2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 18 трлн теңгеге дейін жетті

2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 18 трлн теңгеге дейін жетті

Ұлттық статистика бюросы негізгі капиталға 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында салынған инвестициялар туралы мәліметтерді жариялады.
Осылайша, инвестиция көлемі 2022 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда нақты мәнде 13,7%-ке өсіп, 18 трлн теңгеден асты.

Маңғыстау облысында едәуір өсім байқалды – 34,3%. Одан кейін Абай облысы – 32,7%, Түркістан облысы – 26,1%, Шымкент қаласы – 26%. Жалпы алғанда, инвестициялардың өсімі еліміздің барлық өңірлерінде де байқалады.

Инвестициялардың ең аз елеулі өсімі Атырау облысында тіркелді (+0,7%), алайда өңір республикалық деңгейден инвестициялар үлесі бойынша көшбасшы болып қала береді – 17,3%.

Салалық бөліністе инвестициялардың негізгі көлемі өнеркәсіп саласында – 45,7% (оның ішінде ТМК – 26,3%, өңдеу өнеркәсібінде – 9,4%), жылжымайтын мүлікпен операцияларда (құрылыс) – 17,9% және көлікте – 14% тіркелді. 
Инвестициялардың негізгі көздері кәсіпорындардың меншікті қаражаты болып қала береді. Олардың үлесі 2022 жылғы 73,2%-тен 2023 жылғы 73,6%-ке дейін өсті, сондай-ақ мемлекеттік бюджет үлесі 15,5%-тен 15,8%-ке дейін көтерілді. Банктік кредиттеу үлесінің 3,2%-тен 2,5%-ке дейін төмендегенін атап өткен жөн.
Барлық инвестициялардың жартысына жуығы шағын бизнеске тиесілі.