Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық экономиканың орнықты дамуының маңызды факторы болып табылады.
Ресми статистика деректеріне сәйкес соңғы 5 жыл ішінде ЖІӨ-дегі ШОБ үлесінің тұрақты өсуі байқалады. 2019-2023 жылдар аралығында қазақстандық шағын және орта кәсіпкерліктің экономикаға қатысуы 31,7%-дан 36,4%-ға дейін 4,7 пайыздық тармаққа өсті.
2023 жылы жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 23,8%-ға артып, 4,2 млн адамға жетті.
Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша тіркелген ШОБ субъектілерінің жалпы саны 2,2 млн-ды құрады, оның 99,9%-ы шағын кәсіпкерлік субъектілері, қалған 0,1%-ы орта кәсіпкерлік субъектілері.
Кәсіпкерлік белсенділік деңгейі 89,7%-ды құрайды, бұл тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінен жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін білдіреді. Бұл ретте орта кәсіпкерлік субъектілері арасындағы белсенділік шағын кәсіпкерлікке қарағанда 6,7 п. т. жоғары.
Кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары бөлінісінде жалпы өнiрлiк өнiмдегі шағын кәсіпкерліктің жалпы қосылған құн үлесі 29,6%-ды, ал орта кәсіпкерлікті 6,8%-ды құрады. Динамикада 2019 жылдан бастап шағын бизнес салымының өсуі 4,1 пайыздық тармақ, ал орташа – 0,2 п. т. құрады.
Үкімет әкімшілік жүктемені азайтып, қолдау көрсету арқылы, бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту бойынша жүйелі шараларды іске асыруда.
Елде үш жыл бойы шағын және микробизнеске тексеру жүргізуге мораторий қолданылды.
«Таза парақтан реттеу» қағидаты сәтті енгізілуде.
10 мыңнан астам өзекті емес талаптар анықталды, оның 9 мыңы заңға тәуелді деңгейде алып тасталды, ал қалғандары Парламенттегi заң жобасы шеңберінде жыл соңына дейін алып тастауға жатады.
Сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) автоматтандырылады, ол 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап адамның қатысуынсыз тексерулерді тағайындауға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру 2 есе және айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағалауы бойынша Үкімет бизнеске әкімшілік жүктемені азайту бойынша айтарлықтай прогреске қол жеткізді.
Шағын және орта бизнесті жедел дамыту факторларының бірі бизнесті қолдау шаралары болып табылады.
Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша «субсидиялау» құралы бойынша жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен 669 млрд теңге кредит сомасына бизнестің 9 мыңға жуық жобасы және «кепілдік беру» құралы бойынша 270 млрд теңге сомасына 7 мың жоба қамтылды.
Бүгінгі күні бизнес-қоғамдастықпен жүйелі және сындарлы диалог жолға қойылған.
Жүйелік мәселелер Премьер-Министрдің басшылығымен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырыстарында үнемі, оның орынбасары деңгейінде, сондай-ақ Үкімет мүшелерінің бизнеспен өңірлік кездесулері шеңберінде апта сайын талқыланады.
Жыл басынан бері Премьер-Министр барлық өңірлердің орта бизнес өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Кездесулердің қорытындысы бойынша Барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларға тән кәсіпкерлік белсенділіктің өсуін тежейтін факторлар айқындалды.
Біріншіден, институционалдық ортаны одан әрі жетілдіру қажет.
Екіншіден, инфрақұрылымның жетіспеушілігі бизнестің дамуын тежейді.
Инвестициялар тарту, технологиялар трансферті, сапалы жұмыс орындары мен жаңа өндірістер құру үшін жұмыс істеп тұрған Арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтар аумағында инфрақұрылым құрылысын жеделдету қажет.
Үшіншіден, мемлекеттік қолдаудың ағымдағы құрылымы бәсекеге қабілетті шағын және орта компанияларды қолдауға жағына қайта бағытталуы тиіс.
Басты назар бизнестің барлық кезеңде үздіксіз дамуын қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Мұндай тәсіл шағын бизнестің едәуір бөлігі орта санатқа және ортадан ірі санатқа көшуін қамтамасыз етеді.
Дамудың негізгі екпіні тұрақты өсімді көрсететін орта бизнес сегментіне бағытталатын болады.
Президент Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде алдағы құрылымдық экономикалық реформалардың негізгі контурларын айқындады. Мұнда басты міндеттердің бірі отандық кәсіпкерлерді дамыту және қолдау болып табылады.
Ол үшін Үкімет бірқатар негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізетін болады.
Бизнестің орта сегментіне назар аудара отырып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша
«Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» екі бағдарламасын біріктіру есебінен ШОБ-ты қолдау мен дамытудың бірыңғай кешенді бағдарламасы дайындалды, шағын бизнесті ірілендіруге және орта бизнестің сапалы өсуіне кешенді ынталандыру әзірленді.
Жаңа бағдарламада назарды субсидиялаудан бизнес үшін көбірек кепілдіктер беруге ауыстыру, облигациялық қарыздарды қолдау құралдарын жетілдіру, сондай-ақ ШОБ жобаларын синдикатталған қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру жоспарлануда.
Бұдан кейін бизнесті қолдау шаралары мен қарсы міндеттемелердің топтамалық шешімдері енгізілетін болады. Өсу әлеуеті бар шағын және орта бизнес, олардың технологиялылығы, өнімділігі мен экспортқа бағдарлануы басымдыққа ие болады.
Қолдаудың жекелеген ынталандыру шаралары орта кәсіпкерлік сегментінің көшбасшыларын қалыптастыру мақсатында орта бизнес үшін көзделетін болады.
Осылайша, кәсіпкерлікті дамытудың ұсынылып отырған «жаңа күн тәртібі» бизнесті дамытудың барлық кезеңдерінде оның үздіксіз дамуын қамтамасыз етеді.
Кешенді салық реформасы
Түсінікті салық саясаты және салықтық әкімшілендіру ШОБ дамуының маңызды факторы болып табылады.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және микробизнес үшін жалақыдан бірыңғай төлем енгізілді.
Бірыңғай төлемді енгізу арнайы салық режиммен жұмыс істейтін шағын бизнес өкілдеріне барлық салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеуді жеңілдетуі тиіс. Ол қазір бір төлем тапсырмасымен жүзеге асырылады.
Сондай-ақ сауда және халыққа қызмет көрсету саласындағы қызметтің 190 түрі бойынша дәлізде айналымнан 4%-дан 2%-ға дейін бөлшек салық енгізілді. Тізбе кемінде 2 есе кеңейтілетін болады.
Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде өңдеу секторындағы жаңа жобалар бірқатар салықтардан 3 жылға босатылады, сондай-ақ салықтық бақылауды цифрландыру жоспарлануда.
Бұл тәсілдерді кешенді салық реформасының бөлігі ретінде жаңа Салық кодексі арқылы іске асыру жоспарлануда.
Сонымен қатар салық заңнамасында көрсетілген тәсілдер кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне қосымша ынталандырулар жасауға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, салық реформаның болжамдылығы үшін Салық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданады.
Мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту
Мемлекеттің бизнестен кетуі есебінен мемлекет қосымша экономика үшін қолайлы жағдайлар жасап жатыр.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерін бәсекелестік ортаға беру жалғасуда.
2025 жылға дейінгі жекешелендіру жоспарының орындалуы 66%-ды құрайды.
Биылғы жылы 5%-ға дейін «Kegoc» SPO-сы, 2024 жылы – «Эйр Астана», 2025 жылы – «QazaqGaz», «ҚТЖ», «Самұрық-Энерго» IPO-сы жоспарлануда.
Бұдан басқа, 2025 жылдың соңына дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізіледі.
Жаңа тарифтік саясат
Мемлекеттің жаңа тарифтік саясаты инвестицияларды тарту үшін пайдаланылатын негізгі құрал болып саналады.
Бүгінгі таңда «Инвестиция орнына тариф» жаңа тарифтік саясатына көшу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 62 мың км желіні жаңғырту үшін шамамен 3 трлн теңге тарту жоспарда бар. Бұл олардың тозуын 20%-ға төмендетеді.
ТКШ саласын жаңғырту Қазақстан кәсіпорындарына құрылыс және басқа да материалдарды жеткізу бойынша мүмкіндіктер ашады.
Жаңа тарифтік саясат:
- ынталандырушы әдіске көшу арқылы инвестициялық тартымдылықты арттыруға;
- монополистердің жауапкершілігін қатаңдатуға;
- цифрландыруға және тариф белгілеудің ашықтығына;
- ресурс үнемдеу мәдениетін арттыруға;
- халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй көмегін көрсетуге бағытталған.
Кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау жөніндегі одан әрі жұмыс бизнес-қоғамдастықпен тығыз өзара іс-қимылда жалғастырылатын болады.