Меню
Страницы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Қызметі
Баспасөз орталығы
Комитеттер
Министрлік туралы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Бөлім туралы
Құжаттар
Все материалы
09 сентября 2026
Жұлдыз Сүлейменова PISA-2025 зерттеуінде жоғары және тұрақты нәтиже көрсеткен өңірлерді атап өтті

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірлік білім басқармалары басшыларының қатысуымен PISA-2025 халықаралық зерттеуінің өңірлер бөлінісіндегі нәтижелері қаралды.

Министр зерттеудің негізгі бағыттары бойынша жоғары нәтиже көрсеткен өңірлерді атап өтті. Астана мен Солтүстік Қазақстан облысы жаратылыстану, математика және оқу сауаттылығы бойынша барлық үш бағытта да үздік үштікке еніп, жоғары және тұрақты нәтиже көрсетті.

Жаратылыстану

1. Солтүстік Қазақстан облысы
2. Астана
3. Қостанай облысы

Математика

1. Жамбыл облысы
2. Астана
3. Солтүстік Қазақстан облысы

Оқу сауаттылығы

1. Астана
2. Қостанай облысы
3. Солтүстік Қазақстан облысы

Осылайша, өңірлер арасында математикалық сауаттылық бойынша ең жоғары нәтижені Жамбыл облысы, жаратылыстану бойынша Солтүстік Қазақстан облысы, ал оқу сауаттылығы бойынша Астана көрсетті.

«PISA нәтижелерін жекелеген өңірлердің жетістігін бағалау ретінде ғана емес, ең алдымен білім сапасын одан әрі арттырудың құралы ретінде қарастыру қажет. Тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп отырған өңірлердің тәжірибесін жан-жақты зерделеп, тиімді практикаларды айқындау және оларды тарату маңызды. Сонымен қатар нәтижелері жұмысты күшейтуді қажет ететін өңірлерге ерекше назар аударылуы тиіс», - деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.

Кеңес қорытындысы бойынша құрылымдық бөлімшелер мен ведомствалық бағынысты ұйымд басшыларына PISA-2025 нәтижелерін өңірлер бөлінісінде егжей-тегжейлі талдап, білім беру нәтижелеріндегі айырмашылықтарды қысқарту бойынша тиісті шараларды айқындау тапсырылды.

09 сентября 2026
Қазақстан делегациясы БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетімен диалог алдындағы дайындық сессиясына қатысты

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова және мемлекеттік делегация мүшелері БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетімен өтетін алдағы сындарлы диалогқа дайындық аясындағы оқу-имитациялық сессиясына қатысты.

Комитет отырысы Женевада Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы конвенция ережелерін орындауы жөніндегі біріктірілген бесінші және алтыншы мерзімді баяндамаларын қарау аясында өтеді. Қазақстанның мемлекеттік делегациясын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова басқарады.

Делегация құрамына Оқу-ағарту, Сыртқы істер, Ішкі істер, Мәдениет және ақпарат, Денсаулық сақтау, Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Бас прокуратураның, Сот әкімшілігінің, сондай-ақ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері кірді.

Дайындық сессиясы ЮНИСЕФ және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылды. Оның форматы Комитеттің алдағы отырысына барынша жақындатылды. Қатысушылар мемлекеттік делегацияның кіріспе сөзін, Комитет мүшелерінің ықтимал сұрақтарына жауаптарды және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды пысықтады.

Дайындық барысында Бала құқықтары туралы конвенцияның негізгі ережелері, сындарлы диалог өткізу тәртібі және Қазақстан ұсынған материалдар да қаралды.

Алдағы диалог Қазақстанның балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерін іске асыруды, сондай-ақ осы бағыттағы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіру шараларын талқылауға мүмкіндік береді.

09 сентября 2026
Қазақстандық оқушылардың PISA-2025 нәтижелері

ЭЫДҰ PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижелерін жариялады. Қазақстанда зерттеу 2025 жылғы сәуір-мамыр айларында өткізіліп, оған еліміздің барлық өңіріндегі 643 білім беру ұйымынан 15 жастағы 22 680 білім алушы қатысты. Жалпы жаңа цикл 91 ел мен аумақты қамтып, оған 15 жастағы 760 мыңнан астам білім алушы қатысты.

PISA-2025 зерттеуінің ерекшеліктерінің бірі «Цифрлық әлемде білім алу» жаңа инновациялық бағытының енгізілуі болды. Бұл бағыт білім алушылардың жаңа білімді өз бетінше меңгеру және цифрлық ортада міндеттерді шешу қабілетін бағалайды.

Нәтижелер қазақстандық мектептердің цифрлық дайындық деңгейінің жоғары екенін және ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіштерден едәуір жоғары екенін көрсетті. Оқушылардың 80%-ы сабақ барысында жасанды интеллект көмегімен жасалған контентпен жұмыс істейді, ал ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш 63%-ды құрайды. Сондай-ақ білім алушылардың 85%-ы цифрлық құрылғыларды пайдалануға қатысты пәндік ұсынымдар қолданылатын мектептерде оқиды, ЭЫДҰ бойынша бұл көрсеткіш 71%-ды құрайды.

Балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша да жоғары көрсеткіштер тіркелді. Қазақстандық оқушылардың 77%-ы буллингке тап болмайтынын атап өтті, ал ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш 53%-ды құрайды.

Қазақстандағы білім алуға қолайлы тәртіптік ахуал индексі 0,80-ді құрады, бұл ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіштен (0,14) едәуір жоғары. Сонымен қатар оқушылардың 71%-ы мектептің оларды болашақ өмірге қажетті деңгейде дайындайтынын атап өтті, ал ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш 51%-ды құрайды.

Бұл нәтижелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім берудегі тәрбие компонентін күшейтуге, құндылық бағдарларды қалыптастыруға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бағдары аясында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың, оның ішінде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының нақты нәтижесін көрсетеді.

Педагогтердің қолдауы да жоғары бағаланды: Қазақстанның тиісті индексі 0,65-ті құраса, ЭЫДҰ бойынша 0,03. Оқушылардың өзара білім алуы бойынша Қазақстанның көрсеткіші 87%-ға жетті, ал ЭЫДҰ бойынша 51%-ды құрайды.

Қазақстандық білім алушылардың 75%-ы өсуге бағытталған ойлау ұстанымын көрсетеді, бұл ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіштен (69%) жоғары. Когнитивтік бейімделу индексі де ЭЫДҰ-ның орташа көрсеткішінен жоғары: 0,21 және 0,01. Бұл оқушылардың технологиялық өзгерістер жағдайында жаңа тәсілдерді меңгеруге және жаңа міндеттерді шешуге дайын екенін көрсетеді.

Қазақстанның экологиялық хабардарлық, позитивті экологиялық ұстанымдар және экологиялық білім алу мүмкіндіктері бойынша индекстері ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштерінен жоғары. Оқушылардың жоғары экологиялық белсенділігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мақсаттарымен үндеседі.

PISA-2025 бағалауының негізгі бағыты жаратылыстану-ғылыми сауаттылық болды. Зерттеу қорытындысы бойынша қазақстандық білім алушылардың орташа нәтижесі жаратылыстану бойынша 420 балл, математика бойынша 414 балл және оқу сауаттылығы бойынша 385 баллды құрады. Жаратылыстану-ғылыми және оқу сауаттылығы бойынша нәтижелер PISA-2022 деңгейінде сақталды. Сонымен қатар жаратылыстану бойынша көрсеткіш 2018 жылғы деңгейден жоғары, ал оқу сауаттылығы бойынша нәтижелер ұзақ мерзімді тұрақтылықты сақтап отыр.

Сонымен бірге зерттеу одан әрі жұмысты күшейтуді қажет ететін бағыттарды айқындады: өңірлер мен мектептер арасындағы айырмашылықтарды қысқарту, білім алушылардың базалық білімі мен дағдыларын нығайту, оқыту сапасын арттыру.

PISA-2025 нәтижелеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізілгеннен кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» орталығы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, өңірлер бөлінісінде білім беру жүйесінің көрсеткіштерін одан әрі жақсарту жөніндегі ұсынымдар әзірлейді.

08 сентября 2026
Еліміздің 11 өңірінде 20 мың жаңа оқушы орнына арналған 13 жаңа заманауи колледж салынады

Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің инфрақұрылымы жаңғыртылып, қазіргі заманғы колледждерде жастарды оқыту үшін жағдайлар жасалуда. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова хабарлады.

Жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілер есебінен 174 колледж, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар қолдауымен 13 колледж жабдықталған. Десе де еліміз бойынша 143 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын шұғыл жаңарту талап етіледі.

Саланы одан әрі жаңғырта түсу үшін еліміздің 11 өңірінде 13 жаңа заманауи колледж салу көзделген. Бұл өңірлердегі тапшылықты азайтып, жастарымызды заманауи, жабдықталған ортада сапалы кәсіптік біліммен қамтамасыз етуге тікелей мүмкіндік береді.


KZgovernment/26419

08 сентября 2026
Қазақстанда 20 жаңа мамандық ТжКБ сыныптауышына қосылды

Техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің мазмұны еңбек нарығындағы өзгерістерге сәйкес жаңартылып келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова хабарлады.

Бүгінде 552 кәсіптік стандарт негізінде 14 494 білім беру бағдарламасы әзірленді, олардың 4348-і жұмысшы біліктіліктері бойынша. Сыныптауыш 20 жаңа мамандықпен толықтырылып, сол бағыттар бойынша 243 білім беру бағдарламасы әзірленді.

Барлық білім беру бағдарламаларында микробіліктіліктер және Minor қосымша бағдарламалары енгізілуде. Бұл ретте барлық бағдарламаларға кәсіби қызметте жасанды интеллект құралдарын қолдануға бағытталған Minor енгізу қарастырылған.

Сондай-ақ, 27 колледждің бағдарламалары халықаралық салалық талаптарға сәйкестігі бойынша бағаланды. 2027 жылдың соңына дейін мұндай бағалаудан 30 колледж өтеді.

KZgovernment/26417

08 сентября 2026
Қазақстанда ТжКБ жүйесі экономиканың нақты сұранысына жауап беретін кадр даярлаудың жаңа моделіне көшірілуде

Қазақстанда техникалық және кәсіби білім беру жүйесін еңбек нарығының нақты сұранысына жауап беретін жаңа модельге көшіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова хабарлады.

2025–2027 жылдарға арналған ТжКБ жүйесін трансформациялау жол картасы шеңберінде жүйені жаңғыртудың негізгі бағыттары бойынша кешенді шаралар қабылданды. Атап айтқанда, білім беру мазмұны жаңартылуда, педагогтердің кәсіби әлеуеті арттырылуда, цифрлық интеграция жүргізілуде, нормативтік база жетілдірілуде.

Жаңа модельдің негізгі міндеті – әрбір жасқа еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіп беріп, әрбір кәсіпорынды қажетті білікті кадрмен қамтамасыз ету. Ендігі кезеңде ТжКБ жүйесін тек маман даярлайтын білім беру жүйесі ретінде емес, экономиканың кадрлық қажеттілігін нақты қамтамасыз ететін негізгі институт ретінде қалыптастыру көзделуде.

Бүгінгі таңда еліміз бойынша 480 колледжде жұмысшы біліктіліктері бойынша кадрлар даярлануда. Жалпы білім алушылар саны — 131 мың студент. Оның басым бөлігі, яғни 103 мыңы (79%-ы) - 9-сынып базасынан кейін оқуға түскен жастар. Биыл жұмысшы мамандықтарына оқуға қабылдау 57,8 мың студентке артты.

Түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші де едәуір артып отыр. Соның ішінде тігінші мамандығының (79%) және аспаз мамандығының (77%) үлесі анағұрлым жоғары.

KZgovernment

08 сентября 2026
Астанада «Өрлеу» БАҰО-ның жаңа филиалы ашылды

Елордада «Өрлеу» БАҰО-ның Қалалық филиалы – Кәсіби даму институты ресми түрде жұмысын бастады. Ашылу рәсіміне Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, жаңа кеңістіктің мүмкіндіктерімен танысты.

«Өрлеу» БАҰО-ның Астана қаласындағы жаңа филиалының директоры болып Ерлан Қалмақов тағайындалды. Ол әр жылдары ішкі және жастар саясаты салаларында еңбек етіп, Қостанай облысының мәдениет және дін істері жөніндегі басқармаларын басқарған. 2024–2026 жылдары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры қызметін атқарды.

Институтта жобалық және зерттеушілік оқыту, STEM және пәнаралық оқыту, оқу және кәсіби даму кабинеттері, «Ыбырай Алтынсарин» кабинеті мен дыбыс жазу студиясы жасақталған.

Филиал жұмысының негізгі бағыттарының бірі – жасанды интеллект пен STEM технологияларын педагогтердің тәжірибесіне енгізу. Жергілікті сервер, VR-жабдықтар мен 3D-принтер мұғалімдерге жаңа технологияларды теория жүзінде ғана емес, тәжірибе барысында меңгеруге мүмкіндік береді.

Ашылу рәсімі педагогтермен өткен «Кәсіби диалог» алаңымен жалғасты. Кездесуде кәсіби даму, білім сапасын арттыру және мұғалімдерді қолдаудың өзекті мәселелері талқыланды.

07 сентября 2026
Жұлдыз Сүлейменова Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияның жұмысымен танысты

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияға барып, білім беру ұйымының жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған білім беру инфрақұрылымын дамыту басымдықтары мемлекеттік қолдаумен қатар жеке бастамаларды да біріктіреді. Соның нақты мысалы ретінде бұл мектеп-гимназия 2023 жылы Болат Өтемұратов Қорының қаражаты есебінен салынып, Қосшы қаласына өтеусіз берілді.

Үш қабатты білім ордасы 1500 оқушыға арналған, жалпы аумағы шамамен 16 мың шаршы метрді құрайды. Мектепте заманауи оқу кабинеттері, зертхана, оқу-өндірістік шеберханалар, ақпараттық орталық, шығармашылық студия, коворкинг кеңістігі, спорт және гимнастика залдары қарастырылған. Инфрақұрылым ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолжетімді етіп жабдықталған.

Жұлдыз Сүлейменова мектептің білім беру ортасымен, оқу-тәрбие үдерісінің ұйымдастырылуымен және оқушылардың жетістіктерімен танысты. Министрге мобилография кабинетінің мүмкіндіктері, оқушылардың медиа саласындағы шығармашылық жұмыстары мен жүзеге асырып жатқан жобалары таныстырылды.

Мұндай әлеуметтік жобалар мемлекет пен бизнестің күш-жігерін біріктіріп, балалардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына заманауи жағдай жасауға мүмкіндік береді.

07 сентября 2026
Жаңа оқу жылы: Оқу-ағарту министрлігінде салтанатты іс-шара өтті

Оқу-ағарту министрлігінде Білім күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Жиынға министрлік пен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова республикалық Тамыз конференциясын дайындауға және өткізуге қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкерді марапаттады.

«Баршаңызды Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен Тамыз конференциясында білім беру саласын одан әрі дамытудың басым бағыттары айқындалды. Осындай маңызды іс-шараны жоғары деңгейде дайындауға және өткізуге атсалысқандарыңыз үшін барлығыңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл - үлкен команданың ортақ еңбегі. Сіздер ұйымшылдық пен жауапкершілік танытып, әр тапсырманы сапалы орындадыңыздар», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Марапат иелерін құттықтаймыз! Барша әріптесімізге жаңа оқу жылында табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз!

Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру
07 сентября 2026
«Адал азамат»: 2 мыңнан астам мектепте бірыңғай тәрбиелік орта қалыптастырылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының қолданыс аясын кеңейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес еліміздің мектептерінде бірыңғай тәрбиелік орта қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Білім беру кеңістігі арнайы әзірленген брендбук негізінде мазмұндық және көрнекі материалдармен толықтырылып жатыр.

Мектептерді безендіруде «Адал азамат» бағдарламасының негізгі құндылықтары, Жаңа Конституцияның нормалары мен құндылықтары, «Таза Қазақстан» идеялары, ұлы тұлғалардың тағылымды сөздері, сондай-ақ Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлерін танытатын бейнелер қамтылған.

Бұл жұмыс «Адал азамат» құндылықтарын оқушылардың күнделікті ортасына енгізуге, олардың бойында азаматтық жауапкершілік пен отаншылдықты, заңға бағыну мәдениетін және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыруға бағытталған.

Социальные сети
Facebook
Instagram
Youtube
Меню подвал
Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Өмірлік жағдайлар
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері