ҚР Сенаты Салық кодексіне енгізілген түзетулерді мақұлдады

ҚР Сенаты Салық кодексіне енгізілген түзетулерді мақұлдады

Бүгін Парламент Сенатының пленарлық отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасын таныстырды.

Бірінші блок: еңбекақы қорына жүктемені азайту.

Қазіргі уақытта еңбекақы қорынан мөлшерлемелері, есептеу базалары әртүрлі бірнеше төлемдер төленеді. Бұл төлемдерді бір төлемге біріктіру ұсынылады. 

Әлеуметтік аударымдар мөлшері қызметкерлерге төленетін болашақ төлемдерге әсер ететіндіктен, жүктемені жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отыр.

«Бірыңғай мөлшерлеме міндетті зейнетақы жарналарын енгізуді және әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің өсуін ескеретін болады. Төлемді арнаулы салық режимдеріндегі микро және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданатын болады. Осылайша, бірыңғай төлем салықтар мен еңбекақы төлемдерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді», - деді ҰЭМ басшысы.

Екінші блок: салалық заңнамалардағы өзгерістер.

Конституциялық Соттың құрылуына байланысты Конституциялық сотқа жүгінген кездегі мемлекеттік бажды белгілеу және халықтың әлеуметтік осал топтарын босату ұсынылады.

Жер қойнауын пайдалану саласында 2024 жылдан бастап мемлекеттік балансты жүргізу тоқтатылады. Қорлар жаңа жүйе бойынша бағаланатын болады. Осыған байланысты пайдалы қазбаларды өндіру салығын салу объектісін өзгерту ұсынылады.

Үшінші блок: отандық тауар өндірушілерді ынталандыру.

Балық аулау кәсіпорындары балықты өңдеу кезде қосылған құн салығын 70%-ға азайтуы туралы норма ұсынылады. Қазір мұндай жеңілдікті балық өсіруші қожалықтар қолданады.

«Қант өндірісін ынталандыру үшін шикі қант импортын қосылған құн салығынан босату, сондай-ақ қант өндірушілер үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту ұсынылады», - деп атап өтті Ә.Қуантыров.

Төртінші блок: көлік жүйесін одан әрі дамыту.

Теміржол көлігі саласында нөлдік тарифті қолдана отырып, жолаушылар тасымалдаушыларына магистральдық теміржол желісі қызметтерін көрсету кезінде салық салу мәселелерін реттеу көзделген.

Азаматтық авиация саласында сертификаттар бергені үшін алымдарды алып тастау бойынша нормалар енгізіледі, өйткені қызметтерді өзін-өзі қаржыландыратын ұйым көрсетеді. Транзиттік әуе кемелеріне жанармай құю кезінде қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдануды кеңейту ұсынылады. Қазір жеңілдікті тек әуежайлар қолдана алады.

Автомобиль тасымалдарын дамыту үшін шығарылған жылы 7 жылдан аспайтын ершікті тартқыштарды бастапқы тіркеу үшін алымнан босату ұсынылады.

Бесінші блок: жеке тұлғалардың төлемдері.

Чек бермеу фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы алу, ипотекалық кредит бойынша берешекті есептен шығару, жалдау құнын төмендету және тұрғын үйді жалға алуға бюджеттік субсидиялар алған кездегі салықтық тәуекелдер алып тасталады.

«Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді оңайлату, нақтылау және редакциялық сипаттағы нормалар ұсынылады», - деп қорытындылады Ұлттық экономика министрі.