«Тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмейді», - ҚР ҰЭМ ТМРК

«Тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмейді», - ҚР ҰЭМ ТМРК

«Қызыл аймақтағы» монополистердің 100%-ға жуығы инвестицияларды ұлғайтуға өтінім берді

ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру шеңберінде инвестициялар мен жөндеу жұмыстарының сомасын ұлғайту үшін инвестициялық бағдарламаларды бекітуге табиғи монополиялар субъектілерінің өтінімдерін қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Бүгінгі таңда ҚР ҰЭМ ТМРК аумақтық департаменттерінде тозу деңгейі жоғары табиғи монополиялар субъектілерінің 71 өтінімі қаралуда. Ағымдағы айдың соңына дейін ТМС-тың тағы 5 өтінімі келіп түседі деп күтілуде.

Салалар бойынша жағдай мынадай:

жылумен жабдықтау: 10 өңірден 21 өтінім түсті (Алматы қ, ШҚО, СҚО, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, Жамбыл, Абай облыстары), тағы 2 өтінім келіп түседі деп күтілуде (Павлодар, Жетісу облыстары)

электрмен жабдықтау: 13 өңірден 16 өтінім түсті (Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай, Жетісу облыстары, Алматы қ. және Алматы, Жамбыл, БҚО, СҚО, ШҚО және Абай облыстары)

сумен жабдықтау: 8 өңірден 13 өтінім түсті (Ақмола, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, ШҚО, Абай, Ұлытау облыстары), тағы 1 өтінім келіп түседі деп күтілуде (Алматы облысы).

су бұру: 11 өңірден 21 өтінім түсті (Ақмола, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе, ШҚО, БҚО, Абай облыстары және Шымкент қ.) тағы 2 өтінімнің келіп түсуі күтілуде (Алматы, Түркістан облыстары).

Инвестициялық іс-шаралар, ең алдымен, жергілікті атқарушы және салалық мемлекеттік органдармен (Энергетика министрлігі, ИИДМ, Экология министрлігі) келісілетінін атап өткен жөн. ЖАО және салалық органдар инвестициялық іс-шаралардың техникалық бөлігін қарайды. Оған жөндеу жұмыстарының басымдылығын, құрылғыларды ауыстыру қажеттілігін, тозу деңгейін (инженерлік инфрақұрылымның нақты жай-күйі және т.б.) анықтау жатады.

ҚР ҰЭМ ТМРК өңірлік департаменттерінің міндеті – аталған іс-шаралардың экономикалық орындылығын талдау. Себебі, оның қорытындысы бойынша тариф қалыптасады. Әрбір өтінім ҚР ҰЭМ ТМРК-ның аумақтық департаменттерімен мұқият қаралады және талданады.

Белгілі бір тарифті өзгерту туралы шешім қабылдамас бұрын тұтынушылардың, жұртшылықтың, мәслихат депутаттарының, «Атамекен» ҰКП және БАҚ өкілдерінің қатысуымен жария тыңдаулар өткізіледі. Айтылған пікірлер тарифтерді қалыптастыру кезінде ескеріледі. Сонымен қатар, тарифтердің қалыптасуына әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да әсер етеді, тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмейді, тариф халық үшін әділ және қолайлы болады.

ҚР ҰЭМ жаңа тарифтер тұтынушылардың қаражаты есебінен ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік бюджет және монополистердің есебінен де қалыптасатынын еске салады.