Сенат «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасын мақұлдады

Сенат «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасын мақұлдады

Парламент Сенатының пленарлық отырысы. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасын және оған ілеспе заң жобаларын таныстырды.

ҰЭМ басшысы атап өткендей, қазіргі уақытта елдің агломерацияларында орталық қала мен оған іргелес аудандар арасында экономикалық дамуда, қаржылық және адами әлеуеттерде белгілі бір теңсіздіктер бар. Негізгі фактор – ірі қалалар мен оларға іргелес аумақтарда халық санының бақылаусыз өсуі болып табылады.

«Соңғы 10 жыл ішінде Астана қаласының халқы 59% пайызға, Алматыда 37%-ға, Шымкентте 67%-ға өсті. Ірі қалаларда халық саны мен жер аумағының өсуі бірқатар проблемаларды тудырып отыр. Олардың ішінде инфрақұрылымның барлық түрлеріне жүктеменің артуы, қаланың шет аймақтарында байламсыз түрде құрылыс салынуы, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының болмауы немесе дұрыс іске аспауы, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауы, инфрақұрылымдық, әлеуметтік, өнеркәсіптік және тағы басқа объектілердің тапшылығы сияқты тағы басқа да проблемалар.», - деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, аумақтардың үйлестірілмеген дамуының негізгі себептерінің бірі - агломерациялардың дамуын реттейтін нормативтік құқықтық базаның болмауы болып табылады. Осыған орай, орталық қала мен оның маңындағы аймақ арасындағы функцияларды заңнамалық тұрғыдан бөлу қажеттілігі туындап отыр.

«Осылайша, үздік халықаралық тәжірибені қолдана отырып, Министрлік тиісті заң жобаларын әзірледі», - деп толықтырды Ә.Қуантыров.

Негізгі заң жобасында «агломерация» терминінің анықтамасы және агломерацияларды анықтайтын тиісті критерийлер енгізіледі. Агломерация құрамын уәкілетті орган – яғни Ұлттық экономика министрлігі қалыптастыратын болады.

Агломерацияларды айқындаудың негізгі критерийлері:

Орталық қаланың әкімшілік мәртебесі

Демографиялық сыйымдылық

Логистикалық әлеует

Экономикалық әлеует

«Заң жобасы қабылданғаннан кейін осы өлшемшарттарға сәйкес «агломерациялар» ретінде Алматы, Астана, Шымкент және, мүмкін, тағы басқа облыс орталықтары да айқындалатын болады», - деп мәлімдеді ҰЭМ басшысы.

Аймақтық деңгейде Жергілікті агломерация кеңестері құрылатын болады. Республикалық деңгейде агломерацияларды дамыту жөніндегі мәселелер Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын Агломерациялар жөніндегі кеңестің қарауына шығарылатын болады.

Өңірлердің әкімдіктеріне 25 қосымша өкілеттік беріледі:

Агломерация аумағында жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешуге қатысу

Тиісті келісімді дайындау және оған қол қою

Жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне қатысу

Агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу

Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары:

Қала маңы аймағын дамытудың Бас жоспарын іске асыру бойынша субъектілердің қызметін үйлестіреді

Бас жоспарының жобасын әзірлеуді ұйымдастырады

Сондай-ақ, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтердің жобаларына келісім береді

Жалпы, ілеспе заң жобасында Бюджет және Жер кодекстеріне, сондай-ақ қолданыстағы 5 Заңға өзгерістер енгізу жоспарлануда.