Елімізде алғаш рет ауқымды «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы әзірленуде

Елімізде алғаш рет ауқымды «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы әзірленуде

​Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасы шеңберінде елімізде әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған барлық қолданыстағы және жоспарланған шараларды біріктіретін «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын жасақтау бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері Балаларды қорғау күніне орайластырылған Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді.

​Аталған бағыттағы жұмыс Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен, Парламент депутаттарымен және азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді қатысуымен жүргізілуде.

​«Бұл мемлекеттің, ата-аналардың, педагогтердің, дәрігерлердің, әлеуметтік қызметтер мен ҮЕҰ өкілдерінің күш-жігерін біріктіретін Қазақстандағы алғашқы кешенді бағдарлама болады. Қазір біз балалық шақты қорғау саласында жасалған барлық істерді - нормативтік құжаттардан бастап нақты жағдайларға дейін - ненің тиімді екенін және қай тұстарын қайта қарауды қажет ететінін түсіну үшін мұқият талдап жатырмыз. Сондай-ақ статистиканы зерттейміз, себебі әрбір санның артында баланың тағдыры тұр», - деп атап өтті Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

​«Қазақстан балалары» бағдарламасы өскелең ұрпақ мүддесіне бағытталған тұрақты және дәйекті мемлекеттік саясаттың негізіне айналады. Оны іске асыру елдегі әрбір баланың құқықтары мен дамуын жүйелі қорғау үшін берік іргетас қалайды.