Оқу-ағарту министрі Абай облысының педагогтерімен кездесу өткізді

Оқу-ағарту министрі Абай облысының педагогтерімен кездесу өткізді

Абай облысына жасаған жұмыс сапары аясында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңірдің педагогикалық қауымдастығымен кездесті. Басқосуға облыстық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, мектеп пен колледж директорлары, ұстаздар және педагог-шеберлер қатысты.

Кездесуде білім сапасын арттыру, мұғалім мәртебесін нығайту, кадрлық әлеуетті дамыту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды.

Министр қатысушыларға алғысын білдіре отырып, ұстаздар еңбегінің ұлт болашағын қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, педагогтерді қолдау және олардың кәсіби беделін көтеру – білім беру саласындағы басты басымдықтардың бірі.

«Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң – мұғалімнің қоғамдағы ерекше орнын айқындайтын маңызды құжат. Бұл заңда педагогтерді білім беру мен тәрбиелеуге қатысы жоқ жұмыстарға тартуға тыйым салынған. Жаңа жыл қарсаңында болған жағдай бәрімізге мәлім. Мұндай жайттарға жол беруге болмайды және ол заң талаптарына қайшы. Осы ретте білім басқармалары мен жергілікті атқарушы органдар заң нормаларын бұлжытпай орындауы қажет», – деді Ғани Бейсембаев.

Кездесу барысында тәрбие жұмысы мен мектептердегі қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері де сөз болды. Министр әрбір білім беру ұйымы баланың жан-жақты дамуына жағдай жасауы тиіс екенін атап өтті.

Сондай-ақ педагог кадрлардың сапасына ерекше назар аударылды. Министр мектептерге кәсіби жағынан дайын, жауапкершілігі жоғары және балаларға шын жанашыр мамандар келуі керек екенін айтты.

«Бүгінде мұғалімнің міндеті – тек білім беру емес, сонымен қатар жаңа сападағы ұлтты қалыптастыру. Мектепке өз ісіне бейжай қарамайтын, іштей кемелденген, интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеуге қабілетті мамандардың келгені маңызды», – деп қорытындылады министр.

Кездесу соңында Ғани Бейсембаев Абай облысының білім саласындағы әлеуеті зор екенін атап өтті. Өңірде 531 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Онда 16,5 мыңға жуық педагог еңбек етуде. Олардың қатарында 63 педагог-шебер және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған Алма Шүкіжанова бар.