Ұстаз – білім мен жауапкершілікті, даналық пен балаға деген сүйіспеншілікті тоғыстыратын ерекше мамандық иесі. Әрбір оқушының жетістігінің артында ұстаздың күнделікті еңбегі, бала қабілетіне деген сенімі және оның өз жолын табуына бағыт-бағдар беруі тұр.
Ауданымыздың педагогикалық қауымдастығының ерекше күші – ұрпақтар сабақтастығы. Бүгінде жас мамандармен қатар тәжірибелі ұстаздар мен педагогикалық еңбек ардагерлері қызмет етіп, кәсіби білімдерін, дәстүрлері мен озық тәжірибелерін жас буынға жеткізуде. Дәл осы ұрпақтар сабақтастығы – білім беру саласын дамытудың маңызды негізі.
🌿 Мерекенің жарқын символдарының бірі – «Ұрпақтар сабақтастығы» рәсімі болды. Оның аясында педагогикалық еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Олардың көп жылғы еңбегі, кәсіби шеберлігі мен өз ісіне деген адалдығы – ұстаздардың жаңа буыны үшін лайықты үлгі.
Мамандыққа алғашқы қадам басқан жас педагогтерге де ерекше ақжолтай тілектер айтылды. Салтанатты жағдайда олар педагогикалық ант қабылдап, ұстаз деген жоғары атақты абыроймен алып жүруге, әр баланы құрметтеуге, кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіруге және шәкірттерінің болашағына өз үлесін қосуға үлкен жауапкершілік алды.
Құттықтау сөзін Шал ақын ауданының әкімі Омаров Қайрат Қайроллаұлы сөйледі. Өз сөзінде аудан әкімі білім беру инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударды. Ауданда мектептерді жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, оқушылар мен педагогтер үшін заманауи әрі қолайлы жағдайлар жасалуда.
Маңызды жобалардың бірі – «Ақ бидай» стадионын жаңарту. Жаңартылған стадион дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға, сондай-ақ бұқаралық іс-шаралар өткізуге арналған маңызды нысанға айналады.
🏆 Мерекелік шараның маңызды бөлігі – педагогтер мен білім беру жүйесінің қызметкерлерін марапаттау болды. Еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі, білім беру саласын дамытуға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесі үшін мамандар облыстық және аудандық деңгейдегі марапаттарға ие болды.
Бүгінде білім беру саласы өзгеріп, жаңа технологиялар, заманауи тәсілдер мен тың мүмкіндіктер пайда болуда. Алайда өзгермейтін басты құндылық – Ұстаз тұлғасы, оның кәсіби шеберлігі, адамгершілік жылуы және ұрпақ болашағына деген жауапкершілігі.
💐 Құрметті педагогтер!
Сіздерге күнделікті еңбектеріңіз, сабырлылықтарыңыз бен өз мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Шәкірттеріңіздің жетістіктері қуаныш сыйлап, кәсіби жолдарыңыз абырой мен құрметке толы болсын! Әр жаңа күн таңдаған мамандықтарыңызға деген мақтаныш сезімін сыйласын!