«Ақ жол» партиясында жаңа Салық кодексінің тәсілдері талқыланды

«Ақ жол» партиясында жаңа Салық кодексінің тәсілдері талқыланды

Жиынға Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қаржы министрлігінің өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Бұл кешенді жұмыс Үкімет жанынан құрылған Жұмыс тобының аясында жұртшылықпен, сарапшылар және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Іс-шара барысында жаңа Салық кодексінің негізгі тұжырымдамалық мәселелері таныстырылды. Бүгінгі күні келесі тәсілдер әзірленді.

Бірінші тәсіл – бизнесті салық салу базасын кеңейтуге ынталандыру. Салықтық жеңілдіктер нақты мультипликативтік әсер алуға бағытталады. Мысалы, кәсіпорында жеңілдікті салық режимі болса, онда ол жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа инвестициялар мен жергілікті қамтуды арттыруы тиіс.

Екінші тәсіл – жүктемені жоғары өнімді салаларға ауыстыру және халықтың бай топтарынан түсетін табысты арттыру. Бұл салық ауыртпалығын әділ бөлуді қамтамасыз етеді.

Үшінші тәсіл – халықаралық тәжірибеге сәйкестік. Бейрезиденттерді қоса алғанда, табыстарға салық салудың, сондай-ақ ауыртпалықты салалар бойынша бөлудің халықаралық тәжірибесін енгізу ұсынылады.

Сонымен қатар, салықтық жеңілдіктердің тиімділігін арттыру мақсатында экономиканың әртүрлі салаларында сараланған салық ставкаларына көшу ұсынылады.

Атап айтқанда, ҚҚС (қосылған құн салығы) мөлшерлемелерін тек жекелеген салалар бойынша ғана саралау немесе қолданыстағы салық ставкасын сақтай отырып, салық сомасын төмендету.

КТС (корпоративтік табыс салығы) бойынша шикізат және қаржы секторлары үшін салық ставкасын арттыру қарастырылуда.

Бұған дейін Мемлекет басшысы технологиялық жаңғыртуға және ғылыми дамуға бағытталған КТС пайдасын азайту немесе босату тетігін енгізу қажеттігін атап өтті.

Қолданыстағы заңнамада пайданы қайта инвестициялау кезінде КТС-тен босату қарастырылған. Бұл ереже өңдеу өнеркәсібіндегі шағын кәсіпорындарға ғана қатысты. Бүгінде бұл норманы орта бизнеске де тарату мәселесі талқылануда.