Семей қаласында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Абай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кеңес өткізді. Іс-шараға аталған өңірлердің әкімдері, бейінді министрліктер мен Amanat партиясының өкілдері қатысты.
Талқылаудың негізгі тақырыбы өңірлік саясатты іске асыруда жаңа тәсілдерді енгізу. Вице-премьер өңірлер арасындағы алшақтықты қысқарту мемлекеттік қолдаудың басымдығы болуы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты орталық қаржыландыру артта қалған облыстардың әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымын дамытуға арналады.
Жиында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндама жасады. Ол 2028 жылға дейін жалпы сомасы 6,5 трлн теңге 102 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарын ұсынды. Бұл жобалар агроөнеркәсіптік кешен, тау-кен металлургия өнеркәсібі, қайта өңдеу, туризм сияқты негізгі салаларды қамтиды. Өңдеу өндірістерін, шағын және орта бизнес кластерлерін, сондай-ақ Катонқарағай, Баянауыл, Зайсан, Алакөл және Шүлбі су қоймасы сияқты туристік аймақтарды дамыту қажеттігі ерекше атап өтілді.
Ауылдық аумақты кешенді дамытуға және ауыл тұрғындарының табыс деңгейін арттыруға бағытталған "Ауыл аманаты" жобасына ерекше назар аударылды. Жоба шеңберінде ауылдардың мамандануын анықтаған скрининг аяқталды.
Вице-министрдің хабарлауынша, 2023-2024 жылдары "Ауыл аманаты" жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 104 млрд теңге бөлініп, 2,1 млрд Абай облысына, 2,5 млрд Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарына берілген. 2025 жылы 50 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінеді. Оның 1 млрд-ы Абай облысына, 3 млрд-ы ШҚО-ға, 2 млрд-ы Павлодар облысына берілмек.
Қосымша, "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде 2022-2024 жылдары үш өңірге 600-ден астам инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 60 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы 104 ауылда 137 жобаны іске асыруға тағы 24 млрд теңге қарастырылған.