Меню
Страницы
Комитеттер
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Министрлік туралы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Бөлім туралы
Все материалы
16 апреля 2026
Қазақстан құрамасы Хьюстон қаласында өтетін робототехника бойынша әлем чемпионатына дайындалуда

Қазақстанның робототехникадан ұлттық құрамасы әлемдегі ең беделді халықаралық чемпионаттардың бірі FIRST Championship әлемдік кезеңіне дайындық жүргізуде. Аталған жарыс 29 сәуір мен 2 мамыр аралығында АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтеді. Команда құрамына 17 командадан 200-ден астам оқушы енді.

Қазақстан атынан сайыста Астана, Алматы, Шымкент, Орал, Қарағанды, Щучинск қалалары мен Түркістан облысының қатысушылары өнер көрсетеді. Командалар үш жас санаты бойынша сынға түседі:

FIRST LEGO League Explore 6–10 жас;
FIRST LEGO League Challenge 10–16 жас;
FIRST Tech Challenge 12–18 жас.

Биыл Қазақстанға 17 жолдама берілді.

FIRST әлемдік кезеңі жыл сайын 110 елден 50 мыңнан астам оқушы мен студентті біріктіреді. Чемпионат серіктестері қатарында әлемдік деңгейдегі жетекші технологиялық компаниялар мен университеттер бар. Қатысушыларға білім беру бағдарламалары мен гранттық қолдау ұсынылады, оның жалпы көлемі 80 млн долларды құрайды.

Ұлттық құрама 2026 жылғы ақпанда өткен Alem Tech Fest Орталық Азия чемпионатының қорытындысы бойынша жасақталды. Ұйымдастырушылар қатарында ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен USTEM Foundation қоғамдық қоры бар.

15 апреля 2026
Алматыда мектеп оқушылары арасында Республикалық пікірсайыс турнирі өтуде

Алматы қаласында мектеп оқушылар арасында Республикалық пікірсайыс турнирі өтуде. Биыл турнирге 9-11(12)-сынып арасынан қалалық және облыстық кезеңдерде жеңімпаз атанған 180 оқушы қатысуда.

Әр өңірден келген команда құрамы қазақ, орыс және ағылшын лигаларында бақ сынайтын 9 қатысушыдан тұрады. Турнир Дүниежүзілік мектеп пікірсайысы чемпионатының (World Schools Debating Championship) форматы бойынша өткізіліп, іріктеу кезеңдері мен финалдық ойындардан тұрады.

Турнир аясында қатысушылар «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан», сондай-ақ мектептегі өзін-өзі басқару жүйесі, ұлттық дәстүрлерді сақтау жолдары, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі және өзге де өзекті тақырыптарды талқылайды. Бұл тақырыптар жас дебатерлердің азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, сыни тұрғыдан ойлау және шешендік қабілеттерін дамытуға, қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерге өз көзқарасын білдіруге мүмкіндік береді.

Турнир бағдарламасына интеллектуалдық сайыстар мен спорттық жарыстар енгізілген. Бұл іс-шаралар қатысушылардың өзара достығын нығайтып, демалысын мазмұнды өткізуге бағытталған.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталады. Барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады.

Айта кетейік, елімізде 7 177 пікірсайыс клубы жұмыс істейді. Олар 195 700 білім алушыны қамтиды.

15 апреля 2026
Қостанай облысының оқушылары Абай мұрасын жаңа қырынан танытуда

Дүниежүзілік кітап күні қарсаңында Қостанай облысы Қарасу ауданындағы Абай атындағы мектепте «Абайды оқитын мектеп» жобасы сәтті жүзеге асыуда. Бастама аясында оқушылар классикалық әдебиетті оқып қана қоймай, оны күнделікті өмірде қолдануды үйренеді. Мектепте әдеби квиздер, мәнерлеп оқу конкурстары мен Абайдың қара сөздерін талқылау тұрақты өтіп тұрады. Бұл шаралар балалардың сыни ойлау қабілетін дамытуға және оқу сауаттылығын арттыруға бағытталған.

Жобаның тиімділігі оқушылардың облыстық және республикалық конкурстардағы нәтижелерінен көрінеді. Мысалы, республикалық олимпиада жүлдегері Дарья Спиридонова Абай шығармаларын оқу замандастарының кітапқа деген қызығушылығын оятқанын айтады.

Қазіргі уақытта жоғары сынып оқушылары арасында кітап оқу деңгейінің өскені байқалады. Мектеп оқушылары шығармалардың мағынасын тереңірек түсініп, алған білімдерін оқу процесінде қолдана бастаған. Абай мұрасына негізделген бұл тәжірибе оқушыларды тәрбиелеу мен олардың білімге деген ынтасын арттырудың тиімді жолы айналды.

15 апреля 2026
Астанада математика және механика бойынша халықаралық ғылыми жобалар конкурсы басталды

15-17 сәуір аралығында Астана қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы №1 мектеп-лицейі базасында Ө. Жолдасбеков атындағы 11(12) сынып оқушыларына арналған математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық конкурсы өтеді. Халықаралық ғылыми жарысқа Қазақстан, Тайланд және Түркия елдерінен 99 жобамен 135 оқушы қатысады.

Конкурстың негізгі мақсаты - оқушылардың ғылыми ойлау қабілетін дамыту, математика және механика салаларында дарынды оқушыларды анықтау, зерттеу дағдыларын қалыптастыру және жас ғалымдарға қолдау көрсету.
Ғылыми конкурс математика, қолданбалы математика, механика және экономикадағы математикалық әдістер бойынша төрт бағытта өткізіледі.

Ереже бойынша конкурсқа республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңдерінің жеңімпаздары, қорытынды кезеңге өтпеген І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом иегерлері және шетелдік мектептердің ұлттық ғылыми жобалар жарыстарының жеңімпаздары қатыса алады.

15 апреля 2026
Қазақстандық оқушылар EGMO қыздарға арналған халықаралық математикалық олимпиадасында үш медаль жеңіп алды

Францияның Бордо қаласында өткен EGMO-2026 қыздарға арналған халықаралық математикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Жарысқа 66 елден 247 оқушы қыз қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 медаль иеленді:

Күміс медаль – Катунина Юлия, Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;

Күміс медаль – Қайрат Аружан, Алматы қаласындағы С.А. Ходжиков атындағы №39 мамандандырылған лицейінің 11-сынып оқушысы;

Қола медаль Которова Вера, Алматы қаласындағы жаратылыстану-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы.

Құрама команданы жаттықтырған жетекшілер - Антон Васильев пен
Марат Нсанбаев. Жалпы командалық есепте Қазақстан 66 елдің ішінде 20-орынды иеленсе, ресми еуропалық елдер арасында 10-орынға тұрақтады.

Айта кету керек, 2017 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасы EGMO олимпиадасында 3 алтын, 16 күміс, 17 қола медаль және 4 құрмет грамотасын жеңіп алған.

14 апреля 2026
Оқу-ағарту министрлігі «Мен ұсынған 7 кітап» челлендж-эстафетасын жариялады

Сәуір айының 13- 23 аралығында елімізде Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне арналған онкүндік өтуде. Шара аясында Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы баспалар арасында «Мен ұсынған 7 кітап» челлендж-эстафетасын жариялады.

Бұл бастаманың негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырман қызығушылығын арттыру, сондай-ақ ұлттық әдеби мұраны дәріптеу.

Челлендж-эстафетаға қатысушы баспалар өз қорларынан оқырман қауымға ұсынуға лайықты 7 кітапты іріктеп, оларды ақпараттық ресурстар мен әлеуметтік желілерде жариялайды.

Сонымен қатар, бұл бастамаға кез келген азамат қатыса алады. Қатысушылар әлеуметтік желілерде сүйікті кітаптары туралы ұсыныстарын жариялап, ол кітаптардың маңызы туралы өз ойларымен бөлісе алады. Челлендж-эстафетасына қатысушылар төмендегі хэштегтерді қолдана алады.

#Ұлттықкітапкүні2026
#НациональныйДеньКниги2026

14 апреля 2026
Қазақстандық колледж студенті XIII Antalya Open Cup халықаралық турнирінің жүлдегері атанды

Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжінің студенті Ришат Мансуров Түркияның Кемер қаласында өткен муайтайдан XIII Antalya Open Cup халықаралық турнирінде тамаша өнер көрсетіп, І орынды жеңіп алды.

Ришат Мансуров кәсіптік колледждің 2 курс студенті, «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша білім алуда. Ол муайтай спортымен 8 жасынан бері тұрақты түрде айналысып келеді.

Бұл жарысқа әлемнің 25 елінен 500-ден астам спортшы қатысты. Аталған додада Қазақстан құрамасы да үздік нәтижелер көрсетіп, жалпы есепте 20 алтын, 11 күміс және 7 қола медаль иеленді.

14 апреля 2026
Елімізде балаларды терезеден құлаудан қорғауға бағытталған «Терезе - SAFE» республикалық науқаны басталды

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру аясында елімізде «Терезе-SAFE» ауқымды ақпараттық науқаны басалды. Бастаманың мақсаты жазатайым оқиғалардың алдын алып, балалардың терезеден құлауына жол бермеу. Статистикаға сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай оқиғалар 2023 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артқан. Қауіп тобында негізінен 2 мен 5 жас аралығындағы бүлдіршіндер тұр.

Науқанның негізгі элементі- әр отбасының күнделікті өміріне «Қауіпсіздік минуты» ережесін енгізу. Ережеге сәйкес ата-аналар күн сайын үй ішін қысқаша тексеріп шығу әдетін қалыптастыруы керек. Тексеру кезінде терезе бұғаттағыштарының беріктігіне және терезе алдында бала шығып кететін жиһаздың тұрмауына баса назар аудару қажет. Басты мақсат -әрбір ата-ананың бойында тұрмыстық қауіпсіздік дағдысын қалыптастыру.

Науқан аясында өңірлерде атқарылатын іс-шаралар:
Білім беру саласында:
Мектептер мен балабақшаларда «Қауіпсіз үй» тақырыбында сабақтар мен арнайы мамандардың қатысуымен ата-аналар жиналысы өткізіледі.
Тұрғын үй секторында:
Үй басқарушыларымен және белсенді тұрғындармен бірлесіп, терезелерге арнайы құлыптар орнату және қауіпсіздік ережелері жазылған ақпараттық парақшаларды тарату жұмыстары ұйымдастырылады.
Денсаулық сақтау саласында:
Жаңа туған нәрестелерді патронаждық тексеру кезінде медицина қызметкерлері үй ішіне шағын «қауіпсіздік аудитін» жүргізіп, ата-аналарға нақты кеңестер береді.

Науқан мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, жұртшылық пен БАҚ-тың тығыз ынтымақтастығы арқылы жүзеге асады. Бірлескен күш-жігер ересектердің бала өміріне деген жауапкершілігін арттырып, әр үйде қауіпсіз орта құруға бағытталған. Бұл жұмыс еліміздің барлық өңірінде балалар қауіпсіздігінің біріңғай стандарттарын қалыптастыруға және жарақат алу қаупін жүйелі түрде азайтуға мүмкіндік береді.

13 апреля 2026
Педагогтерді аттестациялаудың жаңа моделін әзірлеу бойынша

Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізуде. Жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты - педагог еңбегін әділ әрі ашық бағалау жүйесін қалыптастыру, артық талаптар мен негізсіз қаржылық шығындарды қысқарту.

Жаңа аттестация педагогтердің жұмыс нәтижелеріне негізделеді әрі барынша түсінікті, объективті форматқа көшіріледі.

Негізгі өзгеріс- педагогтердің білімін бағалау тесті толығымен тоқтатылады. Тестілеуден педагогикалық мамандық бойынша оқу орындарын аяқтап келген жас мамандар, педагогикалық өтілін тоқтатып, қайта жұмысқа орналасуға ниет білдірген педагогтер өтеді. Және ПББ тесті білім беру ұйымдарының басшылары, басшы орынбасарлары, әдістемелік орталық (кабинет) әдіскерлері үшін де сақталады.

Мектепте кемінде 2 жыл үздіксіз еңбек өтілі бар педагогтер біліктілік санатын алуға өтінім бере алады. Олардың біліктілігін бағалау жаңа Қағидаларға сәйкес тек практикалық нәтижелер негізінде жүргізіледі. Яғни, педагогтің портфолиосындағы кәсіби жетістіктері мен оқушыларының нәтижесі, оқу-тәрбие жұмысын жүргізудегі деңгейі бағаланады.

Сондай-ақ барлық деңгейлер үшін авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемеліктерін ұсыну талабы алынып тасталады.

Аталған өзгерістер 2027 жылдан бастап енгізілетін аттестаттау жүйесіне байланысты екенін естеріңізге саламыз.

Жаңа жүйеге біртіндеп көшу мақсатында өтпелі кезең енгізіледі. ПББ-ны бірінші рет тапсыру кезінде мәлімделген біліктілік санатына қажетті шекті балл жинай алмаған педагогтердің қолданыстағы біліктілік санаттары мен тиісті үстемақылары толық көлемде сақталады.

Олардың аттестаттауы 2026-2027 оқу жылына ауыстырылып, жаңа Қағидалар бойынша, ПББ тапсыру қажеттілігінсіз өткізіледі. ПББ тапсыру енді аттестаттаудан өтудің міндетті шарты болып табылмайды.

Осылайша, жаңа Қағидаларда аталған норманың алып тасталуына байланысты ПББ-ны қайта (ақылы негізде) тапсырудың күші жойылды. ПББ-ны қайта тапсыру үшін төленген қаражат толық көлемде қайтарылады.

Тестілеуден өткен, белгілі шарттарға сәйкес ПББ тапсырмай санаттарын растайтын педагогтер қолданыстағы Қағидаларға сәйкес аттестаттаудан осы оқу жылында өтеді.

Қазіргі уақытта педагогтерді аттестаттаудың жаңа форматының қағидалары әзірленуде.

Оқу-ағарту министрлігі бұл модельді енгізу мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізетін болады.

13 апреля 2026
Астанада «Келешек мектептері» арасында футзалдан республикалық турнир өтеді

Сәуір айының 14-18 аралығында «Келешек мектептері» оқушылары арасында футзалдан республикалық жарыс өтеді. Турнирдің мақсаты -мектеп спортының дамуына серпін беру, оқушылар арасында футзалды насихаттау, сондай-ақ спорттық-тәрбиелік жұмыстың сапасын арттыру. Сонымен қатар мектепаралық жарыстарды ұйымдастырудың тиімді моделін қалыптастыру көзделген.

Жарысқа еліміздің 20 өңірінен 7-8 сынып оқушыларынан құралған командалар қатысады. Турнир ойындары Астана қаласындағы «Келешек мектептері» базасында және Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өтеді.

Бағдарламаға сәйкес, 14 сәуірде турнирдің ресми ашылу салтанаты ұйымдастырылады. Сондай-ақ қатысушылардың шеруі мен шоу-матч өткізу жоспарланған. Кейінгі күндері іріктеу кезеңінің ойындары, ширек финал және жартылай финал кездесулері өтеді.

Финалдық ойын 17 сәуірге жоспарланған. Сол күні жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтеді. Айта кетейік, турнир мектептерде бұқаралық спортты дамытуға және оқушылардың дене белсенділігін арттыруға бағытталған.

Социальные сети
Instagram
Facebook
Youtube
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты