«Қазақстан Мажарстанды Еуропалық одақтағы маңызды перспективалық әріптес ретінде қарастырады», - Ә.Қуантыров

«Қазақстан Мажарстанды Еуропалық одақтағы маңызды перспективалық әріптес ретінде қарастырады», - Ә.Қуантыров

Ұлттық экономика министрі Мажарстанға жұмыс сапары аясында Қазақстан-Мажарстан іскерлік кеңесінің отырысына қатысты.

Әлібек Қуантыров өз сөзінде Қазақстан Мажарстанмен экономикалық қатынастарды жоғары бағалайтынын атап өтті.

«ҚР Мажарстанды Еуропалық одақтағы маңызды перспективалық әріптес ретінде қарастырады. Бүгінгі таңда біздің елдеріміз арасында тұрақты және қарқынды дамып келе жатқан сауда-экономикалық байланыстар қалыптасқанын сеніммен айта аламыз», - деді ол.

2022 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда көлемі 29,1% - ға өсіп, $158,7 млн. құрады.

«Бізде ынтымақтастықты дамытудың зор әлеуеті бар. Атап айтқанда, қаржы саласында, оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығында, ауыл шаруашылығы, энергетика, жүк-жолаушылар әуе тасымалы, IT, экология, гуманитарлық салада айтарлықтай перспективаларды көріп отырмыз», - деді министр.

​Сондай-ақ, ҰЭМ басшысы Қазақстандағы ағымдағы экономикалық жағдай туралы айтып берді.

«Сыртқы жағымсыз факторларға қарамастан, 2022 жылы ел экономикасы 3,1%-ға өсті. Өткен жылғы қаңтар-қарашада сыртқы сауда айналымы 34% - ға өсіп, $122,2 млрд құрады», - деп нақтылады Ә.Қуантыров.

​Министр инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға жеке тоқталды.

«Қолданыстағы заңнама шеңберінде инвесторларға мемлекеттік қолдаудың кең шаралары – салықтық жеңілдіктер, кедендік баждардан босату түріндегі преференциялар, заттай гранттар беріледі. 73 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз режиммен кіре алады. Мажарстан осы елдердің қатарында. Биыл Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде ТОП-43 елдің қатарына енді. Үкімет ҚР инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі Тұжырымдамасын қабылдады. Ол инвестицияларды тарту саясатын қайта қарау жөніндегі шаралар кешенін көздейді», - деп қорытындылады Ұлттық экономика министрі.

Іскерлік кеңес алаңында ҰЭМ басшысы бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Келіссөздер барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Мажарстанның қаржы министрі Михай Варга ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция көлемін ұлғайту және білім беруді дамыту мәселелері қарастырылды.

Сондай-ақ, Ә.Қуантыров Мажарстанның Экономикалық даму министрлігі Өндірістік саясат және технологиялар жөніндегі мемлекеттік хатшысы Гергей Фабианмен кездесті. Тараптар экономикалық реформалар, тарифтік саясат және кәсіпкерлікті дамытуға қатысты пікірлерімен бөлісті.