Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды жандандыру мәселелері GAFT басшылығымен талқыланды

Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды жандандыру мәселелері GAFT басшылығымен талқыланды

Ар-Рияд, 2025 жылғы 28 мамыр – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков САК Сыртқы сауда бас басқармасы (GAFT) губернаторының міндетін атқарушы Мұхаммед әл-Абдулжабармен кездесті.

Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты жандандыру мәселелері талқыланды. Өзара тауар айналымын ұлғайту және Қазақстаннан Сауд Арабиясына ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Елші М.Меңілбеков Қазақстан әлемдегі ең ірі аграрлық ел ретінде Корольдікке бидай, ет, сүт, бал өнімдерін жеткізуге дайын екенін атап өтті, сондай-ақ сауд кәсіпкерлерін осы бағыт бойынша жұмысқа белсенді қосылуға шақырды.

Өз тарапынан М.Әл-Абдулжабар Сауд Арабиясы үшін Қазақстан маңызды әріптес екенін атап өтіп, қазақ тарапының екіжақты ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі ұсыныстарына толық қолдау көрсетті.

Тараптар сонымен қатар бірлескен іс-шараларды өткізу бойынша кейбір ұйымдастыру мәселелерін, соның ішінде сауд делегациясының Астанаға алдағы сапарын, оның шеңберінде Қазақстан-Сауд бизнес форумы мен B2B кездесулерін өткізуді, ҚР-ның Сауд Арабиясына екінші сауда миссиясын ұйымдастыруды және т. б. талқылады.

2019 жылы САК Министрлер Кеңесінің қаулысымен құрылған Сыртқы сауда бас басқармасы (GAFT) қаржылық және әкімшілік жағынан тәуелсіз мемлекеттік ұйым болып табылады және сыртқы сауда саласында кең өкілеттіктерге ие. Өз қызметі шеңберінде GAFT Корольдіктің сыртқы сауда саясаты мен стратегиясын әзірлейді, мемлекеттік және жеке сектордың қызметін үйлестіреді, аймақтық және халықаралық сауда ұйымдары мен форумдардағы мемлекеттің мүдделерін қорғайды.