Меню
Страницы
Комитеттер
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Министрлік туралы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Бөлім туралы
Все материалы
31 марта 2026
Оқу-ағарту министрлігінде жаңа Конституцияны талқылау өтті

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаңа Конституция нормаларын білім беру саласында жүзеге асыру жайы талқыланған кеңейтілген жиын өткізді. Жиын барысында жалпыхалықтық референдумның қорытындылары мен тарихи маңызына талдау жасалып, Конституцияның нормаларын жүзеге асырудың стратегиялық басымдықтары айқындалды. Шараға ҚР Оқу-ағарту вице-министрлері, аппарат жетекшісі, комитет төрағалары мен департамент директорларынан бастап министрліктің барлық қызметкерлері қатысты.

Жиында сөз алған сала министрі «Жаңа Конституцияда білім, ғылым, инновациялармен технологияларды және адам капиталын дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды. Бастауыш және негізгі орта білімнің міндетті түрде бекітілуі мемлекеттің білім саясатына деген стратегиялық көзқарасын аңғартады. Тұтастай алғанда, білім жүйесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың - жаһандық ғылыми-технологиялық өзгерістер жағдайында табысты әрі бәсекеге қабілетті технологиялық ұлт қалыптастыру міндетін кезең-кезеңімен жүзеге асыратын болады. Бүгінгі таңда басты міндет - әрбір баланың тұрған жеріне және әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуына жағдай жасау. Бастауыш білімді Конституциялық деңгейде бекіту - әрбір баланың сапалы білім алуына қол жетімділігін айқындайды» - деді.

Министрлік қызметкерлері де жаңа Конституцияның мемлекеттік басқару жүйесіне тигізер әсері туралы пікірлерін білдірді. Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Айтқожа Әбсадықов жаңарған Конституцияны «болашаққа бағытталған нық қадам» деп бағалады.

«Мен өзімнің мемлекеттік қызметші екенімді мақтан етемін. Жетістіктерімді қажырлы еңбек пен жинақтаған тәжірибемнің жемісі деп санаймын. Бүгінде елімізде жастардың кәсіби тұрғыдан өсуіне барлық жағдай жасалған. Ата Заңымыз бұл мүмкіндіктерді одан әрі кеңейтіп, «Адал азамат» тұжырымдамасының игілігін сезінуге жол ашты. Адам капиталы, сапалы білім мен инновацияға ұмтылыс - мемлекетіміздің негізгі құндылықтары ретінде Конституцияда айқын айшықталған», - деді Айтқожа Әбсадықов.

Сонымен қатар жиында әлеуметтік және отбасылық құндылықтарды қорғау мәселесі де көтерілді. Заң департаментінің бас сарапшысы Бекзат Дүйсембаева Конституциядағы неке мен отбасы институтына қатысты жаңа нормалардың маңызына тоқталды.

«Көпбалалы ана ретінде Жаңа Конституцияда бекітілген неке институтына қатысты, яғни «ер адам мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы» деген норманың енгізілуін дер кезінде қабылданған әрі қоғамдағы тұрақтылық пен ұрпақ тәрбиесінің іргетасын нығайтатын аса маңызды шешім деп санаймын», -деді Бекзат Дүйсембаева.

Сонымен бірге жиында Орта білім беру комитетінің басқарма басшысы Гүлсила Мұздыбекова, Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті директорының орынбасары Қожахмет Жәдігер өз пікірлерін білдірді.

Мәжілісті қорытындылаған министрліктің аппарат жетекшісі Айдос Жолманов мемлекеттік аппараттың үйлесімді жұмысы мен жаңа құқықтық нормаларды мүлтіксіз орындаудың маңызына тоқталды.

31 марта 2026
Қазақстандық оқушы пластик қалдықтарынан эко-асфальт өндіру технологиясын ойлап тапты

Абай облысы, Аягөз қаласындағы №10 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Аружан Қабдулмаратова қайта өңделген пластикті пайдалана отырып, «Эко-асфальт» технологиясын әзірледі.

Жас ғалым жобамен 7-сыныптан бастап айналысып, бірнеше жыл бойына жүйелі түрде дамытты. Нәтижесінде тұрмыстық пластик қалдықтарын қайта өңдеп, оны асфальт құрамына қосуға мүмкіндік беретін шешім ұсынды.

Асфальтқа пластик қосу оның беріктігін арттырып, пайдалану мерзімін ұзартады. Мұндай өнім өзінің пайдалану сипаттамаларын 12–18 жылға дейін, кейде 20–25 жылға дейін сақтай алады. Сонымен қатар, дәстүрлі технологиялармен салыстырғанда өндіріс құны төмендейді.

Жобада қосымша жол жабынының сапасын бақылауды автоматтандыру да қарастырылған. Оқушы жол бойына автономды роботтар жүйесін енгізуді де ұсынады. Оның тұжырымдамасы бойынша, «А» роботы жол бетіндегі ақауларды анықтаса, «В» роботы оларды жедел түрде жөндейді. Бұл тәсіл жөндеу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

«Эко-асфальт» әзірлемесі пластик қалдықтарының көлемін азайтуға және жол құрылысына заманауи шешімдерді енгізуге бағытталған.

31 марта 2026
Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру курстары басталды

Қазақстанда педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету және құзыреттерін жүйелі арттыру мақсатында біліктілікті арттыру курстары басталды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұстаздардың нақты сұранысы мен қажеттіліктеріне сәйкес 38 заманауи білім беру бағдарламасын әзірледі.

Аталған оқу бағдарламалары негізінде біліктілікті арттыру курстары еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен ұйымдастырылады. Оқыту мазмұны мектепке дейінгі және орта білім беру деңгейлеріндегі барлық пәндік бағыттарды қамтиды. Бағдарламалар педагогикалық тәжірибені заманауи технологиялармен ұштастыруға негізделіп, оқу үдерісінде жасанды интеллект құралдарын кіріктіруді көздейді. Сонымен қатар инклюзивті білім беру мен басқарушылық құзыреттерді дамытуға басымдық берілген.

Көшбасшылық бағытындағы курстар білім беру ұйымдарын басқаруда стратегиялық ойлау мен жүйелі тәсілді қалыптастыруға бағытталса, инклюзивті білім беру модульдері оқу бағдарламаларын бейімдеу, білім алушылардың жеке қажеттіліктерін ескеру бойынша нақты практикалық шешімдерді қамтиды.

Аталған бағдарламалар педагогтердің кәсіби дамуын жүйелі қолдауға, білім беру сапасын арттыруға және білім беру жүйесінің мазмұндық жаңаруын қамтамасыз етуге бағытталған. «Өрлеу» ұйымдастырған біліктілікті арттыру курстары осы жылдың қараша айының соңына дейін жалғасады.

31 марта 2026
Бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау тәртібі өзгерді

Қазақстанда бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау процесін оңтайландыру мақсатында маңызды өзгерістер енгізілді. Оқу-ағарту министрлігі өткен жылдардағы тәжірибені зерделей келе, қабылдау науқанының басталу мерзімін 1 сәуірден 27 мамырға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бұл қадам 1- сыныпқа қабылдау процесін негізгі оқу кезеңінен бөлектеуге, мектеп әкімшілігіне түсетін жүктемені азайтуға және білім беру процесіне кедергі келтірмеу мақсатында жасалған.

Жаңа ережеге сәйкес, мектепалды даярлық бағдарламасын белгілі бір білім беру ұйымында меңгерген және оқуын сол мектепте жалғастыруға ниет білдірген балалар бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылданады. Бұл жаңашылдық құжат айналымын айтарлықтай қысқартып, ата-аналар үшін рәсімдерді жеңілдетеді, сондай-ақ мектепалды даярлық пен бастауыш білім беру арасындағы сабақтастықты нығайтады. Сонымен қатар, ата-аналардың баласын басқа мектепте оқытуды таңдау құқығы толық сақталып, құжаттарды жалпы тәртіппен тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.

Цифрлық жүйелердің жұмысын тұрақтандыру мақсатында биылдан бастап өтініштерді қабылдаудың өңірлік кестесі енгізіледі. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп әзірленген бұл тәсіл ақпараттық жүйелерге түсетін техникалық салмақты теңгеруге көмектеседі. Әр өңір үшін бекітілген кезең-кезеңімен қабылдау кестесі техникалық іркілістердің алдын алып, портал жұмысының үздіксіздігін қамтамасыз етеді.

Жалпы алғанда, ұсынылған өзгерістер қабылдау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттырып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бұл шаралардың білім беру ұйымдарының басқарылуын жақсартып, ата-аналар мен мектеп ұжымы арасындағы байланыстың қолайлылығын арттырады.

30 марта 2026
«Педагогикалық идеялар панорамасы - 2026» республикалық байқауына өтінім қабылдау жалғасуда

Байқауға қатысуды жоспарлаған педагогтерге өтінім беру тәртібімен алдын ала танысу ұсынылады. Осы мақсатта әзірленген бейне-нұсқаулық өтінім тапсыру үдерісін жүйелі ұйымдастыруға, техникалық қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Байқауға еліміздің барлық өңіріндегі мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері қатыса алады. Конкурс нәтижелері педагогтерді аттестаттау кезінде ескеріледі. «Педагогикалық идеялар панорамасына» педагогтер тарапынан қызығушылық жыл сайын артып келеді. Өткен жылы рекордтық 16 мыңнан астам өтінім түскен.

Толық ақпарат пен байқау шарттары ppi.orleu.edu.kz сайтында жарияланған. Өтінімдер 30 маусымға дейін қабылданады.

30 марта 2026
Балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба мерзімі ұзартылды

Қазақстанда ваучерлік қаржыландыру әдістемесін қолдана отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша пилоттық жобаның іске асу кезеңі 2026 жылғы 1 шілдеге дейін жалғастырылады. Бұл норма Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің тиісті бұйрығымен бекітілген.

Құжатқа енгізілген түзетулер мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларын жетілдіруге бағытталған.

Ваучерлік қаржыландыру жүйесінің негізгі артықшылығы - ата-аналарға балабақшаны өз бетінше таңдау мүмкіндігі берілуі. Бұл жеке және мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар арасында дұрыс бәсекелестікті қалыптастырады, қаржыландыру процесін ашық етеді, яғни «ақша ұйымға емес, балаға беріледі».

Жаңа жүйе балабақша кезегіне тұру рәсімін жеңілдетіп, заңсыз факторларды болдырмайды, сонымен қатар қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта пилоттық жоба республиканың 20 қаласы мен облыстардың 23 ауданында енгізілген. 2025 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдар кезең-кезеңімен ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшірілуде.

Жобаны іске асыру тиімділігі кешенді түрде талданып, нәтижелері бойынша мектепке дейінгі білім беру жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірленеді.

30 марта 2026
Еліміздің 1000-ға жуық мектептері мен колледждерінде құқықтық мәдениет сабақтары басталды

Бүгіннен бастап еліміздің барлық өңірлерінде 1000-ға жуық мектеп пен колледжде «Заң және тәртіп» жобасы аясында құқықтық мәдениет сабақтары басталды. Жобаны ауқымды түрде енгізу туралы шешім Алматы облысының Талғар ауданында жүргізілген пилоттық кезеңнің қорытындылары негізінде қабылданды. Онда оқушылар арасында буллинг пен құқық бұзушылықтардың төмендегені тіркелуде.

Жоба ең кең қамтылған өңірлер қатарында Шымкент қаласы - 100-ге жуық беру ұйымы, Қарағанды облысы - 190-нан астам, Павлодар облысы - шамамен 110 ұйымды қамтиды. Оқушылармен жұмысқа құқық қорғау органдарында қызмет еткен тәжірибесі бар 600-ден астам тәлімгер тартылған. Сабақтар екі аптада кемінде бір рет өткізіледі.

Пилоттық кезең Талғар ауданындағы 10 мектеп пен 3 колледжде өткізіліп, 9 мыңнан астам оқушыны қамтыды. Мониторинг нәтижелері бойынша буллинг пен кибербуллинг жағдайлары 18%-ға төмендегені, мінез-құлық тәуекелі төмен оқушылар үлесінің 31,9%-ға артқаны, сондай-ақ баса назар аударуды қажет ететін жасөспірімдер санының 30%-ға азайғаны анықталды.

Жоба оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында «Заң және тәртіп» жобасы республика бойынша кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алу мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба білім алушылардың заңға бағыну мәдениетін және жауапкершілік дағдыларын дамытуға ықпал етеді.

28 марта 2026
«Келешек мектептері» жобасының даму бағыттары айқындалды

Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Келешек мектептерінің» директорларымен кездесу өткізіп, сала менеджерлерінің ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады, Келешек мектептерінің даму стратегиясын талқылады. Кездесу барысында білім сапасын арттыру мен мектеп менеджментінің заманауи стандарттарын енгізу мәселелеріне көңіл бөлінді.

Ашық микрофон форматында өткен пікірталас барысында «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба бүгінде жаңа білім беру моделінің негізгі іргетасына айналды. Сіздер басқаратын мекемелер білім сапасы жаңа моделінің платформасы»,- деді сала министрі.

Министр өз сөзінде жасанды интеллект пен автоматтандыру дәуірінде мектептің миссиясы түбегейлі өзгеріп жатқанын айтты. Халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыру Келешек мектептерінің менеджменті алдында тұрған басым бағыттардың бірі. Сол себепті, алдағы уақытта мектеп бітірушілер тек ұлттық емтихандармен шектелмей, IELTS және SAT сияқты халықаралық стандарттарға сай білім деңгейін дәлелдеуі қажет. Осыған байланысты мектептерде академиялық ағылшын тілі, сыни ойлау және аргументация дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Сонымен қатар, STEM және инженерлік бағыттарды дамыту мақсатында қолданыстағы 180 робототехника кабинеті мен 150 STEM-зертхана оқушылар үшін нақты тәжірибелік және зерттеу алаңына айналуы тиіс.

Оқу сауаттылығы мен функционалдық дағдыларды дамыту мақсатында «Келешек мектептерінде» оқырман мәдениетін қалыптастыру ісі қолға алынады. Жұлдыз Сүлейменова мектептерде «Бір айда - бір кітап» қағидатын енгізуді ұсынды. Жоба аясында барлық желілік мектептерде 12 кітаптың бірыңғай тізімі түзіліп, оқылып, талқыланады. Бұл бағыт оқушылардың дебаттық және коммуникациялық дағдыларын дамытуға көмектеспек. Сондай-ақ бұл мектептердегі тәрбие мазмұны домбыра, ұлттық спорт және бейінді сыныптар жұмысымен ұштасып, тұлғаның рухани және кәсіби толысуына жағдай жасайды.

27 марта 2026
Астанада ауыл мұғалімдеріне арналған республикалық әдістемелік интенсив өтуде

Астана қаласында «Ауыл мектебіндегі STEM: идеядан тұрақты тәжірибеге» атты республикалық әдістемелік интенсив өтуде. Ауқымды шараға еліміздің әр өңірінен мыңға жуық ауыл мұғалімі қатысуда. Оның ішінде 200-ге жуық педагог республикалық интенсивке офлайн форматта қатысса, 800-ден астам ауыл мұғалімі онлайн режимде біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алды. Шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен білім саласында жүзеге асып жатқан жүйелі реформаларға тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты қолдауы және іргелі реформаларының нәтижесінде білім саласында шешімін тапқан жүйелі әрі кешенді нәтижелер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелеуге бағытталған «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған бірыңғай тұжырымдамасы әзірленді. Оның аясында алғаш рет осы саладағы барлық қолданыстағы шаралар мен бағдарламалар бірыңғай стратегиялық негізге біріктірілді», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр өз баяндамасында 2025 жылды орта білім саласы үшін «тарихи жыл» деп бағалап, оқушылардың халықаралық аренадағы жетістіктеріне тоқталды. Мәселен, 1 720 оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда бақ сынап, ел қоржынына 1 006 медаль салды. Мемлекет басшысының бастамасымен олимпиада жүлдегерлері мен олардың тәлімгерлеріне 100 миллион теңгеден астам қаражат төленді. Келер жылдан бастап мұндай ынталандыру шаралары пәндік олимпиадалармен қатар халықаралық ғылыми байқау жеңімпаздарына да берілетін болады.

Жұлдыз Сүлейменова ауыл мұғалімдері алдындағы баяндамасында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне де ерекше назар аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында елімізде халықаралық стандартқа сай 217 «Темірқазық» мектебі бой көтерді. Бұл инновациялық білім ордалары заманауи STEM-зертханалармен және робототехника кабинеттерімен жабдықталған.

«Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жою-мемлекет үшін стратегиялық басымдық. Реновациядан өтетін 1 300 мектептің 820-сы және жаңадан салынған «Келешек мектептерінің» 84-і дәл осы ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл қадамдар білім теңсіздігін жоюға бағытталған. Соңғы төрт жылда елімізде 1,1 млн оқушыға арналған 1 242 жаңа мектеп салынып, нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 4 есеге, ал апаттық жағдайдағы мектептер 2,5 есеге қысқарды. Бұл - мемлекеттің адам капиталын дамытуға қаншалықты мән беріп отырғандығының нақты көрінісі», - деді сала министрі.

Ұстаздар мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстардың нәтижесіне халықаралық TALIS-2024 зерттеуінің қорытындысы дәлел. Қазақстан мұғалімдердің жалақыға қанағаттану деңгейі бойынша әлемдегі үздік бес елдің қатарына еніп, бұл көрсеткіш 2018 жылғы 39%-дан 71%-ға дейін өсті. Ұстаздардың апталық жүктемесі мен әкімшілік жүктемелерінің азаюы педагогтердің 95%-ының өз жұмысына көңілі толуына септігін тигізді. «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мектеп мұғалімдерінің еңбекақысы екі есеге артып, ұстаздардың қоғамдағы беделі нығая түсті.

Тәрбие жұмысының негізі ретінде барлық білім ордаларында «Адал азамат» біртұтас бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама жас ұрпақтың бойында отаншылдық, әділдік және еңбекқорлық құндылықтарын қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдарда «Ақша баламен бірге жүреді» ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіліп, кезекте тұрғандар саны екі есе азайды. Қосымша білім беру саласында да 2025 жылдан бастап бірқатар өңірде «бір ваучер - бір бала» қағидаты бойынша пилоттық жобалар қолға алынады.

Цифрландыру және жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізу - алдағы кезеңнің басты міндеті. Мемлекет басшысы биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Министрлік осы бағытта «Qazaq Digital Mektebi» жобасы мен «QazTech» платформасын іске қосуда. Өткен жылы 240 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллект бойынша біліктілік курстарынан өтсе, келер жылы «ChatGPT Edu» жобасы аясында педагогтердің рутиналық жұмысын жеңілдететін цифрлық ассистенттерді енгізу жоспарлануда.

Астанада өтіп жатқан интенсив бағдарламасы аясында ауыл педагогтері қазіргі заманғы педагогикалық және фасилитациялық сессияларға қатысып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану, жобалық басқару және командалық жұмысты үйлестіру, оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін ұштау бағыттарында өзара тәжірибе алмасуда. Сонымен қатар, республикалық интенсив барысында мұғалімдер өз іс-тәжірибелеріндегі үздік STEM-кейстерді таныстырды.

27 марта 2026
Қазақстандық оқушы Harvard University-ге оқуға түсті

Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Бөрте Сайранбекқызы Harvard University университетіне оқуға қабылданды.

Оқушы Advanced Placement бағдарламасының мүмкіндіктерін тиімді пайдаланды. Оқу барысында табандылық пен еңбекқорлық танытқан оқушы 10-сыныптан кейін түрлі пәндер бойынша 7 емтихан тапсырып, AP International Diploma иегері атанды.

Бөрте қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Сонымен қатар қытай тілін оқып, Advanced Placement бағдарламасы аясында қытай тілінен де емтихан тапсырды. SAT, IELTS, CAE және HSK халықаралық емтихандарында жоғары нәтижелер көрсетті.

Мектеп бағдарламасы аясында ғылыми жобалармен айналысты. Мектептің қолдауымен халықаралық ғылыми бағдарламаға іріктеуден өтіп, АҚШ университеті профессорының жетекшілігімен білім алып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оқу барысында Бөрте академиялық жүктемені әлеуметтік және шығармашылық бастамалармен ұштастыра білді.

Үздік шәкірттің айтуынша, Harvard University-ге түсу жүйелі дайындықтың, тұрақты мотивацияның және тиімді білім беру ортасының нәтижесі болды.

Социальные сети
Instagram
Facebook
Youtube
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты