Меню
Страницы
Комитеттер
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Министрлік туралы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Бөлім туралы
Все материалы
26 августа 2025
Құқықбұзушылықтар саны үш есе қысқарды - Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің құқықтары туралы еске салды

Жаңа оқу жылының қарсаңында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облыс әкімдерінің орынбасарларымен, қала және аудан әкімдерімен, сондай-ақ білім басқармалары мен бөлімдерінің басшыларымен кеңес өткізді. Кездесуде ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының орындалуы талқыланды.

Кеңесте министр мемлекет тарапынан білім беру жүйесін дамыту, педагогтерді қолдау және балалардың құқықтарын қорғау бойынша ауқымды шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы республикалық тамыз конференциясында мұғалімдердің құқықтарын қорғау, педагогтерге өз қызметіне сәйкес келмейтін міндеттерді жүктемеу туралы ерекше атап өтті. Жергілікті атқарушы органдарының тарапынан заңның өрескел бұзылуы орын алған жағдайда, прокуратура органдары араласуы тиіс. Сондай-ақ балаларға қатысты болған қайғылы оқиғалар үшін де мұғалімдерді жазалау – орынсыз», – деді Ғани Бейсембаев.

Соңғы жылдары жағдай едәуір жақсарған. 2020 жылмен салыстырғанда заңбұзушылықтар саны үш есе азайды. Алайда, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы хабарлағандай, бұл мәселе кейбір өңірлерде әлі де сақталып отыр. Ең жиі кездесетін жағдайлар – мұғалімдерді өз міндетінен тыс жұмыстарға тарту, олардың ар-намысына тию, билет сатып алуға немесе түрлі іс-шараларға қатысуға мәжбүрлеу.

Кеңес барысында жергілікті атқарушы органдардың басшыларына Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылы қабылданған ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының негізгі нормалары жан-жақты түсіндірілді. Бұл заңда мұғалімдердің жүктемесін азайту, негізсіз тексерулер мен педагогке тән емес функцияларға жол бермеу, сондай-ақ жауапкершілікке тартудың құқықтық тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, педагогтерге құрметсіздік танытқандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 409-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Сонымен қатар заңда педагогтердің негізгі міндеттері нақты айқындалған. Олардың қатарында сапалы білім беру мен тәрбиелеу, баланың құқықтарын құрметтеу, педагогикалық этиканы сақтау, кәсіби құзыреттілігін үнемі жетілдіру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бар.

Кеңесті қорытындылай келе, министр мұғалімді қорғау арқылы біз баланың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ететінімізді атап өтті. Барлық мемлекеттік органдар «Педагог мәртебесі туралы» заңды орындауға міндетті. Бұл ретте өңірлік білім басқармалары мен аумақтық департаменттер заң талаптарын түсіндірумен қатар, олардың нақты орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Білім беру саласында заңдылық пен тәртіпті сақтау баршаға ортақ әрі міндетті талап болуы қажет.

26 августа 2025
«Педагогикалық идеялар панорамасы – 2025» байқауына өтініш қабылдаудың аяқталуына 1 апта қалды
Өңірлік кезеңнен өту үшін бейнематериал әзірлеу міндетті емес. Алдымен жұмыс мазмұны мен өзектілігі жазбаша түрде ұсынылуы қажет. Ал педагогикалық идеяның бейнематериалы республикалық кезеңге өткен соң сұралады.
 
Конкурс бағыттары:
1.Оқу сауаттылығы
2.Математикалық сауаттылық
3.Жаратылыстану-ғылыми сауаттылық
4.Цифрлық сауаттылық
5.Экологиялық сауаттылық
6.Мәдениетаралық сауаттылық
7.Қаржылық сауаттылық
 
Байқау талаптары:
* әрбір қатысушы тек бір бағыт бойынша бір жұмыс ұсына алады;
* жұмыс авторлық әдістемелік идеяны қамтуы тиіс;
* материал басқа конкурстарға ұсынылмаған, еш жерде жарияланбаған, авторлық құқықты бұзбайтын және Қазақстан заңнамасына сай болуы тиіс.
 
Байқауға еліміздің барлық өңіріндегі мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері қатыса алады.
 
Жеңімпаздар ТМД елдері арасында өтетін Педагогикалық шеберлік халықаралық фестиваліне қатысуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, байқау нәтижелері педагогтерді аттестаттау кезінде ескеріледі.
 
Конкурстың өңірлік кезеңіне қатысуға өтінімдер https://ppi.orleu.edu.kz сайтында 1 қыркүйекке дейін қабылданады.
 
26 августа 2025
Қазақстанда 90 мыңға жуық бала «Балақайлар мектебі» бағдарламасы бойынша мектепалды дайындықтан өтті

Жазғы демалыс кезінде бірінші сыныпқа баратын балаларға бірдей бастапқы мүмкіндік беру мақсатында мектепалды дайындыққа арналған «Балақайлар мектебі» қысқа мерзімді бағдарлама ұйымдастырылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бағдарлама мектепке дейінгі білім беру мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етеді, балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының бағыттары бойынша мектепке алдын ала дайындауға мүмкіндік береді.

Аталған бағдарлама мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру стандартына сәйкес әзірленді.

«Жазғы үш ай ішінде бастауыш сынып мұғалімдерінің қатысуымен 90 мыңға жуық мектепке дейінгі жастағы бала қысқа мерзімді дайындықтан өтті. Оның ішінде қалаларда шамамен 60 мың, ауылдық жерлерде 30 мыңнан астам бала қамтылды. Оқыту барысында балалардың физикалық, коммуникативтік, интеллектуалдық, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалды дағдыларын дамытуға, сондай-ақ мектепке оң көзқарасын қалыптастыруға басымдық берілді», – дейді Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.

Айта кетейік, мектепалды дайындық бағдарламасы 1 айға есептелген. Білім беру процесін білікті бастауыш сынып мұғалімдері немесе мектепалды даярлық педагогтері жүргізді.

25 августа 2025
Ата-аналар комитеттерін трансформациялау, жаңа мектептер, бірыңғай дизайн-код, жасанды интеллект және педагог мәртебесі – Ғани Бейсембаев алдағы оқу жылының басты міндеттерін айқындады

Шымкент қаласында «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында қалалық тамыз конференциясы өтті. Іс-шараға 2 мыңнан астам педагог, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Пленарлық отырысқа ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Министр мемлекет білім беру жүйесін дамыту бойынша ауқымды шаралар жүргізіп жатқанын атап өтті. Ол республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы мұғалімдердің құқықтарын қорғауға және оларды қызметіне жатпайтын міндеттерден босатуға ерекше назар аударғанын еске салды.

«Педагог өз құзыретіне кірмейтін оқыс оқиғаларға байланысты негізсіз айыптаулардан қорғалуы керек. Бұл – мемлекеттің негізгі ұстанымы. Мұғалімді қорғау арқылы біз балаларды және олардың сапалы білім алуға деген құқығын қорғаймыз», – деді министр.

Ғани Бейсембаев өз сөзінде 2025–2026 оқу жылында енгізілетін бірқатар жаңалықтарға жеке тоқталды. Атап айтқанда, «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізіле бастайды. Орта білім беру жүйесінде AI-ды қолданудың этикалық стандарттары бекітілді. Оқушыларға арналған Day of AI онлайн-курстары, педагогтерге арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары әзірленді.

Сонымен қатар, AI-Kitap білім беру платформасын кезең-кезеңмен енгізу жоспарда бар.
Маңызды бағыттардың бірі – ата-аналар комитеттерінің жұмысын қайта қарау. Қараша айында Ата-аналар комитеттерінің алғашқы республикалық форумы өтеді. Бұл жаңа алаң «мектеп – ата-ана – қоғам» үштағаны аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталады.

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде ішкі безендіруді біріздендіру бойынша бірыңғай дизайн-код кезең-кезеңмен енгізіледі. Бүгінде 100-ден астам жаңа «Келешек мектептері» бекітілген брендбук негізінде салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл стиль 1300 мектептің жөндеу жұмыстары барысында да қолданылады. Келешекте дизайн-код елдегі барлық білім беру ұйымдарын қамтитын болады.

Конференция соңында министр 25 педагогке ведомстволық марапаттар табыстады. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында білім беру ұйымдарының техникалық қызметкерлеріне ерекше назар аударылып, олар алғаш рет адал еңбегі мен Шымкенттегі білім беру саласының дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды.

25 августа 2025
Үшауысымды оқыту мәселесі жойылды – Оқу-ағарту министрі Шымкент қаласының білім беру ұйымдарына барды

Жаңа оқу жылы қарсаңында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкенттегі бірқатар білім беру ұйымдарына барды. Ол балалардың қауіпсіздігі, мектептерді педагогтермен қамтамасыз ету, тамақтануды ұйымдастыру және заманауи инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аударды.

Бүгінде қала мектептерінің қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтерілді. Барлық мекемелер бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған және ІІМ Жедел басқару орталықтарына қосылған. Бейнежазба әкімдіктің Ахуалдық орталығына да таратылады, бұл жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға және ықтимал сын-тегеуріндерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Мектеп инфрақұрылымында да үлкен өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 12 жаңа мектеп салынды. Солардың бірі – 2030 оқушы білім алатын №144 мектепке министр арнайы барды. Министрдің айтуынша, жаңа мектептердің құрылысы тығыз орналасқан шағын аудандардағы жүктемені азайтып, әрбір балаға жайлы жағдай жасауға септігін тигізеді. Қала әкімі қазіргі таңда үшауысымды оқыту мәселесі толығымен шешілгенін айтты.

Мектептерді жаңғырту жұмыстары реновация бағдарламасы аясында да жалғасуда. Шымкентте бұл жұмыстар 11 білім беру ұйымын қамтып отыр. Солардың бірі – Сайрам тұрғын алабындағы №109 мектеп. Мұнда жақында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, мектеп заманауи және қауіпсіз стандарттарға сай жағдайға келтірілді.

Білім беру жүйесін дамыту білікті кадрларсыз мүмкін емес. Педагогтермен кездесу барысында министр қазіргі мектеп тек оқушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта ғана емес, сонымен қатар мұғалімдер үшін де кәсіби өсу орнына айналуы керектігін атап өтті. Мемлекет педагогтерді қолдау және олардың кәсіби дамуы үшін барлық жағдайды жасап отырғанын жеткізді.

Сапар барысында инклюзивті білім беру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Сайрам көмекші мектеп-интернаты-колледжінде министр ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жасалған жағдайлармен танысты. Бүгінде Шымкент қаласында инклюзивті білім берумен қамту көрсеткіші балабақшаларда – 96%, ал мектептерде – 95% құрап отыр. Ұлттық деңгейде «Ерекше білімді қажет ететін балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы әзірленуде.

Министр жұмыс сапары аясында Шымкент аграрлық-техникалық колледжіне де барып, студенттерге арналған материалдық-техникалық база мен оқу жағдайларымен танысты. Колледж өңір экономикасы үшін аса қажет техникалық және жұмысшы мамандықтар бойынша мамандар даярлауда.

Сонымен қатар, Ғани Бейсембаев №2 Оқушылар сарайында оқушылармен және педагогтермен кездесіп, мемлекет тарапынан қосымша білім беру саласына жүйелі қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Соңғы үш жылда елдегі қосымша білім беру ұйымдарының саны екі есеге артса, биылдың өзінде бұл салаға 400 жаңа ұйым қосылды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа оқу жылынан бастап Шымкенттегі Президент резиденциясы дарынды балаларға арналған лагерь ретінде жұмыс істейтін болады.

Бүгінде Шымкент қаласында 1100-ден астам білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 290 мектеп бар. Бұл мектептерде 271 мың оқушы білім алып, 32 мың мұғалім еңбек етуде.

23 августа 2025
Колледжге құжат қабылдау мерзімдері туралы
«Egov.kz» порталына және «Ұлттық білім беру деректер қоры» (ҰБДҚ) ақпараттық жүйесіне жүктеменің жоғары болуына байланысты колледжге түсуге өтінім беру кезінде талапкерлер үшін уақытша техникалық қиындықтар байқалды.
 
Қазіргі уақытта барлық техникалық ақаулар толық жойылды. Барлық талапкерлер үшін тең мүмкіндік жасау мақсатында құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу мерзімі ұзартылды.
 
Сараптаудың (конкурстың) аяқталу мерзімдері:
• шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтар бойынша – 24 тамызға дейін;
• педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша – 25 тамызға дейін;
• орта буын мамандарын даярлау мамандықтары бойынша – 27 тамызға дейін.
 
Барлық сұрақтар бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласуға болады:
• Айтбаева Нұршат Жамбылқызы – +7 (7172) 74-92-84
• Сатанов Дархан Оралұлы – +7 (7172) 74-24-65
 
Сонымен қатар облыстық және қалалық білім басқармаларының байланыс нөмірлері:
1. Астана қ. – +7 701 737 40 02
2. Алматы қ. – +7 778 316 49 89
3. Шымкент қ. – +7 777 558 15 53
4. Ақмола облысы – +7 705 427 42 83
5. Ақтөбе облысы – +7 702 975 57 57
6. Алматы облысы – +7 707 693 32 39
7. Атырау облысы – +7 701 191 02 81
8. ШҚО – +7 705 528 52 58
9. Жамбыл облысы – +7 701 405 68 88
10. Жетісу облысы – +7 707 600 13 85
11. БҚО – +7 777 286 71 17
12. Қарағанды облысы – +7 701 181 95 08
13. Қостанай облысы – +7 776 811 44 22
14. Қызылорда облысы – +7 705 467 66 91
15. Маңғыстау облысы – +7 775 122 48 54
16. Павлодар облысы – +7 777 864 35 88
17. СҚО – +7 702 866 03 78
18. Түркістан облысы – +7 771 811 11 55
19. Ұлытау облысы – +7 705 189 35 51
20. Абай облысы – +7 702 523 43 89
 
22 августа 2025
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған мектептердің асханалары замануи талаптарға сай жабдықталған

Басты назарда - балалардың қауіпсіздігі мен тамақтану сапасы.

22 августа 2025
94 мыңнан астам педагог «Ұстаз» платформасы арқылы аттестаттаудан өтуде

2024–2025 оқу жылында педагогтерді аттестаттау процесі алғаш рет «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы толықтай цифрлық форматта жүргізілуде. Платформада мұғалімге қатысты мәліметтер бірнеше мемлекеттік дерекқордан автоматты түрде алынады. Қызмет орны, еңбек өтілі, білім деңгейі мен жетістіктері бір жүйеге жинақталған. Цифрлық формат қағазбастылықты жойып, аттестаттаудың әділ әрі ашық өтуіне мүмкіндік берді.

Ұстаздың педагогикалық шеберлігі туралы деректерді қадағалаушы мамандар бақылау парақтарын толырып, оны педагогтің жеке профиліне жүктейді. Әр маман сабақ қорытындысын электрондық цифрлық қолтаңба арқылы растап, педагог еңбегіне әділ баға береді. Ал білім сапасы, кәсіби жетістіктер мен белсенділік бойынша деректер әзірге арнайы модуль арқылы қолмен енгізілуде.

Бүгінде платформада мектепке дейінгі, жалпы орта, арнайы, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан 635 мыңнан астам педагог тіркелген. Олардың ішінде 94 мыңнан астамы «Педагог-модератор» және «Педагог-сарапшы» санаттары бойынша жүйе арқылы аттестациядан өтуде.

Бүгінде 66 мыңға (71%) жуық мұғалімнің аттестация қорытындысы шықты. Алдағы уақытта өзге де біліктілік санаттары қамтылып, цифрлық платформа аясы кезең-кезеңімен кеңейтіледі.

22 августа 2025
Жаңа оқу жылында жеке қауіпсіздік сабақтары қайта жүргізіледі
1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтары қайта басталады. Бұл сабақтар балалардың түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс әрекет етуге қажетті практикалық дағдыларын қалыптастыруға және жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауын дамытуға бағытталған.
 
Сабақтар балабақшалардан бастап колледждерге дейін білім берудің барлық деңгейін қамтиды. Әр жас ерекшелігіне сәйкес бөлек блок әзірленген:
•балабақша — жедел қызмет нөмірлерін білу, ойын және демалыс алаңдарындағы қауіпсіздік ережелері;
•бастауыш сыныптар — судағы және мұздағы қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен кездескенде өзін ұстау, қаңғыбас иттерден қорғану;
•орта буын сыныптары — буллинг пен кибербуллинг, қауіпті интернет-әуестенулер, бейтаныстардың ұсыныстарынан бас тарту, өз іс-әрекетіне жауапкершілікті қалыптастыру;
•жоғары сыныптар мен колледждер — қаржылық сауаттылық, алаяқтардан қорғану, онлайн-ойындардағы тәуекелдер, еңбек қауіпсіздігі, өз құқықтары мен міндеттерін білу, жеке әрекеттері үшін жауапкершілік.
 
Сабақтар әр аптада сынып сағаты аясында 10 минуттан өткізіледі және тақырыптар жылына үш рет қайталанады.
 
Бағдарламаны іске асыру барысында үш кезеңді мониторинг жүргізілді. Оның ішінде педагогтер мен психологтарға арналған кеңестер мен вебинарлар ұйымдастырылды, сондай-ақ полиция, ТЖМ және денсаулық сақтау өкілдері тартылды. Анкета алу, жобалар, бейнероликтер және өзге де интерактивті әдістер қолданылды.
 
«Тәжірибе көрсеткендей, мұндай сабақтар балалардың мазасыздығын төмендетіп, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастырады және оларды өмірдегі, онлайн ортадағы күрделі жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйретеді», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
 
Еске сала кетейік, жеке қауіпсіздік сабақтары 2023–2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар аясында енгізілген.
21 августа 2025
Жаңа оқу жылында 30 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырады

2025–2026 оқу жылында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы 30 980 педагогке арналған курс ұйымдастырады.
Бағдарламалар бастауыш сыныптан бастап, қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән мұғалімдерін қамтиды. Сондай-ақ тыңдаушылардың бір бөлігі инклюзивті білім беру, көшбасшылық, инновациялар мен цифрлық құзыреттілікке қатысты курстардан өтеді.
Жыл басынан бері мұндай курстарға 39 мыңнан астам мұғалім қатысты. Олардың ішінде ауыл мектептері педагогтерінің үлесі айтарлықтай басым — 56%.

Социальные сети
Instagram
Facebook
Youtube
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты