IPhO-2025 олимпиадасында Қазақстан бес медаль еншіледі

Францияда өткен IPhO-2025 олимпиадасында Қазақстан бес медаль еншіледі

Францияның Палезо қаласында өткен оқушыларға арналған Физикадан халықаралық олимпиада (International Physics Olympiad, IPhO–2025) өз мәресіне жетті.

Биылғы зияткерлік додада Қазақстанның ұлттық құрамасы екі күміс және үш қола медаль жеңіп алып, табысты нәтиже көрсетті.

Ұлттық құрама сапына республикалық және халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары енді.

Жүлде иегерлері:
– Күміс медаль — Амирбек Азатбеков, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;
– Күміс медаль — Бекасыл Елубай, Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
– Қола медаль — Амир Пшенбаев, Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
– Қола медаль — Нұргүл Егенбергенова, Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы;
– Қола медаль — Артур Ким, Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы.

Команданың ғылыми жетекшілері — PhD докторы, Сулейман Демирель университетінің ассистент-профессоры Самат Мақсұтов және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев. Олардың жетекшілігімен Қазақстан құрамасы жыл сайын оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, халықаралық деңгейде тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Айта кетейік, Физикадан халықаралық олимпиада алғаш рет 1967 жылы Польша астанасы Варшавада өткізілді. Қазақстан бұл беделді білім сайысына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. 2024 жылғы олимпиадада отандастарымыз төрт күміс және бір қола медаль иеленіп, толық құраммен жүлдегер атанған болатын.