Екінші оқылымда Салық кодексі мен салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулер қабылданды. Депутат Берік Бейсенғалиевтің жетекшілігімен жұмыс тобы шамамен бес мыңға жуық түзетуді қарады. Мәжіліс депутаттары мен Үкіметтің бірлескен жұмысының нәтижесінде, оның ішінде ҚҚС реформасына қатысты бірқатар шешімдерге қол жеткізілді.
– Бастапқыда Үкімет ұсынған 20% ҚҚС мөлшерлемесі 16%-ға дейін төмендетілді. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 15 млн 40 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан бастап – 10%. МӘМС, ТМККК, сирек және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер ҚҚС-тан босатылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдағы кітаптар, сондай-ақ баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтері де ҚҚС-тан босатылады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында есепке жатқызылатын ҚҚС үлесі 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды, – деді Берік Бейсенғалиев.
Бұдан бөлек, жеңілдетілген декларацияны түрлендіру шеңберінде рұқсат етілген қызмет түрлерінің орнына тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесі енгізіледі, аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, мәслихаттармен ±50%-ға түзету мүмкіндігі бар 4% бірыңғай мөлшерлеме белгіленді. Ойын бизнесі мен банктер үшін КТС мөлшерлемесі 25%-ға дейін арттырылды, әлеуметтік сала ұйымдары үшін КТС мөлшерлемесі төмендетілді, прогрессивті ЖТС шкаласы енгізіледі. Алкоголь мен темекіге салынатын акциздер кезең-кезеңімен ұлғайтылады, энергетикалық сусындарға акциз енгізіледі. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімсіз пайдаланған жағдайда төлем мөлшерлемесі 100 есеге дейін арттырылады.
Жалпы, мәжілісменнің айтуынша, реформа салық жүйесін оңтайландыруға бағытталған бірқатар негізгі өзгерістерді қамтиды: салық есептілігін 30%-ға қысқарту, салық түрлерін 20%-ға азайту, салық жеңілдіктерін оңтайландыру, дифференциалды мөлшерлемелер енгізу, инвестициялық белсенділікті ынталандыру, сән-салтанат заттарына салмақты арттыру және басқа да өзекті мәселелерді шешу.
Салық кодексін қарау қорытындысы бойынша Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов құжаттың кеңінен әрі ашық талқыланғанын, бірнеше рет парламенттік фракцияларда, Қоғамдық палата отырыстарында қаралғанын атап өтті. Нәтижесінде, заман талабына сай келетін, теңгерімді салық заңнамасын қабылдауға мүмкіндік туды.