2025 жылдың соңына дейін Абай облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша бес жаңа мектеп іске қосылады. Жобаның өңірде жүзеге асу барысымен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жұмыс сапары аясында танысты.
Қазіргі уақытта жоспарланған бес мектептің екеуі пайдалануға берілді. Қалған үшеуі жыл соңына дейін ашылады. Соның бірі Семей қаласындағы халық тығыз қоныстанған шағынаудандардың бірінде бой көтерді. Бұл мектептің ашылуы оқушы орын тапшылығын азайтып, оқу процесінің қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік бермек.
Жаңа үлгідегі білім ордалары оқушылардың жас ерекшелігі мен қажеттіліктеріне сай жобаланған. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарға орналастырылады. Мектептер заманауи техникамен, ыңғайлы жиһазбен жабдықталып, қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Сонымен қатар «Адал азамат» тұжырымдамасы шеңберінде тәрбие бағыты мен кәсіптік бағдар жұмыстары да қамтылады.
«Бұл бастама еліміздегі білім сапасын жүйелі түрде көтеруге бағытталған. Мақсатымыз – қай аймақта тұрса да, әр бала жаңа үлгідегі қауіпсіз әрі сапалы мектепте оқуы керек. Сол үшін жаңаша әдіс-тәсілдерді меңгерген, білікті мұғалімдер қажет», – деді Ғани Бейсембаев.
Жаңа форматтағы мектептерде педагогтердің кәсіби өсуіне ерекше назар аударылады. Мектеп басқару жүйесі тиімділік пен ашықтық қағидаттарына сүйенеді. Басшылық құрамын іріктеуде «Білім берудегі 1000 көшбасшы» бағдарламасына қатысушыларға басымдық беріледі.
«Бұл мектепке білімді әрі жаңашыл ойлайтын жас мамандар тартылып жатыр. Біз өңірлік жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, тұрақты кадрлық әлеуетті қалыптастыруды көздеп отырмыз», – деді №52 мектептің директоры, «Білім берудегі 1000 көшбасшы» жобасының қатысушысы Тлек Сапышев.
Айта кетейік, ұлттық жоба аясында еліміз бойынша 217 мектеп ашу жоспарланған. Оның 105-і пайдалануға берілді, қалған 112-сі 2025 жылдың соңына дейін іске қосылады. Жаңа мектептердің 44 пайызы ауылдық жерлерде орналасады.