ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2025-2030 жылдарға арналған Өңірлік саясат тұжырымдамасын қамтитын Үкімет қаулысының жобасын таныстырды. Құжат теңгерімді аумақтық өсуге қол жеткізуге және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған дамудың негізгі бағыттарын айқындайды.
Өңірлердің дамуы олардың ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілуде. Ірі қалалар арқылы экономикалық өсу орталығы қалыптастырылады. Ал шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер инфрақұрылымды жақсарту мен жұмыс орнын құруда қосымша шараны талап етеді. Өңірлердің сапалы білімге, денсаулық сақтау мен көлікке қол жеткізуі әр түрлі. Бұл жергілікті бюджетке қосымша салмақ түсіріп, республикалық қаржымен қолдауды талап етеді.
Тұжырымдама жобасы инфрақұрылымның біркелкі дамуын ынталандыруға, шағын және орта бизнесті қолдауға, өңірдегі өмір сүру деңгейін жақсартуға және қала мен ауыл арасындағы табыс алшақтығын азайтуға бағытталған. Инженерлік желіні, жолды, мектептер мен ауруханаларды жаңғырту, сондай-ақ шикізатсыз саланы дамыту, инвестиция тарту мен жергілікті билікке көбірек өкілеттік беру жоспарлануда. Стратегияда қоршаған ортаны қорғау мәселесіне, соның ішінде қалалардағы жасыл аумақтарды ұлғайту мен су мен ауаның сапасын жақсартуға баса көңіл бөлінген.
2030 жылға қарай таза суға қол жеткізуді айтарлықтай жақсарту, жол желісін жаңғырту, жаңа мектеп пен ауруханалар салу жоспарлануда. Шағын бизнестің экономикадағы үлесі 45 пайызға дейін өсіп, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердің өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарады.
Жоба өңірлердің ерекшелігі мен экономикалық мамандануын ескере отырып дамытуды, соның ішінде өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және өңдеу өнеркәсібін дамытуды көздейді.
Тұжырымдаманы Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлеген. Ол «Ашық НҚА» порталында жарияланып отыр. Жобаны талқылау 2025 жылғы сәуірге дейін жалғасады.