Министрдің Президенттік жастар кадрлық резервіндегі азаматтармен кездесуі туралы посты

Министрдің Президенттік жастар кадрлық резервіндегі азаматтармен кездесуі туралы посты
Жастар кадрлық резервінің өкілдерімен кездесу дәстүрге айналды. Өткен аптада кездесуіміз екі сағаттан астам уақытқа созылды, бірақ бізге барлық мәселені талқылауға бұл уақыт аздық етті. Тағы бір кездесу өткізуге келістік.
 
Көптеген өткір мәселелер көтерілді. Жастардың көздері жанып тұр. Кездесуге тыңғылықты дайындалғаны байқалды. Өзекті сұрақтар қойып, нақты ұсыныстарын айтты және нәтижесі үшін шынайы алаңдайтыны көрініп тұрды.
 
Бұл – Жастар кадрлық резервінің құрамында елінің келешегіне бей-жай қарамай, шын мәнінде оның дамуына үлес қосуға ниетті белсенді жастар бар екенінің дәлелі.
 
Резервтің тізімі бекітілгеннен кейін біз бірден барлық қатысушымен таныстық. Жарты жыл ішінде бірқатар резервтегі маман әріптес атанды және өздерін жақсы жағынан көрсете білді.
 
Министрліктегі жұмысқа кіріскен бірқатар резервшілер туралы айтып өтейін.
 
Юлия Овечкина
 
Ақпан айында Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары лауазымына Юлия Овечкина тағайындалды. Ол бұған дейін Өскемен қаласының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінде жұмыс істеді. Оның басшылығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі барлық өңірлік комиссияның қызметі трансформацияланды. Сондай-ақ материалдарды қараудың «отбасылық принципіне» көшу, соның ішінде отбасыларға кешенді көмек көрсету жұмыстары басталды. Алғаш рет Комиссия қызметінің әдістемелік ұсынымдары әзірленді.
 
Сонымен қатар резервте болған әріптесіміздің басшылығымен террористік белсенді аймақтардан келген балаларды әлеуметтік оңалту қағидалары әзірленіп, қабылданды.
 
«Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің балалар өкілдіктері» жобасы іске қосылды. Болашақта бұл орган «Балалар парламенті» болады. Бұл балалардың өз пікірін білдіру және мемлекет пен қоғам өміріне араласу құқығын толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
 
Онлайн-кездесулер, кеңестер, аймақтармен және үкіметтік емес сектормен тікелей эфирлер апта сайын өткізіле бастады. Мұндай тәжірибе Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне қоғам үшін барынша ашық болуға мүмкіндік берді.
 
Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтердің жағдайын күшейту және олардың қызметіне бірыңғай тәсілдерді әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
 
Мұрат Қожахметов
 
Жыл басында ұйымдастыру жұмысы және мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры лауазымына тағайындалған Мұрат Қожахметов те өзін бастамашыл басшы ретінде көрсете білді.
 
Ол ұжымда атқарушылық тәртіпті жақсарту үшін Министрліктің регламентіне бірқатар өзгеріс енгізу барысында бастамашылық танытты. ҚР БҒМ қызметіндегі ішкі процестерді жақсарту бойынша жұмыстар одан әрі жалғасып жатыр.
 
Пандемия кезінде Мұрат Қожахметов білім және ғылым саласындағы өзекті мәселелер мен мемлекеттік қызметтер бойынша халыққа қашықтан кеңес беру үшін «1450» Call-орталығының жұмысын ұйымдастырды.
 
Оның басшылығымен министрлік қызметкерлерін ынталандыру және өзара бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру мақсатында «Айдың үздік қызметкерлері» институты енгізілді.
 
Еркебұлан Боранбаев
 
Білім беру саласында шет елдермен ынтымақтастықты кеңейту барысында Еркебұлан Боранбаевтың қосқан үлесі зор. Резервші қаңтар айында халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры болып тағайындалды.
 
Оның басшылық етуімен шет елдермен халықаралық келісімдер қайта қаралып, ондаған елмен халықаралық шарттарға қол қою бойынша жұмыс басталды. Әлемнің 23 еліндегі ҚР Сыртқы істер Министрлігі (ҚР СІМ) шетелдік мекемелерінің өкілдерімен байланыс орнатылды. Сондай-ақ ҚР СІМ шетелдік мекемелерінің дипломаттарымен білім беруді дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізілді.
 
Жұмысымызға басқа да резервшілерді тарту жоспарымызда бар. Менің бұйрығыммен Президенттік жастар кадрлық резервінің 18 өкілі Жоғары оқу орындары директорлар кеңесінің құрамына енді. Олар жоғары оқу орындарының жұмысына оң өзгерістер әкеледі деп сенемін.
 
Президенттік жастар кадрлық резерві табысты жоба екені сөзсіз. Өйткені жобаға қатысқан азаматтар еліміздің одан әрі дамуына, елімізге пайда әкелуге әрі білім және ғылым жүйесін дамытуға үлес қосуға ниетті. Мұндай ұмтылыс біздің министрлік үшін де, бүкіл ел үшін де тек оң нәтиже беретіні анық.
 
 
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов