ҰЭМ басшысы креативті экономиканың дамуы туралы айтты

ҰЭМ басшысы креативті экономиканың дамуы туралы айтты

Астана халықаралық форумы аясында Әлібек Қуантыров «Креативті экономика: Тұрақты және инклюзивті өсуге ықпал ету» атты сессиясында сөз сөйледі.

Ол өз сөзінде креативті индустриялар экономиканың өсуінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Креативті индустриялардың әлемдік ЖІӨ-ге қосқан үлесі 3%-дан асады, ал кейбір дамыған елдерде креативті индустриялардың үлесі 12%-ға жетеді. Қазақстан бұл үрдістерден тыс қалмады, 2021 жылы біз экономиканы «креативті» әртараптандыруға бағыт алдық», - деп нақтылады министр.

Қазақстанда креативті индустрияға 43 қызмет түрі жатады. Бұл тізімге архитектура, сән, өнер, музыка, дизайн, кино, IT-технологиялар, халық қолөнері және т.б. шығармашылық бағыттар кірді.

«Бүгінгі таңда креативті индустрияларда 95 мың адам жұмыспен қамтылған, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 33,3 млрд теңгені құрайды, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 32 мыңға жетті, креативті индустриялардың Қазақстан экономикасына қосқан үлесі шамамен 2,7%-ды құрады. Менің ойымша бұл жақсы бастама», - деп атап өтті Ә.Қуантыров.

Креативті индустрия Астана, Алматы және Шымкент қалаларында дамып жатыр. Министр басқа өңірлерде де қолайлы орта құру қажет деп санайды.

«Осылайша, креативті индустрияларды дамыту бойынша жүйелі тәсілдер келесі индикаторларға қол жеткізуге мүмкіндік береді: олардың ЖІӨ-ге үлесін 3%-ға дейін, жұмыспен қамтылғандардың үлесін 4%-ға дейін ұлғайту, креативті индустриялардағы ШОБ субъектілерінің санын 80 мыңға дейін жеткізу, сондай-ақ креативті индустриялар өнімі экспортының $200 млн-ға өсуі», - деп қорытындылады ол.

ҰЭМ басшысы модератордың блогерлердің қызметіне қатысты сұрағына берген жауабында тәуекелдерді дұрыс бағалаудың маңыздылығына назар аударды. Бұған дейін үлкен аудиториясы бар әлеуметтік желілердің қолданушылары азаматтарды қаржы пирамидаларының қызметіне және онлайн-казиноға итермелеген жағдайлар болды. Бұл мәселені реттеп, өскелең ұрпаққа креативті экономика арқылы да рухани тәрбие беру қажет, деді министр.