Алматыда Орталық Азияның бес елі мен АҚШ арасындағы форумның қорытындысы шығарылды

Алматыда Орталық Азияның бес елі мен АҚШ арасындағы форумның қорытындысы шығарылды

Екі күнге созылған «В5+1» форумы аяқталды. Бұл бизнес күн тәртібімен біріктірілген Орталық Азияның бес елі мен АҚШ-тың тарихтағы тұңғыш форумы.

Қатысушылар қатарында АҚШ Президентінің арнайы көмекшісі Николас Берлинер, Қазақстан  Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров және «Атамекен» ҰКП өкілдері болды.

ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Т.Жақсылықов өз баяндамасында форум серіктес елдердің үкіметтері мен іскер топтарының іс-әрекеттеріне терең бойлауға, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік диалогты кеңейтумен қатар бизнес-ортаны жақсарту бойынша жалпы жоспар құруға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Өңір экономикасына оң әсер ететін электронды коммерция, агробизнес, туризм, көлік және логистика сынды өсу нүктелері де сөз болды.

Орталық Азияда ортақ нарықты құру және іскерлік байланыстарды нығайту халықаралық инвестицияларды көбірек тартуға, жаһандық нарықтарға қолжетімділікті қоса алғанда, сауда көкжиегін кеңейтуге әрі Шығыс-Батыс сауда дәліздерін әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Орталық Азияда көлік инфрақұрылымын дамытуға баса назар аудару шығыстарды төмендетудің және тиісінше өңірдің әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың айқындаушы факторы болмақ.

Форумда Орталық Азиядағы климат, энергетика және су сын-қатерлері мәселесі де қозғалды.