Астанада Ұлттық экономика министрлігі мен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының бірлескен семинар-тренингі өтті

Астанада Ұлттық экономика министрлігі мен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының бірлескен семинар-тренингі өтті

Іс-шараны БҰҰДБ тәжірибе алмасу және Тұрақты даму мақсаттарының басым бағыттарын талқылау үшін ұйымдастырды.

Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов өз сөзінде БҰҰДБ-ға көп жылғы жемісті ынтымақтастығы үшін алғысын білдіріп, мұндай кездесулер одан әрі қарым-қатынастарды тереңдетуге және нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Таныстыру сессиясында БҰҰДБ командасы түрлі салалардағы бағдарламалардың іске асырылу барысы туралы айтып берді. Сонымен қатар, бірлескен жобалардағы ынтымақтастық механизмі таныстырылды.

Сондай-ақ коммуникациялық менеджмент және шешендік өнер сияқты бағыттар бойынша кәсіби тренинг өткізіліп, бірқатар спорттық және зияткерлік ойындар ұйымдастырылды.

БҰҰДБ Департаментінің директоры Айнұр Баймырза Ұлттық экономика министрлігімен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын атап өтті.

«Біз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық бастамаларын қолдаймыз. Осы орайда құрылымдық өзгерістер аясында және тұрақты даму жолында бірлесіп қол жеткізген нәтижелеріміз бен қалыптасқан серіктестігімізге сүйену керек, - деді ол.

Биыл Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып кіргеніне 30 жыл толды.