Меню
Страницы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Қызметі
Баспасөз орталығы
Комитеттер
Министрлік туралы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Бөлім туралы
Құжаттар
Все материалы
23 сентября 2026
Жұлдыз Сүлейменова мен Наталья Бочарова білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Халықаралық орыс тілі ұйымының бас хатшысы Наталья Бочаровамен кездесті.

Халықаралық орыс тілі ұйымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен құрылып, ТМД аясында қызмет етеді. Оның қызметі қатысушы мемлекеттер арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, өзара түсіністікті арттыруға және ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Наталья Бочарова Ұйым жұмысының басым бағыттары туралы ақпарат берді. Тараптар білім беру саласындағы өзара іс-қимыл, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Орта білім
22 сентября 2026
Мектептерде 2-4-сынып оқушыларының аралық бағалауы өтеді

23-30 қыркүйек аралығында мектептерде 2-4-сынып оқушылары үшін алғашқы аралық бағалау кезеңі өтеді.

2026-2027 оқу жылында 2-4-сыныптарда формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіледі. Бағалаудың бұл екі түрі бір-бірін толықтырады және оқу процесі барысында қатар қолданылады.

Аралық бағалау оқу бағдарламасының аяқталған бөлімдері бойынша жүргізіледі. Бағалау форматы пәнге байланысты:
🔹қазақ тілі немесе орыс тілі - диктант және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар. Оқушының мәтінді сауатты жазуы және оның мазмұнын түсінуі бағаланады;

🔹әдебиеттік оқу - шығарма немесе мазмұндама және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар. Мәтінді түсіну, негізгі ойды анықтау және өз ойын жүйелі жеткізу ескеріледі;

🔹математика - бақылау жұмысы. Есептеу дағдыларымен қатар, есептің шартын түсіну, шешу жолын дұрыс таңдау және жауабын негіздей алу бағаланады.

Бір аралық бағалау жұмысының ұзақтығы - 40 минут. Ең жоғары балл: 2-сыныпта - 12, 3-сыныпта - 14, 4-сыныпта - 16 балл.

Формативтік бағалау тоқсан бойы жалғасады. Педагог әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалап, тоқсанға жоспарланған оқу мақсаттарының кемінде 50 пайызын қамтуы тиіс. Нәтиже 1-10 балдық шәкіл бойынша бағаланады.

Каллиграфия арнайы бағалау мақсаты болмаса, оқушының жазу ерекшелігі балды төмендетуге негіз болмайды.

1-сыныпта балдық бағалау жүргізілмейді.

Бағалаудың негізгі мақсаты - оқушыға тек баға қою емес, оның оқу материалын қаншалықты меңгергенін анықтау, ілгерілеуін бақылау және әрі қарай дамуына бағыт беру. Бағалау баланың алға жылжуына көмектесетін кері байланыс құралы болуы тиіс.

22 сентября 2026
Олжас Бектенов Президенттің «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 қыркүйекте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы кезінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміз ауқымды өзгерістер дәуіріне қадам басты. Жаңа Конституция Озық Қазақстанды одан әрі дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазірдің өзінде барлық салада ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр.

Жуырда ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкімет алдына азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, қалалық және республикалық маңызы бар жолдардың сапасын ең жоғары деңгейде қамтамасыз ету, сондай-ақ Астана қаласының Урбанистика орталығының тәжірибесін кеңінен тарату мәселелеріне қатысты бірқатар міндет қойды»,


— деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Президент тапсырмаларын тиісті бағыттар бойынша орындауға қатысты министрліктердің баяндамаларын тыңдады.

«Президент атап өткендей, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін мүлтіксіз орындап келеді. Ал қажетті әлеуметтік көмек тек шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана көрсетілетініне назар аудару керек. Министрлер мен әкімдер көрсетілген барлық бағыттар бойынша ауқымды жұмыс жүргізуі тиіс. Азаматтарға көрсетілетін көмектің түрлері туралы кеңінен ақпарат берілуі қажет. Өңірлерде әкімдіктер әлеуметтік жәрдемақы алушылар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек»,


— деді Премьер-министр.

Үшінші.

Балаларға арналған қолданыстағы әлеуметтік кепілдіктер туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады. 1-4 сыныптардағы 1,4 млн оқушы мектеп тамағымен қамтылды, сондай-ақ ол 5-11 сыныптарда оқитын әлеуметтік осал санаттағы 230 мың бала үшін де қарастырылған. Бұл мақсаттарға 2026 жылы 210 млрд теңге қарастырылған. Ашықтықты арттыру үшін тамақтану есебі «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен біріктірілген: автоматтандырылған жүйе әр оқушының тамақтану фактісін, күнін және уақытын тіркейді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, экологиялық тақырып жаратылыстану, география, биология, химия, физика және технология бағдарламаларына біріктірілген. Мектептерде 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» бірлестігі жұмыс істейді, оларға 125 мыңнан астам бала барып жүр. ProEko республикалық экологиялық жобалар конкурсына 38,7 мың оқушы қатысты. Осы жылдың соңына дейін білім беру ұйымдарында экологиялық ағартудың бірыңғай стандартын қабылдау жоспарланып отыр. Оны енгізудің іс жүзіндегі тетігі «Жасыл мектеп» ұлттық моделі болмақ. Қазір модель 85 мектепте сыналуда, болашақта оны 1 мың мектепке дейін кеңінен тараты жоспарлануда.

Үкімет жетекшісі оқу орындарында экологиялық ағарту бойынша жүйелі шаралар жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрліктеріне бұл жұмысты оқушылар мен студенттер арасында күшейту тапсырылды.

Төртінші.

Президенттің тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу жөніндегі тапсырмасы аясында экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров оны қалыптастыру тәсілдерін таныстырды. Ұлттық стандартты бес тақырыптық бағыттан тұратын жүйе ретінде қалыптастыру ұсынылып отыр, олар – экологиялық ағарту, экологиялық волонтерлік, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы, оларды көгалдандыру, сондай-ақ табиғи аумақтардың тазалығы. Әрбір бағытты әзірлеуге және енгізуге тиісті мемлекеттік орган жауапты болады, жалпы үйлестіруді Үкімет деңгейінде жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырыла бастағаннан бері 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылған, 7 млн ағаш отырғызылып, 2 мыңнан астам волонтерлік жоба жүзеге асырылған. Экологиялық тәрбие бойынша 560 мыңнан астам сынып сағаттары өткізілген. TazaQazBot арқылы азаматтардан санитарлық жағдай және аумақтарды абаттандыру мәселелері бойынша 57 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

Ұсынылған тәсілдерді ескере отырып, Олжас Бектенов Экология және табиғи ресурстар, Сауда және интеграция, Мәдениет және ақпарат, оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп әрбір бағыт бойынша бірыңғай талаптар дайындауды тапсырды. Стандартта қарапайым, түсінікті және нақты талаптар болуы керек. Сонымен қатар, министрліктерге «Таза Қазақстан» бренді шеңберінде қоғамда жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі кешенді шаралар қабылдау тапсырылды.

21 сентября 2026
Қазақстан құрамасы WorldSkills Shanghai 2026 әлем чемпионатына қатысады

22-27 қыркүйек аралығында Қазақстан құрамасы Қытайдың Шанхай қаласында өтетін WorldSkills Shanghai 2026 әлемдік кәсіби шеберлік чемпионатына қатысады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударып келеді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі - жастардың кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде шыңдап, әлемдік тәжірибемен алмасуына мүмкіндік жасау.

Қазақстан атынан чемпионатқа 33 жас маман қатысып, 31 құзыреттілік бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында мехатроника, инженерлік графика, CNC технологиялары, бағдарламалық және мобильді қосымшаларды әзірлеу, дәнекерлеу, электроника, мобильді робототехника, электромонтаж, өнеркәсіптік дизайн, аспаздық, автокөліктерді жөндеу, ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйелері және басқа да заманауи бағыттар бар.

WorldSkills - жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға және жастардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталған халықаралық қозғалыс. Қазақстандағы WorldSkills қозғалысының ұлттық операторы - Оқу-ағарту министрлігінің «Talap» КеАҚ.

Биылғы әлем чемпионатында 70-тен астам ел мен өңірден 1400-ден астам жас маман 64 құзыреттілік бойынша өз шеберлігін көрсетеді.

Чемпионаттың ашылу салтанаты 22 қыркүйекте өтеді. Негізгі жарыстар 23-26 қыркүйек аралығында Шанхай ұлттық көрме және конгресс орталығында ұйымдастырылып, 27 қыркүйекте жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады.

Қазақстандық қатысушыларға әлемдік додада сәттілік тілейміз!

21 сентября 2026
Оқу-ағарту министрі №109 «Келешек мектебіндегі» сенбілікке қатысты

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Астана қаласындағы №109 «Келешек мектебінде» «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған сенбілікке қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға жауапкершілік қағидаттарын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі.

Сенбілік барысында министр мектеп оқушыларымен және педагогтермен бірге ағаш отырғызып, мектеп аумағын абаттандыру жұмыстарына қатысты.

Жұлдыз Сүлейменова оқушылармен әңгімелесіп, қоршаған ортаға ұқыпты қарау, тазалықты сақтау, еңбекқорлық пен жауапкершілік құндылықтары туралы пікір алмасты. Сондай-ақ мектеп ұжымымен кездесіп, білім беру және тәрбие мәселелерін талқылады.

«Таза Қазақстан» құндылықтарын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру - экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды негізі. Табиғатты аялау, туған жерге жанашырлық таныту және ортақ кеңістікке жауапкершілікпен қарау күнделікті әрекеттен басталады.

Мұндай шаралар оқушылардың еңбекке құрметін арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

21 сентября 2026
Оқу-ағарту министрлігінің ұжымы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы сенбілікке қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға жауапкершілік қағидаттары аясында елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жүзеге асырылуда.

Бүгін акция аясында министрлік ұжымы және ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлері сенбілікке қатысты.

Сенбілік барысында қатысушылар аумақтарды тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, тазалық пен тәртіпті сақтауға өз үлестерін қосты.

«Таза Қазақстан» - тек аумақтарды абаттандыру ғана емес. Бұл ең алдымен жауапкершілік мәдениеті, елге деген жанашырлық және еңбекке құрмет. Бұл құндылықтардың өскелең ұрпақ тәрбиесінде маңызы ерекше.

Табиғатқа ұқыпты қарау, жасампаз еңбек және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының маңызды бөлігі саналады. Бұл құндылықтарды бала кезден қалыптастыру экологиялық мәдениет пен жауапты азаматтық ұстанымның негізін қалайды.

18 сентября 2026
Қазақстанда «Адал азамат» бағдарламасы аясында ата-аналар жиналыстары өтуде

2026 жылғы қыркүйек айының соңына дейін еліміздің барлық мектептерінде ата-аналар жиналыстары ұйымдастырылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Адал еңбек» қағидаттары «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында білім беру ұйымдарында жүйелі түрде ілгерілетілуде. Ата-аналар жиналыстарында да осы құндылықтарға ерекше мән берілуде.

Жиналыстардың негізгі мақсаты - ата-аналарды 2026-2027 оқу жылының ерекшеліктерімен таныстыру, Жаңа Конституцияның құндылықтарын ілгерілету, сондай-ақ отбасы, мектеп және қоғам арасындағы тиімді серіктестікті нығайту.

Сонымен қатар ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты азаматтық жауапкершілігін арттыруға, олардың баланың тәрбиесі мен білім алуына белсенді қатысуына және әрбір баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада дамуына жағдай жасауға басымдық берілуде.

Жиналыстарға полиция, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар, ішкі саясат және қаржылық қауіпсіздік салаларының өкілдері қатысуда. Кездесулер барысында балалардың қауіпсіздігі, цифрлық ортадағы мінез-құлық, психологиялық әл-ауқат, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу мәселелері бойынша ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Ата-аналар жиналыстары бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілікті күшейтуге, отбасы, мектеп және қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарын білім беру ұйымдарында кеңінен ілгерілетуге бағытталған.

17 сентября 2026
Қазақстан БҰҰ Комитетіне балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жүйелі реформаларды таныстырды

Женевада БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің 101-сессиясында Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының ережелерін орындауы жөніндегі біріктірілген бесінші және алтыншы мерзімді баяндамалары қаралды.

Қазақстанның ведомствоаралық делегациясын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова басқарды. Делегация құрамына Бас прокуратураның, Сот әкімшілігінің, Сыртқы істер министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері кірді.

БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің мүшелерімен диалог барысында делегация балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін одан әрі нығайтуға бағытталған негізгі заңнамалық және институционалдық өзгерістер туралы ақпарат берді.

Қазақстанда 7 млн-ға жуық бала тұрады, бұл ел халқының шамамен 34%-ын құрайды. Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі жаңа Конституцияда отбасы мен баланы қорғау кепілдіктерінің күшейтілуі болды.

Қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау салаларындағы шараларды біріктірген 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыруға ерекше назар аударылды.

Қазақстан тарапы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, буллинг пен кибербуллингке қарсы іс-қимыл, психологиялық көмекті және мемлекеттік «111» байланыс орталығын дамыту шараларын таныстырды. Жетім балаларды отбасыларға орналастыру, инклюзивті білім беру, балалар денсаулығын сақтау, балалардың шешім қабылдауға қатысуы және олардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау мәселелері қаралды. Қазіргі уақытта жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 82%-ы отбасыларда тәрбиеленуде.

«Біз үшін тиімділіктің басты өлшемі – әрбір баланың жағдайының нақты жақсаруы. Қазақстан мазмұнды диалогқа және балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін одан әрі дамытуға ашық», – деді Жұлдыз Сүлейменова.



Қазақстан Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының ережелеріне бейілділігін және Комитет ұсынымдарын ескере отырып, әрбір баланы қорғау кепілдіктерін нығайту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.

15 сентября 2026
2025 жылғы Президент Жолдауын жүзеге асыру: мектептерді жаңғырту, педагогтерді қолдау және колледждерді дамыту

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген мектептердің функционалын нығайту, педагогтердің біліктілігін арттыру және әлеуметтік мәртебесін көтеру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Үкімет білім беру инфрақұрылымын жаңғыртып, цифрлық технологияларды енгізіп, балаларды қолдауды кеңейтіп, кәсіптік білім беруді экономика қажеттіліктерімен сабақтастырып келеді.

Үш жылда балабақшаларда 232 мың орын ашылды

Елімізде 12 мыңнан астам мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оларға 1 млн-нан астам бала барады. 2027 жылдың соңына дейін тағы 68 мың орын ашу жоспарлануда. Ваучерлік қаржыландыру пилоттық режимде 20 қала мен 23 ауданды қамтып отыр. Жоба аясында кезекте тұрған балалар саны 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқарды.


Бес жылда 1 млн-нан астам орынға арналған 1 120 мектеп салынды


460,4 мың оқушы орнына арналған 217 «Келешек мектептері» пайдалануға берілді. 2019 жылдан бері үш ауысымды мектептер саны мен оқушы орындарының болжамды тапшылығы төрт есеге, апатты мектептер саны екі есеге қысқарды. Қазір 59,3 мың орынға арналған тағы 101 мектептің құрылысы жүргізілуде.

Шағын жинақты мектептерде ЖИ енгізілуде

1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарының мектептерінде пилоттық жоба іске қосылды. Бірінші кезеңде 500 шағын жинақты мектепті қамту көзделген. 2029 жылға дейін бұл технологияларды осындай 2,5 мың мектептің барлығына енгізу жоспарлануда. ЖИ оқушыларға жеке тапсырмалар таңдауға, оқу нәтижелерін талдауға және білімдегі олқылықтарды анықтауға көмектеседі. Бұл ретте мұғалімнің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Педагогтерді жүйелі қолдау жалғасуда

2020 жылдан бері педагогтердің жалақысы екі есе өсті, ал 2023 жылғы қыркүйектен бастап мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға артты. Сонымен қатар білім беру саласындағы басшылардың кадрлық резерві қалыптастырылуда.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін мүмкіндіктер кеңеюде

Жүйеде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мың бала тіркелген. Инклюзивті білім беруге қолайлы жағдай мектепке дейінгі ұйымдардың 80%-ында, мектептердің 95%-ында және ТжКБ ұйымдарының 90%-ында жасалған. 540 бейінді ұйым балаларға қолдау көрсетеді.

Колледждерде кадрлар даярлау экономиканың сұранысына қарай қайта құрылуда

763 колледжде 556 мыңнан астам студент оқиды, ал мемлекеттік тапсырыс 393,3 мың орынға дейін өсті. Үш жыл ішінде дуальды оқытумен қамту 108 мыңнан 138,2 мың студентке дейін ұлғайды. Дайындықты 11,7 мың кәсіпорынмен бірлесіп 552 колледж жүргізеді. Қамту 35%-ға жетті, міндет – оны кем дегенде 40%-ға дейін арттыру.

Білім беруді дамыту балабақша мен мектептен бастап колледжге дейінгі және одан кейінгі еңбек нарығын қоса алғандағы бүкіл кезеңді қамтиды. Негізгі екпіндер – заманауи инфрақұрылым, мықты педагог, цифрлық технологиялар, балалар үшін тең мүмкіндіктер және экономиканың нақты қажеттіліктеріне қарай кадр даярлау.

15 сентября 2026
360-тан астам маман жетім балалармен жұмыс істеу бойынша біліктілігін арттырды

Еліміздің 14 өңіріндегі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының 360-тан астам маманы балаларды сүйемелдеудің заманауи технологиялары бойынша оқудан өтті. Жыл соңына дейін бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінен 2 мыңға жуық маманды қамту жоспарланып отыр.

Оқыту «Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында балалармен жұмыс істеудің заманауи технологиялары мен тәсілдері: Қазақстандағы SOS Балалар ауылдарының тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Бағдарлама Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асырылуда.

Оқытуға педагогтер, тәрбиешілер, психологтер, әлеуметтік педагогтер, әдіскерлер мен ұйым басшылары қатысуда.

Бағдарламаға жарақатқа бағдарланған тәсіл, кейс-менеджмент, отбасын қолдаудың экожүйелік моделі және баланың мықты қырларына негізделген әдістер секілді заманауи халықаралық тәжірибелер енгізілген.

Зорлық-зомбылықтың алдын алуға, балалардың эмоциялық әл-ауқатын қамтамасыз етуге, сенімді қарым-қатынас орнатуға және кәсіби қабылдаушы отбасылармен тиімді өзара іс-қимыл жасауға ерекше назар аударылады.

Бағдарламаны іске асыру мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыруға және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды сүйемелдеу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Социальные сети
Instagram
Facebook
Youtube
Меню подвал
Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Өмірлік жағдайлар
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері