Меню
Страницы
Комитеттер
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Министрлік туралы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Бөлім туралы
Все материалы
17 апреля 2025
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев педагог-шеберлермен кездесті
Елімізде педагог-шебер санатында 4 мыңға жуық мұғалім еңбек етуде. Бұл – педагогикалық қызметтегі жоғары біліктілік санаты.
 
Ғани Бейсембаев педагог-шеберлер білім реформаларын жүзеге асыруда негізгі рөлге ие екендігін атап өтті. Олар – білім беру жүйесінің жаңашыл көшбасшылары.
 
«Біздің бүгінгі міндетіміз – мұғалімнің мәртебесін нығайтып қана қоймай, педагог-шеберлердің білімі мен тәлімгерлігі еліміздің барлық педагогтері үшін ресурсқа айналатындай жағдай жасау», – деп атап өтті министр.
 
Сондай-ақ жиында педагог-шеберлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Алматылық ұстаз Гүлмира Асанбекова авторлық жобасы аясында 855 жас мұғалімге тәлімгерлік көрсеткен, маңғыстаулық Ержан Жұмаділов 10-11 сынып оқушыларына тегін онлайн курстар жүргізіп келеді, ал қарағандылық Нұрсұлтан Ахметов – жасанды интеллектті оқу үдерісіне табысты енгізген жаңашыл педагог.
 
Кездесу соңында министр жауапты құрылым басшыларына шебер-педагогтердің үздік тәжірибелерін республика көлемінде педагогтер арасында тарату жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
17 апреля 2025
Қазақстандық оқушылар Еуропалық математикалық олимпиадада 100% нәтиже көрсетті
Қазақстанның қыздар құрамасы Еуропалық математикалық олимпиадада (EGMO) үшінші жыл қатарынан дайындықтарының жоғары екенін дәлелдеп келеді. Оқушылар төрт бірдей медаль иеленіп, еліміздің жас математиктер даярлаудағы әлеуетін тағы бір мәрте әлемге паш етті - деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
 
Биыл Приштина қаласында (Косово) өткен халықаралық байқауға әлемнің 52 елінен 219 оқушы қатысты. Қазақстан атынан төрт оқушы және екі жетекші қатысты.
 
Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының барлық қатысушылары жүлделі орындарға ие болды:
 
Юлия Катунина - күміс жүлдегер – Павлодар қаласындағы №8 дарынды балаларға арналған лицейінің 10 сынып оқушысы;
 
Арай Касенова – қола жүлдегер-Алматы қаласындағы «Haileybury Almaty» халықаралық мектебінің 11 сынып оқушысы;
 
Анар Дидарбекова – қола жүлдегер - Алматы қаласының №39 С.А.Ходжиков атындағы мамандандырылған лицейінің 11 сынып оқушысы;
 
Аружан Қайрат – қола жүлдегер-Алматы қаласының №39 С.А.Ходжиков атындағы мамандандырылған лицейінің 10 сынып оқушысы.
 
Қыздарға арналған Еуропалық математикалық олимпиада алғаш рет 2012 жылы Ұлыбританияның Кембридж қаласында өткен болатын. Қазақстан құрамасы бұл беделді білім бәйгесіне 2017 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Осы уақыт аралығында еліміздің дарынды қыздары 3 алтын, 12 күміс, 15 қола медаль мен 4 Құрмет грамотасын иеленді.
 
Халықаралық деңгейде Қазақстанның абыройын асқақтатқан жеңімпаздарды, олардың ата-аналарын, жетекшілерін және мектеп ұжымдарын шын жүректен құттықтаймыз!
 
 
16 апреля 2025
Ғани Бейсембаев педагог-ғалымдармен кездесіп, педагогика ғылымын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің ғылым мен білім саласында еңбек етіп жүрген педагог-ғалымдармен кездесу өткізді. Басқосу барысында министр педагогика ғылымының даму басымдықтары мен өзекті мәселелеріне тоқталып, білім беру жүйесінің сапасын арттыру жолында атқарылуы тиіс міндеттер туралы айтты.

Кездесуге еліміздегі мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдар онлайн форматта қосылып, ой-пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды.

Басқосу барысында Ғани Бейсембаев педагогика ғылымының білім беру жүйесіндегі орны мен маңызын ерекше атап өтті. Министрдің айтуынша, білім саласын дамыту терең ғылыми зерттеуге, жүйелі тәжірибеге және тиімді ынтымақтастыққа негізделуі тиіс.

«Білім беру жүйесінің іргесі – ғылымға сүйеніп қалануы тиіс. Педагогикалық зерттеулердің мазмұны мен нәтижесі баланың дамуына бағытталуы қажет. Сондықтан балабақшадан бастап мектеп, колледж жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе жұмыс істеуі керек. Себебі, педагогикалық зерттеулер тәжірибемен ұштастырылып жасалуы тиіс. Мұндай өзара ықпалдастық білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», – деді министр.



Сондай-ақ министр мемлекет тарапынан білім мен ғылымға көрсетіліп жатқан қолдауларды да атап өтті. Қазіргі таңда халықаралық деңгейде жеңіске жеткен жас зерттеушілер мен оларды дайындаған ұстаздарға бір реттік сыйақы беру тетігі заң жобасы аясында қарастырылып жатыр. Бұл – өскелең ұрпақты ғылымға баулуға, дарынды балалардың әлеуетін ашуға бағытталған маңызды қадам.

Жиын соңында министр Ғани Бейсембаев білім беру мен ғылымды дамытуға үлес қосқан бірқатар педагог-ғалымдарға ведомстволық наградалар табыстап, олардың кәсіби еңбегін жоғары бағалады.

16 апреля 2025
Қазақстанда алғаш рет колледж студенттері арасында республикалық спартакиада өтуде

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігінің бірлесіп ұйымдастыруымен колледж студенттерінің «Еңбек кубогі – 2025» республикалық спартакиадасы басталды. Айта кету керек, колледж студенттері арасында мұндай спорттық шара кең көлемде алғаш рет өткізілуде.

Спартакиаданың ресми ашылуына қатысқан Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ел экономикасының дамуының негізгі тетіктерінің біріне айналған техникалық және кәсіптік білімді трансформациялау - сапалы кадрлық әлеуетті дамыту, колледждерді бизнеспен, халықаралық білім кеңістігімен интеграциялау, жұмысшы мамандықтарын таңдаған жастар үшін перспективалы келешек қалыптастыру бағыттары бойынша жүзеге асырылатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысының бастамасымен соңғы екі жылда колледж студенттерінің шәкіртақысы екі есеге артты. Студенттер колледж қабырғасында стартап жобаларға қатысып, кәсіпкерлік дағдыларын меңгеруде. Мемлекет сіздерге зор үміт артады. «Еңбек кубогі» спартакиадасы сіздердің ел ертеңінің тірегі болатын азамат ретінде қалыптасуларыңызға жол ашатын маңызды бастама болады деп сенемін. Адал еңбек пен сапалы білім ғана жарқын болашақтың кепілі болмақ», – деді министр.



Спартакиадаға еліміздің барлық өңірінен 2000-ға жуық студент қатысып, футзал, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі және волейбол сынды бес спорт түрінен бақ сынауда.

Айта кету керек, спартакиада бес күнге жалғасады. Оның қорытындысы бойынша үздік ойын көрсеткен студенттердің Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне білім грантын ұтып алу және еліміздің жетекші кәсіпорындарынан шақырту алу мүмкіндігі бар

16 апреля 2025
Қазақстанда баламен қарым-қатынас мәселелері бойынша дауларды шешудің бірыңғай тәртібі енгізілді

Елімізде 2025 жылғы 13 сәуірден бастап ата-аналар мен басқа да жақын туыстар арасында баламен қарым-қатынас жасау тәртібіне байланысты дауларды шешудің бірыңғай ережесі қолданысқа енгізілді. Бұған дейін бұл мәселелер қорғаншылық органдарымен қаралғанымен, әр өңірде әртүрлі тәсіл қолданылған болатын. Енді ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бекітілген ортақ тәртіп барлық өңірде бірдей іске асады.

Ата-анаға немесе жақын туыстарына – атасына, әжесіне, ағасына немесе әпкесіне баламен қарым-қатынас жасауға шектеу қойылған жағдайда, баланың тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органына өтініш бере алады.

Өтінішке келесі құжаттар қоса тіркеледі:
 • жеке куәліктің көшірмесі;
 • наркологиялық және психиатриялық диспансерлерден анықтамалар;
 • соттылығының жоқтығы туралы анықтама;
 • мекенжайын растайтын құжат.

«Біз алғаш рет осындай күрделі де сезімтал мәселелерді шешудің бірыңғай тәртібін енгізіп отырмыз. Бұл – баланың құқығы мен мүддесін қорғауға, оның жақындарымен байланысын үзбеуге бағытталған нақты қадам», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.



Қорғаншылық органы өтінішті 15 жұмыс күні ішінде қарап шығады. Осы мерзімде мамандар екі тараппен жеке сөйлесіп, қажет болса тұрмыстық жағдайды зерделейді. Егер бала 10 жасқа толған болса, оның да пікірі ескеріледі.

15 апреля 2025
2025 жылдың I тоқсанындағы оқу-ағарту жүйесіндегі жетістіктер мен бастамалар

 Толығырақ карусельде 

15 апреля 2025
2025 жылдың I тоқсанындағы оқу-ағарту жүйесіндегі жетістіктер мен бастамалар

2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі білім сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жүйелі бастамаларды іске асырды.

 Мектепке дейінгі білім беру

Басты жаңашылдық – мектепке дейінгі білім  беру жүйесіне ваучерлік қаржыландыру механизмін енгізу болды. Бұл модель мектепке дейінгі ұйымдардың қолжетімділігін, ашықтығын, сапаны бақылауды, мақсатты бағыттылықты және бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта жобаға 2,3 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым қатысып, 276,5 мың балаға ваучер берілді. Жоба жүзеге асырыла басталғалы қайталанатын және жалған тізімдер жойылып, 27 млрд теңгеден астам қаржы үнемделді. Оның ішінде 25 млрд теңге – кезекте тұрған балаларды орналастыруға, 2 млрд теңге – 2 жасқа толып, жаңадан кезекке тұрған балаларға бағытталды.

Қазіргі уақытта ваучерлік қаржыландыру жүйесі Тараз, Шымкент, Түркістан, Орал, Астана, Қарағанды, Семей, Өскемен, Жезқазған қалаларында, сондай-ақ Жамбыл облысының Байзақ ауданында және Түркістан облысының Сарыағаш ауданында жүзеге асырылуда.

Орта білім беру

Қазақстан Орталық Азияда жалпы білім сапасын бағалау жөніндегі ұлттық жүйені (ББЖМ) халықаралық аккредитациядан өткізген жалғыз ел болды. Аталған құрал RCEC сапа белгісін алды, бұл оның сенімділігі мен халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайды.

Педагогтерді аттестаттау жүйесі автоматтандырылды. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына арналған «Ұстаз» ұлттық платформасын кезең-кезеңімен енгізу басталды. Бұл платформа аттестаттау үдерісін анағұрлым ашық етеді. 2025 жылы шамамен 150 мың қазақстандық мұғалім осы платформа арқылы аттестаттаудан өтеді.

Техникалық және кәсіптік білім беру

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Осыған орай, орта білім беру ұйымдарында алғаш рет кәсіби бағдар беруші педагог лауазымы ресми түрде енгізілді. Бұл мектеп, колледж және жұмыс берушілер арасындағы жүйелі байланысты жолға қоюға және оқушыларға мамандық таңдауда қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Жоғары сынып оқушыларына жұмысшы біліктілігін беру бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Бұл бастама мектеп білімінің тәжірибелік бағытын күшейтіп, жастардың ерте жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. 11-сыныпты аяқтағаннан кейін оқушылар тек аттестат қана емес, сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім туралы диплом алады. Бүгінде 905 түлек колледж дипломын алып, кәсіби біліктілікпен еңбек нарығына шығуға дайын.

2025 жылғы ақпанда «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінің аясында Жұмысшы мамандықтар жылы салтанатты түрде ашылды. 5 күн ішінде 300-ден астам іс-шара өткізіліп, колледждер мен кәсіпорындар арасында 250 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 30 мыңнан астам оқушыға кәсіби диагностика жүргізілді.

Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дарынды және болашағы зор студенттерді анықтау және қолдау, жоғары білікті мамандардың кадрлық резервін қалыптастыру мақсатында республикалық «ТОП – 100 студент» байқауы басталды.

«JasSkills» және «JuniorSkills» байқауларына дайындық басталды, сондай-ақ «Мансап Компасы» платформасында 100 мың оқушыны қамтитын кәсіби бағдарлау науқаны жүргізілуде.

Инклюзивті және арнайы білім беру

Алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандарты әзірленді. Бұл стандарт ерекше балаларды білім берудің барлық деңгейінде жүйелі түрде сүйемелдеуді мемлекеттік деңгейде бекітеді.

«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» Заң жобасы әзірленуде. Ол отбасы мен баланы сүйемелдеуге бағытталған ведомствоаралық тетіктерді қамтитын болады.

Ұлттық инклюзивті білім беруді дамыту орталығын құру жұмыстары жүргізілуде. Елдегі мектептердің 90%-ында инклюзивті білім беруге жағдай жасалған, ал арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған балалардың үлесі 85%-ға жетті. Арнайы білім беру ұйымдарының саны 504-ті құрайды.

Инфрақұрылым

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда 105 мектеп пайдалануға берілді, қалған 112 мектеп 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.

Келесі кезең – мектеп инфрақұрылымының бірыңғай заманауи форматына көшу аясында мектептерді жаңғырту (реновациялау). Президенттің тапсырмасына сәйкес, алдағы 3 жылда еліміздің барлық өңірлерінде мектептер жаңартылады. Бүгінде 1231 мектеп анықталды, олардың 54%-ы ауылдық жерлерде орналасқан.

Тәрбие жұмысы

Президенттің бастамасымен барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізілуде. Биылдан бастап бағдарламаға жекеменшік мектептер де қосылады, ал 2026 жылы кең көлемде енгізу шаралары қабылданады.

Бағдарлама аясында мектеп жанынан Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары, ал өңірлерде Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Басты басымдық – сынып жетекшілердің тәлімгер және тәрбиеші ретіндегі рөлін нығайту.

Балалардың құқықтарын қорғау

Балаларды қорғауда жылдам әрі қауіпсіз байланыс орнату мақсатында мектептер мен колледждерде «111» байланыс орталығына қол жеткізуге мүмкіндік беретін QR-кодтар енгізілді. Бұл – психологиялық, заңдық және әлеуметтік көмекке анонимді түрде жүгіну жолы.

          2025 жылы қамқоршылық органдардың штат саны 2,5 есеге ұлғаяды. Сонымен қатар жетім балалардың тәлімгерлері енді психологиялық дайындықтан өтетін болады.

Мемлекет жеке мектептерде оқитын бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Психологиялық қолдау орталықтары биыл 250 мыңнан астам оқушы мен олардың отбасыларына көмек көрсетті.

Жазғы демалыс және қауіпсіздік

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жазғы маусымға дайындықты бастады. 2025 жылғы жаз мезгілінде әртүрлі сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамту бағдарламаларымен 3,1 млн бала қамтылады. Оның ішінде 500 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санаттағы балалар. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 10 мың бала тегін демалу мүмкіндігіне ие болады.

Барлық ұйымдастыру жұмыстары 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары аясында жүргізілуде. Осы мақсатта республикалық және өңірлік штабтар құрылды. Жазда жұмысын бастайтын демалыс орталықтарының тізімі әзірленді.

Қауіпсіз әрі белсенді жазғы демалыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында жадынамалар, нұсқаулықтар және гайдбуктар дайындалып, таратылады.

 

 

15 апреля 2025
Қазақстандық 4 оқушы халықаралық математикалық олимпиадада ел намысын қорғайды

Қазақстанның құрама командасы 2025 жылғы 13-19 сәуір аралығында Приштина (Косово) қаласында өтетін қыздарға арналған Еуропалық математикалық олимпиадаға (EGMO) қатысуда, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
 
Зияткерлік сайыста әлемнің 60 елінен 240 оқушы бақ сынайды. Қазақстан құрамасын Алматы қаласындағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 11 сынып оқушысы Арай Қасенова, Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Юлия Катунина, Алматы қаласындағы С.А. Ходжиков атындағы №39 мамандандырылған лицейдің 11 сынып оқушысы Анар Дидарбекова және Аружан Қайрат таныстырады.
 
EGMO алғаш рет 2012 жылы Кембриджде (Ұлыбритания) өткізілді. Қазақстан командасы олимпиадаға 2017 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде еліміздің құрамасы 3 алтын, 9 күміс, 11 қола медаль және 4 құрмет грамотасын жеңіп алған болатын. Қазақстандық оқушыларға сәттілік тілейміз!

14 апреля 2025
Биылғы күзде Қазақстанда алғаш рет Инклюзия бойынша Бүкіләлемдік конгресс өтеді – оқу-ағарту министрі арнайы білім беру ұйымдарының ұжымдарымен кездесті

Конгресс 2025 жылдың күзінде Алматы қаласында инклюзия және арнайы білім беру саласындағы халықаралық сарапшылар мен шетелдік білім министрлерінің қатысуымен өтеді деп жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы білім беру ұйымдарының ұжымдарымен кездесу барысында айтты.

 Министрдің айтуынша, инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту — мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. 2023 жылы министрлік құрылымында арнайы департамент құрылды және ол осы бағыттағы жұмысты жүйелеуге мүмкіндік берді. Бір жылдың ішінде шамамен 20-ға жуық нормативтік-құқықтық акт қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Арнайы білім беру қажеттілігі бар балаларды кешенді қолдау туралы» ҚР Заңы әзірленуде.

 «Қолжетімді білім беру ортасын құру — тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің негізі. Қазіргі таңда біз осы салада заңнаманы жетілдіруден бастап, инфрақұрылымды жаңғырту мен кадрлық әлеуетті дамытуға дейінгі толыққанды қолдау жүйесін біртіндеп қалыптастырып келеміз. 2028 жылға дейін барлық арнайы білім беру ұйымдары заманауи материалдық-техникалық базаға ие болуы тиіс. Сонымен қатар педагогтердің кәсіби әлеуетін, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын арттыру және отбасыларға жүйелі қолдау көрсету де маңызды», — деді министр.



Бүгінде еліміздегі мектептердің 90%-ында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған. Арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған балалардың үлесі 85%-ға жетті. Педагог-ассистент, арнайы педагог, жеке көмекші жаңа лауазымдары енгізілді. Үш деңгейлі сүйемелдеу моделі жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, елімізде 504 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді, онда 235 мыңнан астам бала оқиды. Сондай-ақ министрлік үздіксіз инклюзивті білім берудің Ұлттық орталығын құру туралы шешім қабылдады.

Кездесу соңында министр кәсіби қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген педагогтерге ведомстволық марапаттар табыс етті.

14 апреля 2025
Еліміздің үздік ұстаздары мектептерге тәлімгерлік етеді
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің үздік педагогтерімен, ардагер ұстаздармен онлайн форматта кездесу өткізді. Ашық диалог алаңына айналған бұл жиын қазіргі білім беру жүйесіндегі және қоғамдағы мұғалімнің рөлін талқылауға арналды.

Кездесуге еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық педагог қатысты. Олардың арасында «Қазақстанның Еңбек Ері», «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атақтарына ие ұстаздар да бар. Бүгінде білім беру саласында 5 «Еңбек Ері» мен 74 «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» еңбек етуде. Сонымен қатар жыл сайын өткізілетін «Үздік педагог» республикалық байқауының 700-ден астам жеңімпазы бар.

Қазақстан педагог мәртебесін көтеру мақсатында түрлі мемлекеттік қаржылық қолдау тетіктерін енгізген санаулы елдердің бірі. Мемлекеттік марапат иегерлері, үздік педагогтер және шәкірті халықаралық олимпиадаларда үздік нәтиже көрсеткен мұғалімдерге 1000 АЕК көлемінде сыйақы қарастырылған.

 «Мемлекет басшысы ұстаздың рөлін қоғамның басты кейіпкері ретінде айқындап берді. Педагогтің еңбегі лайықты бағаланып, оны қолдау – мемлекеттің басым бағыттарының біріне айналды. Ендігі мақсат – осы игі бастамаларды жалғастырып, мұғалімдер арасында ағартушылық пен зиялылық сабақтастығын сақтау. Мемлекет марапатына ие болған ұстаздар ұлттың мақтанышына айналуы керек. Біз оларды алты алаштың төріне шығару арқылы бүкіл педагогтерге ұстаз еңбегінің лайықты бағаланатынын көрсетіп, жетістікке жетуге ынталандырамыз», – деді Ғани Бейсембаев.


Жиын барысында Қазақстанның Еңбек Ерлері Гүлжанар Нұрпейісова, Алма Шүкіжанова, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Нағиша Есбосын және «Еңбек ардагері» Орынша Қарабалина сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

 «Менің 54 жылдық ғұмырым мектеп қабырғасында өтті. Мемлекет басшысының ұстазға деген қамқорлығы – бұл бізге артылған сенім мен жауапкершілік. Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Себебі ұстаз болу – тек білім беру емес, ел болашағын тәрбиелеу», – дейді 93 жастағы ардагер ұстаз Орынша Қарабалина.


Кездесу соңында министр білім басқармаларына үздік ұстаздарды мектептерге тәлімгер ретінде тартуды тапсырды. Сондай-ақ, жас мұғалімдерге бағыт-бағдар беру мақсатында тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру қажеттігін айтты.

 Айта кетейік, қазіргі таңда министрліктің бастамасымен білім беру ұйымдарында «Қазақстанның Еңбек ері» және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанған педагогтердің фотогалереялары ашылуда.
Социальные сети
Instagram
Facebook
Youtube
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты