Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығының (ОАӨЭЫ) 21-ші министрлік конференциясы өтті

Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығының (ОАӨЭЫ) 21-ші министрлік конференциясы өтті

Іс-шараға Ұлттық экономика министрі – Қазақстаннан Азия даму банкінің басқарушысы Әлібек Қуантыров, ОАӨЭЫ мүше елдерінің министрлері, АДБ президенті Масацугу Асакава және даму бойынша серіктестердің жоғары лауазымды өкілдері қатысты.

Онлайн отырыс барысында ОАӨЭЫ бағдарламасына қатысушы елдер үш негізгі құжатты мақұлдады:

Пандемиядан кейін «жасыл», тұрақты және инклюзивті қалпына келтіруге арналған ОАӨЭЫ-ның негіздемелік бағдарламасы;

ОАӨЭЫ өңіріндегі ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігі үшін ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасы;

ОАӨЭЫ «Жасыл энергия» Альянсының тұжырымдамасы.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, Қазақстан үшін «Жасыл экономика» үлкен өзектілікке ие және Мемлекет осы салада, оның ішінде Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру арқылы үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, Қазақстан ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі саласын дамытуға ерекше назар аударады.

ҰЭМ басшысы мақұлданған құжаттар пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіру және нығайту мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

«Біз АДБ-ның барлық бағыттары бойынша атқарып жатқан жұмысын қолдап, бүгін қарауға шығарылған құжаттардың жобаларын мақұлдаймыз, сондай-ақ АДБ мен ОАӨЭЫ хатшылығының Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығының бағдарламасын іске асыру барысы туралы есепті құжаттарды дайындау жөніндегі жұмысын жоғары бағалаймыз», - деді өз сөзінде Ә.Қуантыров.