Бұған дейін кейбір отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында құрғақ құрылыс қоспалары мен ерітінділерді өндірумен айналысатын «HENKEL CENTRAL ASIA & CAUCASUS» (неміс инвесторы) өз өндірісін Қазақстаннан басқа елге көшірейін деп жатқаны туралы ақпарат пайда болды.
Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
Бұл ретте, бүгінгі таңда Henkel, керісінше, ҚР аумағында өндірісін кеңейту мақсатында Үкіметпен жұмыс жүргізуде. 2008 жылғы маусымда Алматы облысы, Қонаев қаласында зауыт іске қосылды. Жалпы ауданы - 27 300 ш.м.
Жалпы, ҚР-дағы шетелдік инвесторларға барынша кең мемлекеттік қолдау шаралары жасалуда. Мысалы, инвестициялық келісімшарт шеңберінде кәсіпорындар кедендік баждан және импортқа салынатын ҚҚС-тан (қосылған құн салығы) босатылады. Инвестиция көлемінің 30% - нан аспайтын мөлшерде заттай гранттар беріледі.
Инвестиция көлемі кемінде 2 млн. еселенген АЕК (айлық есептік көрсеткіш) болатын жаңа өндіріс құрылған жағдайда КТС (корпоративтік табыс салығы) және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босату көзделген. Инвестициялар көлемі 5 млн. еселенген АЕК-тен кем емес қолданыстағы өндірістерді жаңартқан жағдайда, КТС-тан 3 жылға босатылады.
Сондай-ақ 5 жыл мерзімге технологиялық жабдықтарды, жиынтықтауыштар мен қосалқы бөлшектерді импорттау кезінде кедендік баждардан босатылады. Инвесторлар үшін Салық кодексінде инвестициялық салық несиесін алу құқығы көзделген. Онда 3 жыл ішінде несие сомасын кейіннен кезең-кезеңімен төлей отырып, КТС және мүлік салығы бойынша өз төлемдерін 100% - ға азайтуға мүмкіндік беріледі
Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасу шеңберінде 75 млн. еселенген АЕК (~500 млн) сомасын инвестициялау кезінде ҚР салық заңнамасының 10 жылға тұрақтылығына кепілдік беріледі.
Бұл ретте КТС (корпоративтік табыс салығы) мөлшерлемесі 2009 жылдан бастап 30%-дан 20%-ға дейін төмендеп, сол деңгейде тұрақты болып қалып отыр және өзгерістерге ұшыраған жоқ (АӨК саласы үшін 10% - агроөнеркәсіп кешені).
Үкімет Президент, Премьер-министр, министрлер мен әкімдер деңгейінде түрлі алаңдарда шетелдік инвесторлармен ашық талқылау және сындарлы диалог жүргізуде.
Халықаралық рейтингтік агенттіктер инвестициялық сенімділік деңгейінде ҚР тәуелсіз рейтингін «Тұрақты» болжаммен растады.
Қазақстан жан басына шаққанда тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша ТМД-да көшбасшы болып табылады және осылай болып қала береді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы а.ж. 1 қыркүйектегі Жолдауында өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобаларды 3 жыл мерзімге салық баждарынан босатуды тапсырғанын атап өткен жөн.
Еске салайық, бұған дейін «HENKEL» компаниясы және «ҚазақИнвест» ҰК» АҚ өндіріс Қазақстаннан көшіріледі деген ақпаратты жоққа шығарған болатын.