
Іс-шараға Қазақстан бойынша ЕҚДБ басшысы Хусейн Озхан, ЕҚДБ инфрақұрылым департаменті директорының орынбасары Бахтиер Файзиев, жетекші банкир Омонуллахожа Саъдуллахожаев, сондай-ақ Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Тараптар ҚР-дың 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу Стратегиясын іске асыру бойынша Жол картасын әзірлеу, «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы аясында техникалық көмек көрсету, сондай-ақ 2025-2026 жылдарға арналған ҚР Үкіметі мен ЕҚДБ арасындағы техникалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың желтоқсан айының бірінші жартысында Ақтөбе қаласында кәріз-тазарту құрылыстарын (КТҚ) жаңғырту жөніндегі жобаға қол қою үшін қажетті рәсімдерден өтуге байланысты мәселелер қаралды.
ЕҚДБ декарбонизация жөніндегі Жол картасын әзірлеуге белсенді қатысуға дайын екенін білдірді. Өз кезегінде Ә.Қуантыров қаржы институтының энергетикалық ауысу жөніндегі ұсыныстарының маңыздылығын атап өтті.
-Бұл ретте елдің ерекшелігін ескере отырып, Қазақстан үшін бірегей энергетикалық ауысу моделін әзірлеуіміз қажет, - деді министр.
Әңгіме соңында тараптар ағымдағы жобаларды іске асыру бойынша белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.