ЭЫДҰ Бас хатшысы Матиас Корманн 2025 жылғы мамырда Астана халықаралық форумына (AIF) жоспарланған қатысуы аясында алғаш рет Қазақстанға келеді. Оның алдағы сапары Қазақстанмен әріптестікті нығайтуға мүдделі екендігін айғақтайды.
Бұл туралы 12 наурызда ЭЫДҰ Жаһандық қатынастар және ынтымақтастық директораты «Еуразия» басқармасының басшысы Уильям Томпсон Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен кездесу барысында мәлімдеді.
Келіссөздердің басты тақырыбы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және негізгі экономикалық бастамаларды талқылау болды.
Серік Жұманғарин ЭЫДҰ экономикалық реформаларды жүргізу мен мемлекеттік саясатты жетілдіруде Қазақстанның маңызды серіктесі болып табылатынын атап көрсетті. 2008 жылдан бастап еліміз мемлекеттік басқару, макроэкономикалық саясат, инвестициялар және бәсекеге қабілеттілік салаларында ЭЫДҰ стандарттарын белсенді енгізіп келеді.
Қазіргі экономикалық трансформация кезеңінде Қазақстан үшін макроэкономикалық тұрақтылық және салық-бюджет саясаты, экономиканы әртараптандыру әрі инвестиция тарту, цифрландыру мен инновациялық экожүйені дамыту бағыттары ерекше маңызға ие.
«Біз үшін ЭЫДҰ-ның ұйымның негізгі құқықтық құралдарына, соның ішінде капитал қозғалысы мен ағымдағы көрінбейтін операцияларды ырықтандыру жөніндегі кодекстерге қосылуға қосылу мәселесінде қолдауы өте маңызды», - деді вице-премьер.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі Астанада ЭЫДҰ өңірлік кеңсесін ашудың келешегін талқылау. Уильям Томпсонның айтуынша, Қазақстан реформалар жүргізуге ықпал ететін Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасының жұмысын қолдайтын аймақтағы жалғыз серіктес. Дегенмен, кеңсені құру туралы түпкілікті шешім ЭЫДҰ-ның ұйымнан тыс өкілдіктер ашудың жалпы стратегиясы бойынша жұмысы аяқталғаннан кейін қабылданады.
«Қазақстанның өңірдегі ЭЫДҰ жұмысындағы көшбасшылығын бағалаймыз және Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасын одан әрі қолдайтынына сенім білдіреміз. Жақын арада біз ЭЫДҰ мен Қазақстан арасындағы іс-қимыл жоспарын жаңартуды жоспарлап отырмыз. Ол алдағы жылдарға арналған екіжақты ынтымақтастықтың басымдықтарын айқындайды», - деп атап өтті Томпсон.
Бұған қоса, 13 наурызда Астанада Ұлыбритания үкіметінің қолдауымен өтетін ЭЫДҰ-ның аса маңызды шикізат материалдары саласындағы стандарттары мен озық тәжірибелеріне арналған семинарға дайындық мәселесі де талқыланды.
Қазақстан сирек кездесетін металдардың қомақты қорына ие бола отырып, мұны өз экономикасы үшін стратегиялық мәселе ретінде қарастырады.